Қазақ тілін қалай реформалауға болады?

2006
Adyrna.kz Telegram
фото: www.tilalemi.kz
фото: www.tilalemi.kz

Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілді заманға сай реформалау керектігі жайлы жиі айтылып жүр. Бұл кешенді шара қалай жүзеге асуы керек? Аталмыш сұраққа Адырна ұлттық порталының тілшісі жауап іздеп көрген еді.

Жалпы, реформа деген не? Бұл ұғымға қарапайым тілмен түсінік бере кетсек. Реформа – белгілі бір саланың қызмет етуі, жаңа қарқында алға жылжып дамуы үшін арнайы нормалық талаптар қойып, сол арқылы аталған салаға түпкілікті өзгеріс жасау дегенді білдіреді. Қазақ тілінің грамматикасы, фонетикасы, жалпы ғылыми тұрғыда барлық ішкі һәм сыртқы жүйесі әбден жетілген. Ол тіл теориялық және тәжірибелік қолданыста өзіндік сара жолын тапқан. Сонымен қатар, мемлекеттік тіліміздің теориялық тұрғыда өзгертуге келмейтін қатаң һәм бұлжымас заңдары бар. Мұның сыртында тіліміздің орныққан ережелерін де өзгертуге болмайтынын баса айтуға тиіспіз. «Сонда реформа неге жасалу керек?» деген сауал өздігінен туады. Тіл реформасы қазақ тілінің қоғамдағы қызметін арттыру бағытында жасалуы керек. Ол реформа тілді қолдану өрісін кеңейтуге бағытталады. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретіндегі өзіне тиесілі мемлекет кеңістігінде кең қолдануы үшін тіл саясатына қатысты түсініктерді қайта саралап, бұл салаға батыл өзгерістер жасаған дұрыс. Бұл қадам мемлекеттік тілдің еркін тыныстатып, тілдің ішіне емес, тілдің сыртқы қоғамдағы қызметін реттеп беруі тиіс. Яғни, реформа тілге емес, тіл саясатына жасалады.

Енді сол тіл саясатына қатысты мәселелерді жіліктеп көрсек. Әңгіменің тізгінін тіл саласы бойынша ең соңғы қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға қарай бұрып көрелік. Бағдарлама «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» деп аталады

Бұл бағдарламаның ауқымы өте кең. Бірақ, сол кең ауқымды бағдарламаны жүйелеу, бағдарламаның тұла-бойына қан жүгірту ісі қолға алынбай келеді. Тіл саясатын реформалау үшін заңдық-құқықтық тұрғыда талап қою тітігі қарастырылмаған. Бізде әр азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Сөйте тұра кей мемлекеттік қызметкердің өзі мемлекеттік тілді білмейтін фактілерден аяқ алып жүре алмайсыз. Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарды былай қойып, тілді жете білмейтін мемлекеттік қызметкерлер жетерлік. Яғни, заң болғанымен талап ету тетігі мүлдем қарастырылмаған. Бұл – бір.

Екіншіден, Қазақстанда жүз елуге жуық этнос өкілдері тұрады. Оларға қазақ тілі мемлекеттік тіл екенін мойындату, насихатау жұмысы кенжелеп қалған. Басқа этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді білмей-ақ еркін өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Яғни, Қазақстан атты бір бұлақтан су ішіп отырған ағайын мемлекеттік тілді үйренуді өзіне парыз санамайды. Мемлекеттік тілді білу әр азаматтың патриоттығын білдіретін нышанға айналмай, осы бағытта идеологиялық насихат жүрмей біз айтып отырған реформа жасалмайды.

Үшіншіден, тәуелсіздік алғалы мемлекеттік тілге қатысты шараларды қаржылық қолдау ісі біржақты ғана жүріп келеді. Мемлекет жылына мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге миллиондап қаржы бөледі. Бұл жұмыс жалпы Отандық ортақ іске айналуы қажет. Еліміздегі ұлттық компаниялар, ірі кәсіпорындар, жеке бизнесмендер, түрлі үкіметтік емес ұйымдары, т.б мемлекеттік тілді дамытуға сөз жүзінде ғана емес, қаржылай да қолдау көрсететін жүйе қалыптастыруымыз қажет. Еліміздегі барлық сала саналы түрде тіл саясатының дұрыс жүруіне мүдделі болғанда ғана реформа жасалады және нақты нәтижелерге қол жеткіземіз.

Төртіншіден, тіл саясатына қатысты жұмыстар жүйесіз жасалуда. Нақты жоспар, нақты алға қойған мақсат жоқ. Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру бағдарламасында қанша жылда қанша адамның мемлекеттік тілді үйренуі керектігі анық көрсетілуі тиіс. Және ол жоспар орындалды ма, жоқ па, бәрі тексеріліп отыруы тиіс. Егер де бөлінген қаржы дұрыс игерілмесе, сала мамандары нақты мақсатына қол жеткізе алмаса, заң алдында жауап беруі қажет.

Бесіншіден, тіл саясатына қатысты реформаны жедел жасауға тіл туралы заңымыз кедергі болып отырғанын айтпай кетуге болмайды. Тіл заңының ескіріп кеткендігі туралы баспасөз беттерінде жиі айтылып жүр. Тілге қатысты заңдардың бәрі де ертеректе қабылданды. Ол заңдарды жазған азаматтар сол кезеңдегі демографиялық ахуалымызбен санасуға тура келгені жасырын емес. Қазақстан мемлекетіндегі қазақ ұлтының үлес салмағы аз, қазақ тілінің жайы мәз болмағандықтан орыс тіліне басымдық берілді. Қазір ол басымдық «ресми тіл» деген атаумен қазақ тілінің аяғына тұсау болып отыр. Біз осылай орыс тілін екінші мемлекеттік тіл деңгейіне көтеріп жібердік. Барлық салада қазақ тілі мен орыс тілінің тең қолданылуы қазақ тіліне деген сұранысты азайтып жіберді. Бұл жағдай таза қазақ тілді қауымның және мемлекеттік тілді білетін 82 пайыз халықтың құқығын аяқ асты етуде.

Бізге мемлекеттің тұтастығы қажет. Біз айтқан 82 пайыз халықтың құқығы қазір тіл айналасынан шу шығарып, ұпай жинағысы келетін әр белсендінің көзіріне айналып барады. Әлдебір мекемеге барып, телефонды қосып алып, қазақ тілінде сөйлеуді талап ететіндердің көбеюі соның айқын көрінісі. Бұл екінші жағынан тіл туралы заңның ескіргенін, бұдан ары қолдануға жарамайтынын көрсетеді. Неге? Қазақ тілін талап етуші «ресми тілде жауап беруге құқым бар» деген жауап алары анық. Бұл бір мемлекеттің азаматтарын екіге қоғамға бөліп, тіл туралы заң сол екі қоғамның арасын алшақтатып жатқанын мойындағанымыз жөн. Бұл жағдай жалғаса беретін болса, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнуі мүмкін екенін ескермей отырмыз.

Тіл – қарым-қатынас құралы. Ол мемлекеттің саясатында да, қоғамда да біреу ғана болуы тиіс. Мемлекет – біреу. Оның тілі де, тілдік ортасы да ортақ болмай, бір идеологияға ұйысу мүмкін емес. Осыны терең түсінер кез жетті.

Қанат Бірлікұлы

Адырна ұлттық порталы

 

Пікірлер