1
Бір көңілсіз сапар болып тұрғаны. Терезесінен күңгірт жарығы өлеусіреген қара көлеңке бөлмеде оңаша отырмын. Тыстан ішін тарта ұлыған боранның ызбарлы үні естіледі. Сұрапылдана түскен боранның өкіре, азынай соққан үні онсыз да дегбірсізденіп отырған көңіліме мазасыздық бұлтын үйіріп, ұйқы-тұйқысы шыққан ішкі әлемімді одан сайын әлемтапырық ете түседі. Осы сапарға бекер-ақ шыққан екенмін деп өкініп те қоямын. Оның үстіне әлгінде ғана мені жолға шығуға көндіріп, қаладағы қым -қуыт тіршілігімнен қол үздіріп алып шыққан жол серігім боранның тым күшейіп кеткенін айтып, қорқытып кетті. Мазасыздануым себепсіз емес. Арқаның бораны, әсіресе «ақырып келген ақпанның ақ бораны» бір күннің ішінде толастамаса үш күнге бір-ақ секіретін мінезі бар. Үш күн ішінде басылмаған боранның аптығы аптаға ұласып, жеті күнсіз саябырси қоймайтын табиғи заңдылықтарын бала кезімнен көріп, біліп өскен басым шынымен өзімді елсіз аралда қалғандай сезіне бастадым. Үш күн қарлы қамаққа тұтқын болу әлгі айтқан қаладағы қым-қуыт тіршілігіңе кәдігімгідей соққы болып тиері анық. Баяғы Біржан сал құсап «кешегі ел қыдырған есер шақта» деп айлап, жылдап салдық құратын заман келмеске кеткен. Қағаз кемірген бюрократ бастығың сенің үш күн түгілі үш сағат жұмысқа кешіккеніңді кешірмейді. Бас салып түсінік жаздыртады. Ол аз болса үстел астынан сөгісін суыра қояды. Әйтеуір сенің қарақан басың оның алдында қашанда қалтаң қағып, мейлінше басыбайлы бола түссе болғаны. Бастық біткенге одан биік мұрат жоқтай көрінеді маған. Әбден ерқашты болған қойторыдай ертеңгі күні бастығым алдында азап шегетін арымды аяп қоямын. Жә, оны қойшы! Күнде көріп жүрген құқайым ғой. Дәл қазір менің көңіліме қаяу түсірген басқа жайлар екенін сезгендеймін. Қай-қайдағы ойлардың құрсауынан құтылмақшы болып, отырған диваныма шалқалай түсіп жата кеттім. Ескі диван жақтырмағандай ыңыранды. Осы ауылға қалай жеткенімді көз алдыма келтіре бастадым.
Қарағандыдан таң ата шыққанбыз. Жолсерігім бұрын көп араласа қоймаған адамым. Менен бір мүшелдей үлкендігі бар. Дембелше келген шикіл сары кісі. Аты Ғинаят. Өзінің айтуынша, өнер адамдарын жақсы көреді. Кезінде шаруасы шалқып тұрған шағында өнерпаздарға жағдай жасап бағыпты. Сөз арасында шапағатына бөленген өнерпаздардың аты-жөнін сұрап едім, ешкімді түстеп айта алмай күмілжіңкіреп қалып, қолма-қол әңгімені әкімдер жайына аударып жіберді. Бұл әңгімесі де алдыңғысымен сарындас. Талай әкіммен тұстас, талайымен істес болыпты. Тіпті, облысты басқаратын дөкейінің өзімен қатар отырып, бір табаққа қол салыпты. Тек жеме-жемге келгенде мұны барлығы сазға отырғыза берген секілді. Ақыры уәде еткен дәмелі қызметтердің біреуі бұйырмапты. Дұрысы бұйыртпапты. Сол себепті шенеуніктермен ат құйрығын кесісіпті. Сондықтан болар, әкім-қараларға деген өкпесі қара қазандай. Әлдекімдерді сықпыртып боқтап қояды. Аузынан ақ май аққан заманнан қалғаны екеуміз мініп келе жатқан тозығы жеткен сары «Жигули».
Біз шыққанда жапалақтап жауып тұрған қардың аяғы ұйтқи соққан боранға айнала бастады. Бірте-бірте күшейе түскен боран алды-артымызға ақ пердесін тұтып, бағанадан бері жүйтки жарысып келе жатқан адырлар көрінбеуге айналды. Тас жолдың үстінде боранның мың сан тілдері сумаңдайды. Осы мың сан тілдердің бір-бірімен уілдей сөйлескенінен құрылған долырған боранның даусы машина моторының шуылымен үндесіп, өзінше дуетпен әндетеді. Мың сан тілдердің әншілігі өз алдына, үдей соққан қарлы боранның күшімен тұрғызылып жатқан жал-жал көлденең бөгесіндерге жиі-жиі киліккен көлігіміз қайта-қайта шоқалақтап, айтып келе жатқан әнінен жаңыла бастады. Қарлы бөгесін көбейіп, оның үстіне сол жақ бүйірден қатая түскен желдің екпінінен ескі «Жигулидің» жүрісі өнбеуге айналған соң жүргізуші серігім әңгімесін доғарып, бар зейінін жолға тікті. Орнаған үнсіздік арқасында өз ойыммен оңаша қалдым. Шолақ тонымның жағасын көтеріп, қаусырынып алдым да, түбіт бөкебайыма иегімді тығып бұйыға түскен бойы жанарымды алысқа тіктім. Екілене түскен боран ештеңе көрсетер емес. Сонда да ақ шілтер жапқан даланы көзіммен тінте отырып, қилы-қилы ой кешемін. Боранды күнгі жүрген жолдың осынау сәті жанымды тәтті мұңға бөлеп, түсініксіз, бірақ рахатты бір күй кештіріп келе жатыр еді…
– Келдік! Жол серігімнің оқыс шыққан көңілді дауысы кәбеңке ішін жаңғыртып жібергені. Бұрын аудан орталығы болған, оңтайландыру науқанынан соң кетеуі кете бастаған шағын кенттің шетіне ілігіппіз. Қар ала бастаған көшелердің бірнешеуінен өтіп барып, той болып жатқан үйге тұмсық тіредік. Той демекші, бүгін Ғинаяттың жиен балдызы үйленіп жатыр. Жас келіннің бетін ашып бер, тойшыл қауымның көңілін көтеріп ән саласың, құтты қонағым боласың деп, кежегем кейін тартып тұрса да, жолға алып шыққан Ғинаятымның жайы келе салысымен «күйеу атымен күл тасының кері» болды. Мен болсам... Иә, бәсе, мен болсам... Тозығы жеткен диванды сықырлатып дел-сал боп жатысым мынау. Қолымды созып жанымда сүйеулі тұрған домбырамды алдым. Құлақ күйін келтірген болдым. Селсоқ шертіс жаңағы үзілген ойдың жосығын жалғауға сеп болды. Біз келген соң, шамалы уақытта той басталды. Бұрынғыдай емес, қазір ауыл қазағы тойды кешке қаратпайтын болған. Тал түсте басталған той бірден қызып сала берді. Тойдың жар-жарын айтқызу, беташар ашу келісім бойынша менің мойнымда. Әуелі келін келгенде жұртқа жар-жар айтқыздым. Жар-жар деген аты ғана. Ешкім бұл жақта жар-жарға қосылмайды. Анығы қосыла алмайды. Бұл өңірдің қазағы тілге шорқақ. Ауылдың дені орысша сөйлейді. Бір екі мосқал әйел аузын жыбырлатқан болды. Оның өзінде ұялғаннан-ау деймін. Бастамаларын ешкім қостай қоймаған соң, олардың да «жар-жарының» аяғы сұйылып кетті. Ақыры жар-жарды жалғыз өзіме айтуға тура келді. Беташарым да жар-жардың кебін құшты. Жас жұбайлар орнына отырған соң, тілек айту басталды. Өңкей орысша тілек. Оқта-текте «арпа ішінде бір бидай» қазақша тілектер де көрініс беріп қояды. Қазақ сөзінің бұл жақта бәсі төмен. Онда әнге не жорық? Сонда да бір екі ән айтқан болдым. «Сен іште, мен іш» болып жатқан ділі орыстанған, тілі шұбарланған елге менің әнім шыбын шаққан құрлы әсер етпегендей. Қызып алған ел асабаға да бой берер емес. Әр жерден барылдаған масаң дауыстар шыға бастады. Хормен қазақ, орыс әндерін айтқан болады. Кілең басы бар, аяғы жоқ әндер.
Мерекенің аяғын тоспай, тойханадан шығып үйге келген едім. Сырттағы боранның уіліне құлағымды түре отырып, тып-тыныш бөлмеде өз ойыммен оңаша арбасамын. Сонда да көңіл шіркін байыз таба алар емес. Құлазыған көңіл әлденені аңсайды. Жабырқаған жанымды домбыра шертіп жұбатқан сияқтанамын. Қай-қайдағы күйлердің басын шалған болдым. Әндердің сұлбасын келтірген болам. Бірақ бойымды билеген ықылассыздық жігерімді құм қылып отыр.
– Қарағым, Иманжүсіптің әнін білесің бе?
Өз құлағыма өзім сенбей, көзіммен қаракөлеңке бөлменің ішін тінте бердім. Бөлменің бір бұрышында тұрған кереует жан біткендей сықырлай бастады. О тоба! Қаракөлеңкеде байқай алмаппын. Кереуеттің үстінде ауру меңдеп, әбден әлсіреген қарт жатыр.
– Балам, білсең Иманжүсіптің әнін айтшы...
Қарттың қарлығыңқы, әлсіз үні маған ажал аузында жатқан жанның ақырғы тілегіндей естілді. Өтініште өксік бардай, жалыныш бардай. Бағанадан тып-тыныш жатқан ол ұзақ булыға жөтеліп, қиналып қалды. Қарияның қаздай шулаған көкірек сырылынан алыстан келе жатқан ақ жауындай ұзақ сырлы әңгіменің сарыны естілгендей. Дәп қазір тілегін орындасам, дімкәс қарттың кеудесінде беріш боп қатқан шемен шер жібіп, шертпе күйдей шертіліп шып-шып шындық ақтарылардай. Ең болмаса, өлмелі шалдың осы өтінішін өтесем, өзімнің де көңіл түкпірімдегі шилі түйін тарқардай. Тым болмаса, күні бойғы жанымды жеген көңілсіздіктің қайтарымы боларын сезгендей, науқас адаммен іштей саудаласқанды доғарып, санамның алыс түкпірінен жаңғырығып келе жатқан ән шумақтарын тірілте бастадым. Әншіге жүз иіс алмастан жалғыз есті құлақ артық. Осы тақілеттес ойлармен арпалыса отырып, домбырамның құлақ күйін көтере келтіріп алдым. Ән айтар кездегі дағдылы отырысыма көшіп алған соң, Иманжүсіптің әнін бастап кеттім.
Абылай аспас Арқаның сары-ай белі,
Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.
Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас,
Нияздың Аюлыда Қара-ай көлі.
Мен жасымда, жігіттер, топтан астым,
Менменсіген талайдың көңілін бастым.
Қасыма ерген жігіттерге олжа салып,
Бір түнде сегіз қызды алып қаштым.
Екі жағы дарияның қалың шұбар,
Көкмойынға үкілеп тақтым тұмар.
Бір түстеніп аттанған ауылымның,
Қыздары болушы еді маған құмар.
Ауру қарттың көкірек жара күрсінгені естілді. Әннің қалыбына түсе алмай жатқаным өзіме мәлім. Домбырамды көсіп-көсіп жіберіп, әрі кеттім.
Қысырақтың үйірі жирен ала,
Орыс, қазақ байлары жапты жала.
Ерейменді бетке алып шыққанымда,
Алдымнан көрінуші ең Ботақара.
Нем бар еді иесіз көлге барып,
Дұшпаннан кек алмадым сайран салып.
Барамын іш құса боп, амал бар ма,
Теңбіл көк пен ақсауыт үйде қалып.
Күйгенжарды ауылым жанай қонған,
Әкем Құтпан кешегі қандай болған.
Қазы, қарта жемейтін қайран басым,
Түрменің қара наны балдай болған.
Мен қалайша жалғанға тұрақтайын,
Өрт тиіп лаулап жанған құрақтайын.
Аузы түкті кәпірдің талайларын,
Бақыртып сабаушы едім лақтайын.
– Ой десеңші, шіркін дүния-ай, қайран Иманжүсіп-ай, – деген қартымның деміккен әлсіз, бірақ шымыр шыққан даусын қолпаштау деп ұқтым ба, бойымды құмырысқа жыбыр еткізгендей жон арқам шымырлады. Көз алдым бұлдырап, кеудемді шер қысқандай. Домбырамды жігерлене қағып-қағып жіберіп, өлеңнің келесі аузына көшкенімде әннің ішінде жүргенімді түйсіндім.
Ішім өлген, дүние-ай құр сыртым сау,
Маған десең көз жасым жаңбыр боп жау.
Бүркіт ұстап басыңа бір шығайын,
Көзіме бір көрінші, Ерейментау!
Бұғылы мен Тағылы бүркіт салған,
Ұйпалақтап қып-қызыл түлкіңді алғам.
Есіл, Нұра, Ереймен, Қарақойтас,
Көзімнен бұл-бұл ұшты дүние жалған.
Қатар қатар өрілген тастарың-ай
Мұнарланып көрінген бастарың-ай.
Сол бір жерлер есіме түскен кезде,
Көзімнен парлап аққан жастарым-ай.
Асыл тұқым алдырдым Қызылжардан,
Өңшең жүйрік шал құйрық, қызыл нардан.
Таң мезгілі болғанда тас буынып,
Ауылына болыстардың салғам ойран.
Тумай жатып өш болды маған болыс,
Аударылды сол үшін талай қоныс.
Сатырлатып сабаушы ем шеттерінен,
Мынау ояз демеуші ем, мынау болыс.
Несібімді жазыпты менің түзден,
Қойыпты күдер үзіп ел-жұрт бізден.
Қайран ел, оқта-текке еске түссең,
Шымырлап жас шығады екі көзден.
Қош, аман бол, Сарыарқа өскен жерім,
Кір жуып кіндігімді кескен жерім.
Ертелі-кеш тартысып ұлықтармен,
Шұбыртып маңдайымнан аққан терім.
Күйгенжарға ауылым қона алмайды,
Кері кеткен тірлігім оңа алмайды.
Қырық мың қатын қыпшақтан ұл туса да,
Бірі де Иманжүсіп бола алмайды, ах-ау-ей, –
деп ұзақ айтылатын өкінішті, ызалы, кекті, өн бойын ерлік пен батырлықтың рухы кернеген, қайғы мен қасіретке толы толғаулы әнді баяулата бітірдім.
– Рахмет шырағым. Бұл әнді естімегелі қай заман?
Осылай деді де ол, үнсіз қалды. Қарттың көкірек сырылы ғана естіліп тұрған тыныштықты сырттағы боранның ышқына соққан үні бөліп тұр. Үнсіздік тым ұзаққа созылғандай болып көрінді ме: – Ата, Иманжүсіпті көріп пе едіңіз? – дедім шыдай алмай.
– Көргенде қандай!
Қарттың үні күтпеген жерден сауығып кеткендей жарқын шықты.
