Еркебұланның жиырма көгершіні, төрт жүзге жуық бөденесі бар

2582
Adyrna.kz Telegram

Еркебұланның біздің ауылға көшіп келгеніне көп уақыт болған жоқ. Қашан көрсең үй шаруасына көмектесіп жүреді. Достарымен қыдырып, бос жүргенін көрмейсің.

Өткенде жұмыстан келе жатып, Еркебұланды көрдім. Қолында əппақ екі көгершіні бар, «Ақ көгершін, көгершін» деп əндетіп келеді екен. Мені байқайтын емес.

– Сəлем, Еркебұлан! Көгершінің де, əнің де əдемі екен, – деп ем, ұялып қалды. Екеуміз үйге жеткенше əңгімелесіп бардық. Оның жиырма көгершіні, төрт жүзге жуық бөденесі бар екенін сол кезде білдім.

– Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарасты Мақаншы ауылында дүниеге келдім. Алматыға 2014 жылы отбасымызбен көшіп келдік. Күзде ағам бір жұп көгершін алып келді. Қызығушылық содан басталды. Менің құстарға қамқор болғаныма риза болды ма, қыста ағам тағы бір жұп көгершін əкелді. Көктемде балапандап, көбейе түсті. Бірін сыйға беріп, енді бірін сатып жібердік. Тауық сияқты жем талғамайды, кез келген дəнді жей береді. Күн жылы кезде далаға шығарамын.

Олар жұп болып өмір сүреді, бір-бірін еш уақытта ауыстырмайды. Егер аналығы өлсе, аталық көгершін басы ауған жаққа ұшып, жұбын іздеп кетеді. Ол да ұзамай ауырып, жоқ болады. Екі жұмыртқа басып, онысы екі аптада жарып шығады. Аталық көгершін ерте жарыққа шығады əрі ірілеу келеді. Аналық көгершін сəл кештеу, нəзік болады. Ұяны адамның қолы жетпейтін, өте биік жерге салады. Мысалы, шатырдың төбесі. Ұя салатын жерді аталық көгершін таңдайды. Тұмсықтарына сыйғанша шөп, таяқ, қамыс тістеп, ұяға тасиды. Бір жерден екінші жерге ұя салмайды. Күн жылы болса, бəрі топтасып, айналып ұшып жүреді. Жұмыртқасын ешуақытта қараусыз қалдырмайды. Азық жинауға, бой жазуға да кезек-кезек ұшады. Біреуі азық жинауға кетсе, екіншісі жұмыртқаны басып отырады. Балапандарына жем бергендері де қызық. Алдымен өздері жеп, шайнап береді. Балапандарына жем жеуді де өздері үйретеді. Қашан ұшып кеткенше, бірге жүреді. Дайын болғанда ұядан итеріп жібереді. Балапан жұмыртқада жайлы жатпаса, дұрыс дамымайды, – деді Еркебұлан.

Ол көгершін туралы көп оқығанын айтады. Спандияр Көбеевтің «Көгершін мен құмырсқа» əңгімесін інісіне жиі оқып береді екен. Інісі Руслан сыныптастарына ағасының құмырсқаға көмек берген көгершінді өсіретінін айтып, жиі мақтанатын көрінеді.

– Көгершіндер əртүрлі болады. Менікі – павлин. Асыл тұқымға жатады. Адамдар сəн, əдемілік үшін асырайды. Құйрығы жайылып, əдемі көрінеді. Сол үшін павлин деп атаған. Сорпасы суық тиіп, ауырған адамға пайдалы. Мені алыстан таниды. Ұяға кірсем, қуанып, қанатын қомдап, алдымнан шығады. Ал басқа адам кірсе, дыбыс шығарып, ұшып кетеді. Көңіл-күйлері жақсы болса, ысқырсам билеп, жоғарыдан төменге қарай құлдилай ұшып, өздерінше өнер көрсетеді. Кейде жабайы көгершіндер ұшып келеді. Бірақ павлин көгершіндер олармен дос болмайды.

Көгершінді табыс көзіне айналдыруға болады. Ол үшін жақсы күтім, ерекше ықылас керек. Көбіне павлин көгершіндер циркте өнер көрсетеді. Себебі əдемі əрі ақылды. Цирк əртістері іс-қимылдарды балапан кезінде үйретеді. Екі жастың шаңырақ көтерген тойында сəн үшін тапсырыс береді. Бұл махаббатқа, сезімге адалмыз дегенді білдірсе керек.

Бірде ағам досының тойына екі ақ көгершінді алып кеткен. Той үстінде жастар көгершінді тым алысқа ұшырыпты. Ағам болғасын, ренжігем жоқ. Бір аптадан кейін көгершіндерім үйге қайтып келді. Бəріміз қуандық. Кейін есептесек, қос көгершін 20 шақырымдай жолды жүріп өтіпті. Құс болса да, туған жеріне деген құрметі, сағынышы өте күшті. Олар қырғидан қатты қорқады. Алыстан тез таниды. Қауіп төнсе, ұясына тығылып, көпке дейін шықпай қояды. Ұяны да кішкентай етіп, қырғи кіре алмайтындай жасайды. Көгершін алғаш балапан басқанда, көп нəрсені білмейтінмін. Қызықтап, ұясына жиі қараймын. Бірақ орнынан жылжымайтын. Сөйтсем, балапаны тоңып қалмас үшін жылытып отырады екен. Орнынан қозғамақ болғанымда, өзіме қарсылық көрсетіп, шоқып алғаны бар. Осыдан кейін мазаламайтын болдым. Өздеріне қауіп төнсе де, балапандарын қалдырмайды. Жылына көктем-жаз айларында екі жұптан алты балапан шығарады. Кейбір əлсіз балапандар ұяда өліп қалады. Көгершінге қызығатын балаларға осы павлин дұрыс. Өйткені өсіру жеңіл, тез үйренеді. Балапан қай ұядан шықты, сол жерді ешқашан ұмытпайды, – деді ол.

Алға қойған жоспары туралы да сұрадым.

– Туыс əпкеміз асқазаны ауырып, жиі ауруханада жататын. Сол əпкеміздің дертінен айығуына бөдене көмектесіпті. Ағам бөдененің балапанын алып келді. Бөдененің бір апталық, он күндік жəне бір айлық балапандары бар. Ерекшелігі көп екен. Өзі кіп-кішкентай болса да еті, жұмыртқасы құнарлы. Адамның денсаулығына пайдалы. Басқа құстар сияқты аса қатты күтімді қажет етпейді. Бірақ жем талғайтыны бар. Түрлі жұқпалы аурулармен күресуге қауқары күшті. Денесі ыстық, сол жылуын жан-жағына шашып тұрады. Құстарды асырап жүріп, көп нəрсені білдім. Кейбір ниеті бұзық адамдар құстардың етті болуы үшін түрлі дəрілер береді екен. Бұл дұрыс емес. Жем-суын уақытында берсе, құс та еркін өседі. Істеген ісің, тапқан табысың адал болса, арманыңа тез жетесің. Марқұм əкем «адал бол» деп жиі айтатын, – деп аяқтады сөзін Еркебұлан. Сабаққа, үй шаруасына да үлгеріп жүрген елгезек балаға риза болдым. Адал жолмен еңбек етсе, ерінбесе, орындалмас арман жоқ.


 

 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА,

«Ұлан» газеті, №9
27 ақпан 2018 жыл

zhasorken.k

Пікірлер