Ерлікке пара-пар іс

4676
Adyrna.kz Telegram

ҚР ҰҚК Шекара академиясының 2011 жылғы түлегі майор Ақыбаев Бауыржан Мырзабекұлы ойламаған жерден белгісіз азаматтың заңсыз әрекетін әшкереледі. Көзі қарақты оқырманға түсінікті болу үшін оқиға желісіне тоқталайық.

2021 жылдың қарашасында шамамен сағат кешкі 23.00 кезінде жеке жұмыстарымен жүрген әріптесіміздің қасына белгісіз бір азамат келіп жағдайын айтып көлігімен жақын маңдағы Каспий банктің бөлімшелерінің біріне апарып тастауды өтінеді. Ойында ештеңе жоқ шекарашы көлігіне отырғызып жолаушыға көмектеспекші болады. Жол үстінде әлгі азамат өзінің жеке басында қуанышты жағдай болып жатқанын және ақшасы таусылғанын, ұялы телефонының бұғатталып қалғаны мен қуаты таусылып бара жатқанын сөз етіп, тағы да көмектесуін өтінеді. Қозғалыс барысында майор Б.Ақыбаев онымен әңгімелесіп одан алған мәліметтер бойынша іштей талдау жасап, күдіктінің әр бір іс-қимылын жіті бақылай бастайды.  Каспий банкке жете бергенде жаңағы жігіт өзінің төлемақы картасынан ақша шеше алмай тұрғанын тілге тиек етіп, Бауыржанның ұялы байланысындағы «Каспий  банк» қосымшасы арқылы  шешіп беруін өтініп ақшалай (120 000 теңге) аударады. Бауыржан Мырзабекұлы кәнігі шекарашы емес пе, аталмыш азаматтың әр іс-әрекетін мұқият бақылап,  күдіктенді де, оны полиция бөліміне тапсыруға бел буады. Содан кейін оны түсіріп, өзінің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғанына қарамастан қоян-қолтық ұрыс әдістерін қолдану арқылы қолын бұрап тұрып артына қайырады. Дереу патрульдік полицияны шақырып, істің мән-жайын егжей-тегжейлі баяндайды.

Полиция қызметкерлері келіп күдіктіні Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция бөліміне жеткізіп, оның расымен де бұрын істі болған қылмыскер екенін анықтайды. Кейіннен белгілі болғандай әлгі азамат дәл сол күні кешкі сағат 21.30-дар шамасында «Сайран» автобекетінің маңайынан біреудің ұялы телефонын ұрлап, оның ішіндегі «Whats up» әлеуметтік желісі арқылы телефон иесінің анасымен ұлының атынан сөйлесіп, өзінің полицияға түсіп қиын жайдайға тап болғанын, сол үшін шұғыл түрде ақша керектігін айтып, алаяқтық жолмен ақша аударымдарын жүзеге асырған екен. Қосымша тергеу-тексеру амалдарының нәтижесінде аталмыш қылмыскердің басқа да бірнеше қылмыстық істерге қатысы бар екені анықталады.

Жоғарыда баяндалған ақпараттарға байланысты Алматы қаласының полиция департаменті Алмалы аудандық полиция басқармасы жанындағы бөлімі ҚР ҰҚК Шекара академиясының бастығы полковник П.Поливановқа жоғары басшылық алдында майор Ақыбаев Бауыржан Мырзабекұлына қылмыскерді анықтап құрықтау кезінде батылдық пен ержүректілік танытқаны үшін Қазақстан Республикасы ҰҚК Төрағасының құқығымен марапаттауды ұсыныпты.

Бүгінде майор Б.Ақыбаев Шекара академиясының 1-факультеті (арнайы тактикалық) 1-арнайы кафедрасының (Шекара қызметінің тактикасы) оқытушысы. Өзіне жүктелген жауапты міндетті абыройлы атқаруға дағдыланған Бауыржан Мырзабекұлы  қандай жағдай болса да адамдарға қол ұшын созып көмектесуге дайын екенін айтады.

«Біреудің баласына зияным тиіп обалына қалдым ба, осы ісім дұрыс па, бұрыс па деп ойланып жүргенін жеткізді.  Менен басқа біреу болса да осындай әрекетке барар ма еді?», - дейді ол бізге берген сұхбатында ойлы жүзбен.

Сөздің шыны керек, негізінде мұндай қауіптілігі басым тәуекелге екінің бірі бара бермейтіні анық. Әйтсе де, шекарашы қоғамдық қауіпсіздіктің алдын алып ерлікке пара-пар іс істегенін мақтан тұтып отырған жоқ. Өз өмірін қатерге тігіп, танымайтын азаматтың қолын қайырып құрықтау ерлік пе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Ж.Жабырбеков ,

ҚР ҰҚК Шекара академиясының

Баспасөз хатшысы

 

Пікірлер