– Мен Иманжүсіптің атымен бәйгеге шапқанмын.
Түйсігімнің алдамағанына тәубе қылып, демімді ішіме тарттым.
–Жиырма тоғызыншы жылы Жаңаарқада байларды кәмпескелеу науқанының аяқталу құрметіне арналған үлкен той болды. Сонда шаптым. Сен өзің қай жердің баласысың?
– Сол Жаңаарқаданмын...
– Ендеше Қарауылтөбені білетін шығарсың Хан жолындағы*.
– Білемін...
Көз алдыма қиыршық тас алу үшін қаза-қаза қос бүйірін қорқау үңгіп жеген қойдың өлімтігіндей қылып тастаған, ат шаптырым айналасы қоқыс төгетін алаңқайға айналған, әбден сиқы кетіп шөгіп, жер бетінен өшіп бара жатқан тозған төбе келе берді.
*Қарауылтөбе - Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінің батысында бес–алты шақырым қашықтықта жатқан шағын төбе. Осы төбенің бауырымен өтетін көне заманнан келе жатқан керуен жолын халық «Хан жолы» деп атаған. Тарихи деректер мен халық жадындағы аңыздарға сүйенсек, Көкшетаудан шыққан Абылай хан Есілді бойлап отырып, Сарысуды кесіп өтіп, осы жол арқылы Бетпақ далаға өткен. Мойынқұм арқылы Талас өзенінмен жоғары өрлеп, 1767, 1770 жылдары қырғыздарға жорық жасағанда осы жолмен жүрген.
–Той сол өзің білетін Қарауылтөбеде өтті. Баяғыдай «ішкен мас жеген тоқ» дегендей аста-төк болмаса да шама шарқынша дүрілдеген мереке болды. Әке-шешемнен бірдей айырылып, тұлдыр жетімдіктің тақсыретін тартып жүрген шағым. Жанымда жалғыз інім бар. Үмбет деген төренің есігінде жүріп күнелтеміз. Таңның атысы күннің батысы інім екеуміз қожамыздың отымен кіріп күлімен шығамыз. Титықтатқан тұл жетімдік бізді әбден шер көкірек етіп тастаған. Өмірі қабағымыз ашылып бір күлмейтін інім екеуміздің жалғыз-ақ жанашырымыз бар. Ел Тәткей қырғыз деп атайтын бұл кісі бізге жамағайын болып келеді. Екеуміздің анда-санда халімізді біліп, көрген сайын бауырына басып басымыздан сипайтын жан дегенде жалғыз туысымыз. Үнемі біреуден жылылық, мейірім тосып жүретін қос жетім оны көргенде бір жасап қаламыз. Әйтеуір сыртымыздан ылғи қамқор болып жүреді. Жетім жүрегіміз одан шынайы туысқандықтың лебін сеземіз. Жалғыз ғана жамағайын туысынан басқа ешкімі жоқ екі байғұс осылайша ептесіп-септесіп күн көруші едік.
