Кері байланыс
+7 707 676 6977
adyrnaportal@gmail.com

Қазақтың төрт құбыласы қашан теңеледі? Бақытты елдер қатарына қашан қосыламыз?

4328
Adyrna.kz Telegram

Қазір отбасылы, тұрақты жұмысы бар, дені сау адамды төрт құбыласы тең санайды. Алайда әлеуметтанушылар олай емес дейді. Қазақтың төрт құбыла дегені не?

Бақыт өлшемі әртүрлі

Әлеуметтанушы Нұрболат Әйекешовтың айтуынша, өзін бақытты сезінетіндерді де төрт құбыласы тең адам қатарына жатқызуға болады.

– Ол бір сәттік те болуы мүмкін. Сондықтан адам өзін қаншалықты бақытты санаса, соншалықты төрт құбыласы тең адам ретінде сезінеді. Алайда дәл қазіргі кезеңде адамның төрт құбыласы әлеуметтік жағдаймен өлшенеді. Өйткені әлеуметтік жағдайы жақсы адам арман-мақсатына тезірек қол жеткізеді.

Тұрмысына қанағаттанбайтындар көп

– Ал қарапайым адамдар көбіне өздерін бақытты сезіне алмайды. Табысының аздығынан немесе арманына қолы жетпегендіктен өзін бақытсыз сезінетіндерге қатардағы мемлекеттік қызметкерді, қарапайым жұмысшыны, жұмыссыз жүрген ер адамдарды жатқызуға болады. Олар өз өміріне өздері разы болмай жүреді. Мұндай ойдың қалыптасуына, тіпті, нақты бір идеологияның болмауы да кері әсерін тигізетіндігі анық.

– Сонымен қатар әлеуметтік желіде жастардың көбі шетелден білім алып, шетелде өмір сүруді армандайтыны туралы жазып жатады. Ол жақта әлеуметтік жағдайлары жоғары болмаса да, өздерін бақытты сезінеді. Өйткені онда адам, адами құндылықтар жоғары бағалағанады. Сондықтан ол жақтағылар өздерін төрт құбыласы түгел бақытты адамдармыз деп санайды, – дейді Нұрболат Әйекешов.

Қазақстан бақытты елдер тізімінде 60 орында тұр

2017 жылы The Happiness Research Institute өкілдерінің жүргізген зерттеулер нәтижесі бойынша әлемдегі ең бақытты адамдар Финляндияда тұрады. Екінші орында Норвегия, ал үшінші орында Дания. Рейтингте бақытты деп бағаланған елдердің басым бөлігі Еуропада орналасқан.

The Spectator журналы жариялаған басқа рейтинг бойынша бақытты елдер ішінен Норвегия бірінші орында. Екінші орында Дания, үшінші орынды Исландия иеленген. Бірақ екі зерттеу нәтижесінде де Қазақстан 60 орында тұр.

Бір қызығы, соңғы үш жылда жасалған зерттеу нәтижесі бойынша Дания, Исландия, Швейцария елдері алдыңғы үштікте сәл ғана бал айырмашылығымен орындарын ауыстырып отырған. Норвегия төртінші орынды иеленіп келген. Ал Қазақстан 2015-16 жылдары 54 орында болғанмен, 2017 жылы 157 мемлекеттің ішінде 60 орынға түсіп қалған.

Көрші мемлекеттердің ішінде Өзбекстан 47 орынды иеленсе, Ресей 49 орынға жайғасыпты. Ал ең бақытсыз елдер қатарына Африкадағы Бурунди елі мен Сирия кірген.

Зерттеуге 155 елдегі жағдай қарастырылған. Адамдардың өздерін бақытты сезінуіне елдегі жоғары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш басты себепші болған екен. Сонымен қатар рейтингті есептеу кезінде елдегі тұрақтылық, адам бостандығы, қауіпсіздік, жұмыспен қамтылу, болашаққа деген сенімділік, жемқорлық деңгейі және адамдардың бір-біріне деген сенімділігі сияқты көрсеткіштер ескерілген.

Әлемдегі ең бақытты он елдің тізімі

Әлемдегі ең бақытты он елдің тізімі / Ғаламтордан алынған скриншот

Жиреншенің жауабы

Қазақ халқында төрт құбылаға қатысты неше түрлі аңыздар бар. Жиренше мен Жәнібек хан туралы аңыз-әңгіме кең таралған.

Жәнібек хан бірде Жиренше шешеннен:

– Бұл дүниеде кімнің төрт құбыласы тең болмақ? – деп сұрайды. Сонда Жиренше шешен:

– Бұл дүниеде жүйрік аты, қыран құсы бар, өзі сұлу, өзі мінезді қатыны, бес атар мылтығы бар жігіттің төрт құбыласы тең болады, ханым, – депті.

Яғни, төрт құбылаң тең болса, бақыт та, береке де болады дегені екен.

Құбыла неге төртеу?

Тарихшы, этнограф Құралай Сәрсембина көшпелі өмір сүргендіктен қазақ адам мен табиғаттың жарастығына ерекше мән берген дейді.

