Атыраудан табылған альбареллоның сыры

3317
Adyrna.kz Telegram

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорын  толықтырған құнды жәдігерлердің бірі Сарайшық қаласының қазбасынан табылған қыш ыдыс – альбарелло. Қазба жұмысы кезінде (2017ж.) тандыр пештің түтін жүретін арнасынан бүтін күйінде табылған болатын.

Қыш ыдыстың тұлғасы цилиндр пішінді, түбі сақиналы тұғырлы келген, айырықша кең мойынды. Ыдыс сарғыш топырақ түстес сырмен сырланған. Сырлы ыдыстың тұлғасы оюлы композициямен көркемделген. Тік тілік сызықтармен сызылған төрт жолақтан тұрады, арасына көлденең бөлінген екі трапеция түріндегі белгіні штрихтап орнатқан. Жоғары жағында төртжапырақты гүлді фриз жүргізілген. Иық бөлігі тік сызықтармен секторларға бөлінген, бұл белдеу 20 трапециядан тұрады. Мойны шырша тәріздес өрнекпен әшекейленген. Сірә, оюлар жүйесі ыдыс міндетіндегі жалпы логиканың мән мәтінінде оқылса керек.

Альбарелло - дәрілік майлар мен сұйықтықтарды сақтау, тасымалдау үшін жасалатын арнаулы ыдыс. Бұл ыдысты ортағасырларда Ұлы Жібек жолы бойындағы Сарайшыққа Қырымнан әкелген болуы мүмкін деп жорамалдаймыз. Өйткені сол кездерде Қырым жағалауында Генуя колониялары болғаны мәлім. Ал альбарелло әлемде еуропалықтардың, әсіресе италиялықтардың технологиясы бойынша дайындалған өнім ретінде есептеледі. Бірақ, ыдыстың Сарайшықта жасалу мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды.

Альбарелло атауының мағынасы туралы айта кетсек, біздің мұнайлы өңір адамдары үшін «баррель» сөзі  біршама таныс болар. Мұнай көлемінің өлшем бірлігін баррельмен есептейді. Баррель ағылшын тілінде «бөшке» деген сөз. Бұл сөз ағылшын тіліне көне француз тілінен енсе, өз кезегінде француздарға араб тілінен кірген. «Әл» деген араб тіліндегі көмекші сөз өзінен кейін келетін сөздердің түсіндірмесі ретінде қолданылады.

Альбарелло ыдысының пішіні де бөшке түрінде жасалғаны біраз жайды аңғартса керек.

Пікірлер