Саяси мәтіндердегі ескі сөздердің жаңғыруы

2935
Adyrna.kz Telegram

Тілдегі ұлттық элементтердің заманға сай берілуі, жаңаша қолданылуы ұлттық тілдің жаһандық толқынға жұтылып кетпеуіне, халықаралық тілдердің көлеңкесінде қалып қоймауына септігін тигізіп, халықтың ұлттық, тарихи, тілдік жадысының жандануына, сөздік қордағы сөз мағыналарының жаңғыруына серпін береді, ұлтсызданған адамдардың типінен құралған қоғамның ауруына дауа болмақ.

Тілдегі ұлттық элементтердің қолданысы жайында профессор Н.Уәли, Ж.Манкеева, З.Ахметжанова, Б.Момынова т.б. ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты талдау жасалады.

Біз бұл мақалада баспасөз құралдарының сайтында кездесетін саяси тақырыптағы публицистикалық мақалаларда кездесетін көнерген немесе пассив сөздердің қолданысы, олардың жаңа мағынаға ие болуы, жаңаша мағыналық реңк алып, жаңғырып қолдануы және бұрынғы жыр-дастандардан мысалдар келтіру арқылы оқырманға белгілі бір сөздің бұрынғы және қазіргі қолданысы туралы мәлімет береміз. Мәселен қазақ тілінде «сауға» деген сөз бар. Бұл сөз қазіргі тіл тұтынушыларының бәріне түсінікті сөз емес. Бірінші топқа бұл сөздің мағынасын, қолданысын анық, жақсы білетін, әсіресе жас шамасы ересек, ақын, жазушы, қазақ тілін ана тілі дәрежесінде, терең түсінетін адамдар, екінші топ бұл сөзді бұрын естіген, бірақ мағынасын дөп басып, дәл айта алмайтындар, әдетте бұлар орта жастағы адамдар, үшінші топқа бұл сөзді бұрын-соңды естіп көрмеген, мағынасын түсінбейтін жас топ өкілдері деп үш топқа бөлуге болады.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дəстүрлі жүйесі» энциклопедиясында сауға сөзінің соғыста түскен әскери олжаның бестен бір бөлігі; соғысқа қатысқан жауынгерлерге берілетін әскери олжа; соғысқа қатыса алмаған адамдарға берілуге тиіс бөлік; өзіне қалаған үлесті сұрап алуына құқылы болуы; ел ішінде кемтар, асыраушысы жоқ, жарлы адамдарға әскери олжадан берілетін қамқорлықтың түрі; тұтқынның бас бостандығын сұрап, өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беру; аң аулағаннан түскен олжа, сыйлық секілді бірнеше мағынасы берілген.

«Сауға сұрау, сауға беру, сауға салды,  сауғалау, сауғашы адам, сауға сұраушы адам, басын сауғалау,  жан сауға, бас сауға, жанын сауғалау, сауғаға әкесінің сүйегін, өзінің бас бостандығын сұрау, бір қасық қанды сауғаға сұрау,» сөз тіркестері мен «Аңшыдан – сыралғы, батырдан – сауға» мақалы, «Сауда жүрген жерде сауға кем» мәтелі, «Сауға берсең өзің бер, Сөйлеп бір тұрған сөзің бер» деп өлеңдетіп сөзін бастау сөз этикеті «Бабалар сөзінің» 100 томдығындағы жыр-дастандарда көптеп кездеседі: «Сауға» деп мына екеуі екеуін ап, Қазанға қазы қосып салып еді («Билер  туралы  аңыздар». БС. 86-том. 16-б.). Қызды алғанын білген соң, – Қарлығажан, сауға, - деп, Қарлығаның алдынан, Қараман кетіп барады («Қобыланды батыр». БС. 35-том. 95-б.). Бір қасықтай қанымды, Сауғаға енді бер, - деді («Алпамыс жыры». БС. 33-том. 140-б.). Қазақ  батырларынан, оның  ішінде  Қабанбайдан  арнап  сауға сұрайды: – Сауға берсең өзің бер, Сөйлеп бір тұрған сөзің бер! - деп  сауғаға әкесінің сүйегін, өзінің бас бостандығын сұрайды («Даңқты  қолбасшылар  мен  батырлар  жөніндегі  аңыздар». БС. 86-том. 278-б.).

Дәстүрлі әлеуметтік институттардың жоғалуымен, ұрыс-шабыс, соғыстың тоқтауымен бұл сөздің көп мағынасы ескіріп, қолданыс аясы тарылып, бүгінгі тілімізде адамның өз басын, жанын өлімнен сақтауға тырысуы» деген мағынасы ғана сақталғанын байқаймыз. Бұл мағынадағы қолданысты БАҚ сайттарда кездестіреміз: «Сот Саакашвилиге сауға бермеді...» немесе «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан Марғұлан Боранбайға сауға сұраймын»; Жаңа сайланатын Президентке сауға «Қара нар керек біздің бұл іске!», «Неге» сайтында берілген «Сауға сұраған сұхбат» деген жаңа қолданысты «сұхбат берушінің бас амандығын, жанына сауға сұрау үшін берілген сұхбат немесе журналистің сұхбат берушіден  қатты қалап сұраған, эксклюзивті сұхбаты» деген екі түрлі мағынада берілген болу керек деген ойдамыз.

