Мұғалімдер «дәстүрлі шөп шабу» науқанына жегілуде

8215
Adyrna.kz Telegram

Бір айдан кейін жаңа оқу жылы басталады. Үш ай демалыстан кейін жаңа оқу жылындағы жұмысына жаңа серпінмен кірісуге тиіс  ұстаздар тағы да шөп жұлуға жегіліпті. Мұғалімнің шөп жұлып, көше сыпыруға өз еркімен шықпайтынын, мәжбүрлі түрде жегілетіні жұртқа аян. Мұғалімді мұндай қара жұмыс түріне салу заңға томпақ екені талай айтылып, жазылды. Өкінішке қарай, көрер көзге тұрпайы көрініс биыл да жалғасты.

Фейсбук әлеуметтік желісінде шығысқазақстандық ұстаз Мейіржан Темірбек осындай олқы жағдай туралы айтып, «Қазақстанның Білім туралы заңында ұстаздар 1 тамыз нұсқау хат, әдістемелік құрал т.б мектептерге таратылып мұғалімдер қыркүйекке дейін барлық құжаттарын жөндеуі керек. Ал бізде директорлар оны түгендеудің орнына, оны тиісті органдардан сұраудың орнына шөп жұлдырып жүр. Мектеп директоры завхозға айналған» деп өзге аймақ мұғалімдерінен келген хабарлармен бөлісті. Жарияланған ақпараттардан түйгеніміз, еліміздің бірнеше аймағында мұғалімдер шөп жұлуға еріксіз шығарылған. Мұғалімдердің шөп жұлуы туралы ақпарат осы сала  мамандарының наразылығын тудырды. Әйтсе де, әдеттегідей наразы топқа қарсы пікір білдіруші де табылды. «Ұстаз бала оқытумен айналыссын» деген пайымға  Жайна Саметова атты әлеуметтік желі қолданушы: «Мектеп өзіңнің нəпақа тауып, жұмыс істеп отырған ортаң болған соң өз отырған орның мен маңайыңды таза ұстағанда тұрған не бар? Өз оқытып отырған оқушыларыңа үлгі-өнеге көрсетуге тағы да мүмкіндік жасайтын аз-маз шаруаны жарияға жар салмай-ақ істеуге болады ғой. Жазылмайтын заңдар бар. Құс екеш құс та өз ұясын өзі жасап, ішіндегі зиянкес дүниелерді тазалап отырады ғой. Бұл сөзіңді оқушыларың оқыса, олардың қалай қоғамдық көзқарасын дамытасың, қоғамдық еңбекке қалай тəрбиелейсің? Ол менің шаруам емес дейсің бе? Осыдан ұжымда ынтымақтастыққа қалай жүзеге асады? Бірің ойға, бірің қырға тартып отырсаңдар. Майдаланып заң-зəкүнді термелегенше жігіттік бастамашылдық көрсетсең етті.  Шошқа ғана өз орнын ластап, былығып жатады. Ал адам, оның ішінде мұғалім болған соң болмашы нəрседен дау шығарған ұят қой. Одан гөрі ФБ-ға бір үлгілі сабағыңды салсаң, не тəжірибеңмен бөліссең əлдеқайда пайдалырақ болар еді» деп пікір білдірді.

Иә, мектеп әр мұғалімнің жалақы алып отырған жері екені рас. Алайда мектептен берілетін жалақы мұғалімнің пән сағатына, еңбек өтіліне, біліктілігіне қарай өлшеніп, есептеліп беріледі. Қазақстанның ешбір мектебінде мұғалім көше сыпырып, шөп шауып артық айлық алған емес, алмайды да. Соған қарамастан, шөп шабу, көше сыпыруды қоғамдық еңбекпен сабақтастырып, тіпті оқушыға соны үлгі етуді ұсыну қаншалықты қисынды? Оқушы дал-дұлы шығып, көше сыпырып жүрген мұғалімді сыйлай ма, әлде мұнтаздай таза киініп, өз пәнін тереңнен оқытып, үйрететін мұғалімді сыйлай ма?

Жайна Саметованың пікірімен келіспейтінін білдіріп,  бірнеше ұстаз өз ойымен бөлісті. Әйтсе де, оларға «қоғамды өзгертуге ұсынысың бар ма?» деген сауалмен Жайна апайымыз мәселеден шетке ауғандай көрінді. Қоғамды өзгертуге ұсынысты миллиондап жасауға болады. Бірақ сол ұсыныс өзіне сор болып, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шығаратынын ұстаз түгілі, ойын баласы да біледі ғой!? Бұл жердегі негізгі мәселе – мұғалімді еркінен тыс қара жұмысқа жегу туралы. Бұған қатысты заң не дейді? Мектеп нәпақаңды алып жүрген жерің, сондықтан шөбін де жұласың, іші-сыртын да жуып-шаясың дей ме? «Құдай бетін ары қылсын, шөп жұлып жүргенде жәндік шағып алса, өндірістік жарақатқа жата ма? Біраз жыл бұрын мектептің жылыту жүйесін жөндеп жүріп мұғалім қайтыс болды. Мектептің төбесін жөндеп жүрген мұғалім гудронға бетін күйдірді. Спорттық жарысқа бара жатқан мұғалім аварияға түсті оқушылармен. Бәрі бастарын ала қашты. Кінәлі мұғалім болып шықты. Қолдан жасалған газ сварканы пайдаланған, мемлекеттік көлікпен соправождениемен апармаған деген «диагноздар» қойылды. Бастысы оқушы мен мұғалімнің қауіпсіздігі. Әйтпесе шөп жұлмақ түгілі полын жуып, отымен шығып, күлімен кіріп күң болсаңыздар да өздеріңіздің шаруаларыңыз», – дейді ұстаздардың құқықтық сауатына реніш білдірген Мейіржан Темірбек.

Меруерт ХУСАИНОВА

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер