Төтенше жағдай кезінде Шымкенттегі білім беру мекемелері қалай жұмыс істейді?

5073
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте 5 қаңтардан бастап енгізілген төтенше жағдайға байланысты оқушылар мен студенттердің қысқы демалысы ұзартылды. Ал балабақшалар штаттық режимде жұмыс істейді. Сонымен қатар 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өткізілуге жоспарланған Ұлттық бірыңғай тестілеуге де өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат ТӘЖИЕВА мәлімдеді.

Жанат Арысбекқызы ҚР Білім және ғылым министрлігінің тікелей бұйрығымен мектептерде қысқы демалыс 17 қаңтарға дейін, ал колледждер мен ЖОО студенттерінің демалысы 24 қаңтарға дейін ұзартылғанын жеткізді. Елімізде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты 2022 жылғы 10 қаңтар мен 10 ақпанға жоспарланған ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі - ҰБТ) 25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында өткізілетін болады. Бұл ретте, 11 қаңтар мен 24 қаңтар аралығындағы жоспарланған ҰБТ келесі күндерге:
- 11 қаңтарда өткізілетін ҰБТ 29 қаңтарға;
- 12 қаңтардағы ҰБТ – 5 ақпанға;
- 13 қаңтардағы ҰБТ – 11 ақпанға;
- 14 қаңтардағы ҰБТ – 12 ақпанға;
- 15 қаңтардағы ҰБТ – 21 ақпанға;
- 17 қаңтардағы ҰБТ – 14 ақпанға;
- 18 қаңтардағы ҰБТ – 15 ақпанға;
- 19 қаңтардағы ҰБТ – 16 ақпанға;
- 20 қаңтардағы ҰБТ – 17 ақпанға;
- 21 қаңтардағы ҰБТ – 18 ақпанға;
- 24 қаңтардағы ҰБТ – 19 ақпанға шегерілетін болады. Ал, басқа мерзімге жоспарланған ҰБТ өз уақытымен өтетін болады. Сонымен қатар, ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау мерзімі 2022 жылғы 21 қаңтарға дейін ұзартылатынын атап өтті.

– Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім алушылары мен мектеп оқушыларына ҰБТ мерзімінің өзгергені туралы хабарлаймыз. Тестіленуші өзгерген тестілеу күнімен жеке кабинетінен таныса алады. Президентіміз Қ.К. Тоқаевтың сын сағатта жанымызда болып, барлық ахуалды бірден бақылауға алып, халқына арнаған Үндеуін тыңдап, жағдайдың жақсаратынына сендік. Егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналатынымызға сенеміз. Қаламыздағы жағдайларға байланысты ата-аналарға балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етулерін, үйден шығармай ұстауларын және үнемі ересек адамдардың жанында болуын қадағалауларыңызды сұранамыз, - деді Ж.Тәжиева.

Пікірлер