Қазіргі баспасөздерде кездесетін бұл мысалдарда «жанын сауғалау, басын аман сақтап қалу» мағынасында қолданылып тұр.

Бұқаралық баспасөз құралдарында ұлттық тілдік бірліктердің, этнографизмдердің, дәстүрлі білімдер жүйесіндегі сөздердің қолданылуы өз оқырмандарына қалыптасқан этностық сана-сезімін дамытып; этностың құндылықтарын, дүниетанымын түсінікті әрі етене жақын етіп, ана тілдің бұлағымен сусындатады.

Саяси мәтіндердің ішінде кездесетін көнерген сөз этнографизмдердің бірі «сауын айту» сөзі. «Қазақ әдеби тілінің 15 томдық сөздігінде» «а) Үлкен ас, ұлы той сияқты үлкен жиындар туралы ел-елге жариялап хабар беру; ә) Жорық, аттаныс жайында алдын ала елге хабар беру»; б) Жұртқа жария салып, жағдайын айту» деген бірнеше мағынасын көруге болады.

Академик Р.Сыздық «Сөздер сөйлейді» деген еңбегінде сауын сөзінің түбірі көне түркі тілдеріндегі саб/сап (sab) дегеннің «сөз, сөйлеу, хабар айту, баяндау» мағынасында қолданылып, бұл мағына бүгінгі «сауын айту, сөз саптау» дегендегі тұрақты сөз тіркестерінің құрамында сақталған деген дәйек келтіреді.  Демек, сауын айту сөзінің мәні – хабарлау. Сауынды кез келген адамға айтпайды, бетке ұстар, беделді игі жақсыларға айтылатын болған. Ф.А.Фиельструптың адайлар мен арғындардың, жалайыр руларының ішіндегі сауын айту дәстүрі жайында жазбалары бар.

Мұса Шорманұлының асында екі облысқа сауын айтып, екі оязнай мен он бес болыс қатысқан үлкен ас берген. «Қозы Көрпеш жырында» «Сарыбай жұрт асқан бай салтанатты, Құдай оған көп қылды қолғанатты. Орманбет би

ноғайдың бір тап елі, Ат шаптырған ас бар деп сауын айтты» деген жыр жолдарынан елдің абыройын асқақтатын үлкен шара болғанын көреміз. Енді бұл сөздің бүгінгі саяси мәтіндердегі қолданысын кездестіре аламыз: «Әлемнің 110 еліне сауын айтылған ұлы жиынға біз «әскери держава», «аспан асты елі» деп дәріптейтін екі дөкей көршіміз шақырылмады».

«Соғыс басталған соң олардың бетпердесі айпарадай болды» деген сөйлемдегі «айпарадай» сөзін бүгінгі оқырманның бәрі түсіне бермеуі мүмкін. Бұл ескі, жергілікті сөздің «тіріліп» жаңаша қолданылып, саяси мақалада «жаңғырып» қолданыс тауып отыр. Бұл сөздің мағынасын «Қыз Жібек» жырындағы  «Айпарадай болыпты, Бәрі де анық көріпті» («Бабалар сөзі». 26-том. 236-б.) қолданыста «анық көріну» мағынасында, «Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде» айпара сөзінің «әшкере, көрнекті, әдемі» деген мағыналары бар екенін көреміз (2005 жыл, 29-бет).

Ақтамберді жыраудың Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екеміз?! Күдеріден бау тағып, Ақ кіреуке киер ме екеміз? деген жыр шумағын «Күлдір-күлдір кісінетіп, «креслоға» мінер ме екенбіз?!» деп ұйқастырып келтіріп, метафоралық қолданыспен оқырманның назарын бабалар тілімен тарту, оқырман санасында тарихи-поэтикалық сәуле шашып, ескі сөздердің жаңғыруына, қолданыс аясының кеңеюіне серпін береді.

Қорыта айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдарында ұлтқа тән бірліктердің қолданылуы, ескі сөздердің «тірілуі», кең қолданыс тауып, мағынасының кеңейіп, жаңғыруы тіл өміршеңдігінің, тіл бірегейлігінің, одан кейін ұлттың бірегейлігінің сақталуына, дамуына әсер етеді. Ұлттық тілдік бірегейліктің өзегі ұлтқа  тән сана-сезімді, дәстүрді білдіретін сөздер мен сөз орамдары. Тілді тұтынушылары этносқа тән тіл бірліктерін түсініп, коммуникацияда, сөйлескенде қолданып, оған жаңаша мағыналық реңк беріп, заманауи мәтіндерде қолданыс тауып жатса тілдің имунитеті күшейіп, ұлттық қалыбы нығайып, заман ағымына ілесіп, дами бермек.

Гүлжиһан КӨБДЕНОВА,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

«Тіл тарихы және түркітану» бөлімінің аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.

Пікірлер