Мен Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы НЗМ-ң 8D сынып оқушысы Амирханова Тилектес, Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі «Ауылдағы екі апта» әлеуметтік жобасы аясында Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында болдым. Ауылдың тыныс-тіршілігімен толықтай таныстым.
«Ауылдағы екі апта» әлеуметтік жобасының негізгі мақсаты – ұмытылып кеткен немесе көптен көрмеген ауылдағы ағайынмен қауышу, ауылдың тұрмыс-тіршілігімен танысып, оқушы бойына рухани құндылықтарды сіңіру және оқушыны еңбекке баулу. Осы жоба аясында оқушы екі апта ауылда болып, ата-әжесіне немесе тумаларына барып, сол ауылдың тіршілігімен танысып, шығарма дайындауы қажет.
Ауыл деген әр бала үшін ерекше ыстық қой шіркін! Ойын-сауық, қымыз-қымыран, қауын-қарбыз... Ауыл дәруменге бай. Теңіз, бау-бақша, жеміс-жидек... Ауыл осы аяулы есімдер мен сөздерді өзіне қамтып тұрғандай. Ауыл дегенде айтылар әңгіме бөлек. Жаз келсе болды, ауылға асығамыз да тұрамыз. Ондағы адамдар өте қонақжай. Бара қалсаң, бәрі мәз-мейрам болып, сені күтіп алады. Ауылдағы достарым да жаз келсе, бізді асыға күтетін.
Ауылдың бәрінен де табиғаты ұнайды. Көктің иісі сіңген таза ауа мені бір керемет күйге бөлейді. Үйлердің баулары бау емес, орман-тоғайдай. Жемістері қашан көрсең самсап пісіп, жерге домалайды да жатады.
Таңертеңгілік мен ата-әжеммен ерте тұрып, мал қораға барып, малды жайылысқа шығарысуға көмектестім. Таңғы самал шөптің иісі аңқып тұрады ғой шіркін!! Әжеммен тезек илесіп, оны кептірдік. Тезек кепкесін қысқы отынға жинап қояды екен. Кешкісін, сиырлар жайылыстан келісімен, су беріп, қораға қамаймыз. Әжем сүтін сауып алады, атам бұзауын жіберіп тұрады, ал мен қастарында еркелеп көмектесіп жүрдім.
Таңертеңгі салқынмен бақшаға кіріп, піскен жеміс-жидек, қызанақ, жүзім, алмұрт, алмаларды теріп алып, сырттарын жуып, дастарханға қоямыз. Ауылда бәрі өз бақшаларында өседі, қаладағыдай қымбатшылық көрмейсің, қандай керемет!!!
Түсқайта, күннің ыссылығы қайтты-ау деген уақытта ауланың ішін сыпырып, су шашып, салқындатып қоямын. Және теректерді суарып, бақшаға су жіберемін.
Күнде кешкі тамаққа әжем міндетті түрде бізге сақтаған сүрленген еттерінен тәтті тағамдар пісіріп беріп отырды. Мен көмектесіп, еттің нанын жазуды үйрендім. Қазыны қалай пісіру керек екенін үйрендім. Кешкі тамақты үнемі таза ауада, ауланың ішіне астымызға кілемшелерді төсеп, ақ дастарханды жайып, шуласып, азан-қазан әңгімелесіп отырып тамақтанамыз.
Менің ең керемет кездерім деп жазғы мезгіл, ауылдың таза ауасындағы күндерімді айта аламын.
Ауылымның кешкі табиғаты мүлдем өзгеше. Алыстан шаңдарын көтеріп малдар өрістен келеді. Барлығы төлдеріне сүттерін толтырып ала келеді. Бұл көріністі анамыздың бізге дүкеннен тәттілерді әкелгеніне ұқсатамын. Осымен, «Ауылда екі апта» жобасын тәмәмдаймын. Мен үнемі туған елімді мақтап жүремін. Сіздерді де осыған шақырамын. Өскенде өз ауылымның көркеюіне өз үлесімді қосамын деп сенемін.
"Ауылымның гүлденгені - Қазақ елінің гүлденгені "- деп ойлаймын.
Ақтау қ-ғы Химия-биология бағытындағы
НЗМ-ң 8D сынып оқушысы
Амирханова Тилектес
Жетекшісі: Амантұрлы Әйгерім