– Төрт саны мифологиялық түсінікте тұрақтылық, тұтастық деген мағынада ұғындырылады. Мысалы, төрт құбыласы, төрт көзі түгел, жылдың төрт мезгілі, дүниенің төрт бұрышы деп жатады. Төрт құбыла түсінігі әлемнің тұтастығын білдіреді. Төрт саны алдымен дүниенің төрт бұрышы – оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыспен байланысты.

Ал, құбыла сөзі – қасиетті мекен деп зерделесек, ата-бабаларымыздың төрт құбыласы түгел деген даналығының мәнін тереңде жатқанын ұғынуға болады. "Төрт құбыласы түгенделді. Яғни, төрт жағы да құбыла болып толды. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ күйге жетті" деген жолдарды әдеби шығармалардан жиі кездестіруге болады, – дейді ол.

Қазақта төрт санына қатысты төмендегідей ұғымдар қалыптасқан:

Төрт тұлға. От, су, жел, жер.

Төрт құбыла. Шығыс, оңтүстік, батыс, солтүстік.

Төрт маусым. Көктем, жаз, күз, қыс.

Төрт бұрыш. Шығыс елі дүниенің төрт бұрышы деп Шын – Машын (Үндістан), Мысыр, Рұм, Еуропа елдерін айтқан.

Төрт түлік. Түйе пірі – Ойсыл қара. Жылқы пірі – Қамбар ата. Сиыр пірі – Зеңгі баба. Қой, ешкі пірі – Шопан ата, Шекшек ата.

Төрт мұрат:

  • Дау мұраты – біту.
  • Саудагер мұраты – ұту.
  • Қыз мұраты – кету.
  • Жол мұраты – жету. (Сырым батыр).

Төрт мүлік. Бас – сандық. Тіл – кілт. Қол – мүлік. Аяқ – азамат.

Төрт қорлық. Шақырылмаған жерге бару. Бейбастық сөйлеу. Дұшпаннан жәрдем күту. Сараңнан қажет сұрау.

Қазақ, тіпті, бала санына да қатысты жорамал жасаған. "Бірінші бала – үй баласы, Екінші бала – ауыл баласы, Үшінші бала – аймақ баласы, Төртінші бала – ел баласы" деп төрт баласы бардың төрт құбыласы тең болады деген нанымды қалыптастырған.

"Төрт құбыласы түгел" деген бағаны халық берген

– Бұл сөзді халық айтқан. Себебі, халықтан артық сыншы жоқ. Халық құрметтеп, "төрт құбыласы түгел" деп айтатын жанға байлық, атақ-дәреже, шен-шекпен алғандардың бәрі жатпайды. Мал-мүлкі аз, атақ-дәрежесі болмаса да өмірде адалдықпен, жақсы үлгі-өнегесімен аты шыққан, ұрпағына ізгі тәрбие беріп, қоғамға баға жетпес пайдасын тигізген адамдарға "төрт құбыласы түгел" деген баға берілген. Абай ғұламаның да "толық адам" дегені – "төрт құбыласы түгел" дәрежесіне жеткендерді айтқаны. Сонымен қатар "Төрт құбыласы түгел" түсінігі "қайда барса да жолы ашық" деген мағынаны білдірген, – дейді тарихшы-этнограф Құралай Сәрсембина.

Қазақ үйді де төрт құбылалы етіп салған

Қазақтардың кесенесін зерттеумен айналысып жүрген тарихшылар кесенені дөңгелетіп, ал үйді төрт бұрыштап салуы жайлы былай деп пайымдайды: "Ата-бабаларымыз кесенелерді тарихи тұлғаларға және бірін-бірі шын сүйген ғашықтарға салып отырған. Оған тарихтың өзі куә.

Біздің елде Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Айша бибі, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Ы. Алтынсарин, М. Дулатов тағы да басқа жүздеген сәулетті кесенелер баршылық. Бірақ бар мәселе санында емес, тарихи мағынасында болып тұр. Олардың биіктіктері де, көлемдері де әртүрлі болған. Қазаққа тән ұлттық нақышын сақтаған.Халқының тағдыры үшін істеген еңбектері мен таза махаббаттарын үлгі ететін адамдардың кесенелерін биік етіп салған.

Қазақтың "Төрт құбылаң тең болсын" деген сөзінің мағынасына көңіл бөлсек, жалпыға бірдей тамдардың төрт бұрышты болып келетінін білдіреді. Қарапайым халық негізінен осы төрт құбылалы тамдарды салған. Бір жағынан өміріңнің де барлық жағы тең, дұрыс болсын дегенді білдіргендей".

Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесі

Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесі / Фото ғаламтордан алынды

Қазақтар ишарамен білдірген

Батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова "Бабалар аманаты" деген кітабында қонаққа қойдың басын тартқан кезде өзі жіберген төрт қателігін тізе келе, былай деп жазады:

"Басты қасқалап әкелудің көнекөздер болмаса, көпшілік біле бермейтін жағын, өзіндік мағыналы ырымын да айтайын. Қазақтар – талай нәрсені ым, тұспал, ишара арқылы білдірген текті халық. Ал төртінші қателігің – басты қасқаламай әкелгенің. Талайлар мұның мәнін ұқпайды. Ол – "төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын" деген ізгі тілек".


 Ләйлім ӘУБӘКІРОВА,

informburo.kz

Пікірлер