Ана тілі – қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек.
* * *
Миллетке бек зор үміт – шәкірт халқы.
* * *
Байқаймысың, біздің қазақ ән құмар халық. Газет оқып, не шариғат, не насихат айта бастасаң, құлағын салар-салмас шеттеп кетеді. Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиылып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтшы-айтшылап жанын жағасына келтіреді.
* * *
Молдалар! Жас балаларды ән үйренуге қызықтырыңдар! Жаңа шыққан елдердің жүрек жандыратындарынан үні жақсы балаларға ән салғызып қойсаңдар – ау! Шіркін, қандай өтімді! Өлең айтушы әнпаз адамдарды жұртқа есерсоқ деп көрсетпей, есті деп, қадірлі деп көрсетуге тырысыңдар...
* * *
Европа жұртының қазақ халіндей халінен – мыңдап жылдарды өткізіп барып жеткен осы күнгі біз сұқтанатын халіне – қазақтың жетуіне мыңдап, жүздеп жылдар керек емес, ондап, жиырмалап, көп болса отыздап жылдар керек. Европа халқының көп жылда жеткен жеріне біз аз жылда жетеміз. Себебі: олардың даярлап салып қойған жолымен барамыз.
* * *
20-30 жылда Еуропаның білгенін біліп, Европа қатарына қосылып кете алуымызға тарихтан япондар мысал бола алса керек. Мұнан 58 жыл бұрын 1860 жылдағы япондар жайы – осы күнгі біздің қазақтың жайынан неменесі артық еді? Қайта ол кездегі япондардың есуасы болса да, атадан баласына мирас болып көшіп отырған – даймиос (Губернатор) шо гундеріндей (Наместник) кесел біздің қазақта аз еді.
* * *
Адам баласының ауыр күн көрістен құтылып, бақытты болуына себеп болатын Европадағы ғылымды мен екі жікке айырып ұғамын, бірі – дене азығы, бірі – ар азығы.
* * *
Ар азығынсыз – құр өнердің өсуімен басқалардың бақытты бола алмағаны секілді келешекте қазақ та бақытты бола алмайды. Ілгері кеткен жұрттардың тарихының қатесін енді ілгерілейін деп тұрған жұрттар істесе, көре біле – отқа түскендік болады. Тарих ғылымының пайдасы да алдыңғының қатесін кейінгінің істемеуінде.
* * *
Ердің еңбегін ел білерлік заман бізге де болар ма екен? Біздің еңбекшілерімізге де сондай күн туар-дағы! Бірақ қашан, қашан? Қайда?
* * *
Бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да көтеремін. Бірақ көңілім оқуда болмақ.