Министрлік қазақ тілін кемсіткен Черчесовтен түсініктеме талап етті

4087
Adyrna.kz Telegram
Фото: meta-ratings.kz
Фото: meta-ratings.kz

Қазақ тілін кемсіткен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов сынға қалды. Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан түсініктеме беруді талап етті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Қазақстан мен Словения матчынан соң өткен баспасөз конференциясында тілшілердің бірі Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қоямын деп, мазаққа қалды. Бапкер тілшіге «сен француз тілінде сұрақ қойып жатсың ба?» деп кемсітіп, французша сөйлей бастады. Бапкердің әрекеті қоғам тарапынан наразылық туғызды. Министрлік бұл жағдайға бейжай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдады.

Хатта мемлекеттік тілдің мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тіл туралы» заңына сәйкес жоғары тұратыны және оған барлық азаматтың құрмет көрсетуі керектігі айтылған. Сонымен қатар федерациядан осы оқиғаға түсініктеме беру және С.Черчесовпен мемлекеттік тілге құрмет көрсету туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу талап етілді.

«Біз мұндай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз ету үшін федерация тарапынан тиісті шаралар қолданылуы керек деп санаймыз.

Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы Министрлікке бағынысты ұйым емес екенін, тиісінше оның ішкі мәселелеріне араласа алмайтынын, дегенмен Қазақстандағы спорт саясатын қалыптастырып, жүргізетін ведомство болғандықтан, түсініктеме талап етуге құқылы екенін қаперге саламыз»,  делінген хатта.

Министрлік осы жазба арқылы еліміздегі өзге федерацияларды да мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға және оларға қатысты орынсыз қалжыңның алдын алуға шақырды.

Пікірлер