Диас Нұрақын: "Шин-Лайнның" бар былығын тексеру керек!

3438
Adyrna.kz Telegram

Еліміздегі ең ірі балмұздақ өндіруші компания қоршаған ортаны бүлдіруін қоятын емес. «Шин-Лайннан» шыққан гавновоздар бар қалдығын орталық кәріз жүйесіне құйып кетеді екен. Химиялық қоспа, түрлі бояушылар қолданатын кәсіпорынның өз кәрізі болуы тиіс. Бірақ Шин-Лайн экологияны емес қалтаның қамын ойлайтын сияқты.

Соңғы уақытта бұл компанияның басы даудан арылмай келеді. Осы жазда Іле ауданында жаңа зауытының құрылысын жүргізіп жатқан «Шин-Лайн» жол бойындағы ағаштарды отап тастаған. Қоғам белсенділері мен экологтар компания былығын айтып, оның өніміне байкот жариялауды сұрады. Ақырында аллея жасайсыз деп жеңіл құтылып кетті. 150 түп ағаш оталып, орны көк шаңға көміліп жатыр. Көліктер ағылып жатқан күре жол бойында аллея салу қай данышпанның қиялына келді екен? Сол жағы түсініксіз.

Тағы бір дерек. Шин-Лайнға қарасты компанияда жұмыс істеп, өндірістік жарақат алып, ақыры саусағынан айырылған Жарас Тұрсынбаевтың жанайқайы елеусіз қалды. Қақпаған есігі, тоздырмаған табалдырығы қалмады. Отбасының жалғыз асыраушысының өміріне алаңдап жатқан ешкім жоқ. Ол бұл компаниядағы еңбек қауіпсіздігі мен адам құқығы сақталмайтынын айтып қоғамнан араша, Шин-Лайннан өтемақы талап етіп еді. Арызы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетіне жеткенмен, олардың азуы батпай ма, әлі күнге түлкі бұлаңға салып, оның ісін ашық қарап жатқан жоқ. Жарас секілді жарақат алған басқа да адамдар да жетерлік. Шағым айтып барса қорқытып, үркітіп үндерін шығармай тастайтын көрінеді.

Үшіншіден, бұл компания өзіне сүт өткізіп келген Алматы облысының жүзге жуық фермерін лақтырып кетіпті. Ала жаздай адал еңбегімен өнімін еш күдіксіз беріп келген шаруалар, Андрей Шиннің серіктес фирмасы жеме-жемге келгенде өздерін банкрот жариялап, жоқ болып кеткенін алға тартады. Тіптен, сотқа да жүгінген. Оларға кемі 70 млн теңге берешек. Бірақ, бұл тақырып та белгісіз себептермен жылы жабылды.

Төртіншіден, о баста Қырғызстан нарығында жұмысын бастаған компанияның былығы шаш-етектен. Балмұздақты қандай антисанитариялық жағдайда сақтағанын айғақтайтын бірнеше сюжет шығып,  Қырғыздар бұл компанияны қуып шыққан. Ал, біздегі балмұздағы қандай сапада шығып жатқанын тексерген орган бар ма? Айыр қалпақты ағайындағыдай мерзімі өткен өнім сөреде тұрған жоқ па?
Осының бәрін көре біле тұра компания ашық жауап беруден жалтарады. Сондықтан құзырлы органдардан Шин-Лайнның бар былығын тексеріп, шара қолдануды сұраймын.

 

Диас НҰРАҚЫН.

Пікірлер