Бір тәуірі, жамағайыным мені тойдан қалдырмайды. Бәлен жерде ас беріледі, түген жерде ат шаптырылады деп естісе болғаны мені Үмбет төреден қолқалап сұрап алады да әлгі жерге бір-ақ тартады. Өйтетін себебі шабандоздық өнерім бар. Қайбір жетіскеннен шабандоз болды дейсің. Қу жетімдіктен ғой бәрі. Жылқышылар үйір ішінен ұстап беретін тай, жабағыны үйрету балаларға таптырмас ермек. Әсіресе ала жаздай арда емген асау тайды ауыл шетіндегі құмайтқа салып үйрету сәті қарасирақтар үшін кәдігімгідей зор мереке. Алғашында үстіне атылып мінген көзсіздерді асау тай шыңғыра тулап, мөңки қарғып жүріп шетінен жығып тынады. Осыдан кейін бірінен соң бірі топылдай құлаған үйреткіштер шу асауға беттей алмай біраз дағдарады. Бір уақта әлгі топтың ересегі, әрі ең сотқарларының бірі осының бәрін сыртынан қызықтап тұрған мені байқап қалады:
– Бері кел, ей, жетімек, – дейді, әлгі сотанақ. Бай баласы басынғыш. Жетім көрсе бұлар тіпті құтырып кетеді. Әй-шәй жоқ олар менің қорқып, қарсыласқаныма қарамастан асауға жарбита қонжитады да, сегіз өрім қамшымен тайды жамбасқа, сауырға шықпырта тартады-ай келіп. Тұщы етіне ащы қамшы өткен, оның үстіне әлі тың, бастықпаған асау тай мені оңай жығады. Басында мен де жығылып бақтым. Тұмсығымен жер сүзе, төбеммен шаншыла, етпетімнен, май құйрықпен дейсің бе, қойшы әйтеуір, әр құлаған сайын түрлінше түсетін мені мазақ қылған немелер шек-сілесі қата күледі. Мұндайда көзімнің жасын жұта жүріп, ерегісе түсем. Әлденеше рет асау тайдың астында қалдым. Қабырғам сынып, басым да жарылған күндер болды. Көп құлағаннан ба, жоқ әлде жетімдіктен көрген қорлық, оған деген балаң жүрегімді үнемі шерлендіріп тұратын өшпенділік, кек сезімдері бойымды буып кете бере ме, ол арасын анық бағамдай алмаймын, бетім қайтудың орнына қайта өжеттене, өршелене түстім. Бара-бара асаудан жығылу да, өзімнен жасы үлкен сотқарлардың жұдырығы мен таяғы енді маған батпайтындай, өтпейтін болғандай. Мұндайларға етім өліп кеткен мен бірте-бірте нағыз үйретімпаздың өзі болып алдым. Тіпті тай түгілі, жүген құрық тимеген шу асаулардан қорықпайтын күнге жеттім. Енді асау десе арқам қозып, бастықтыруға өзім белсенетін болдым. Ауыл арасына асау үйреткіш атым шығып, атағым да жайыла бастады. Тұрғыластарым арасында өнерім асқаннан ба, шалдуар тентектер де баяғыдай беталбаты ұрынбайтын болды. Бұл да болса, басымдағы ауырытпашылығымды азырақ жеңілдеткендей, оның үстіне асау үйрету жетімдік күйігін басуға таптырмайтын амал болғандай. Асаумен алысқан күні бойым жеңілдеп, жетімдік дертінен арылғандай бір жасап қалам. Жалшылықтың ауыр бейнетін арқалай жүріп, анда-санда бұйыратын асау үйрету бақытын бала көңілім енді жетімдік тақсыретін жеңудің жолы, жалшылық қамытынан құтылудың әрекеті деп түйсіне бастағандай еді. Сөйтсем осының бәрін сыртынан бағып, байқап жүрген жамағайынымның ойы одан да әріде болып шықты. Бір күні ол мені екі-үш болыс ел бас қосқан кішігірім асқа алып жүрді. Сірә, ат иесі күні бұрын келіссе керек, қамқоршыммен біраз кеңескен соң, әлгі кісі сол өңірге дүбірі енді шыға бастаған, аса танылып топ жара қоймаған күлігін алдымызға әкеп көлденең тартты. Бойым тым кішкене мені жамағайыным өзі аяқтап жіберді. Сөйтті де жүресінен отыра бере, бөркін шешіп, мойнына белбеуін салды. Жүзін құбылаға бұрған күйі көзі жасаурай, даусы дірілдей отырып тілек тілеп, дұға қайырды. Аздан соң, ат айдаушылар ауыздығымен алысқан өңкей саңлақты алдарына салып айдап бара жатты.
Сол аста алғаш рет жолым болып, бағым жанды. Кейін білсем мен мініп шапқан Тоқа* Біргебайдың қызылының тұқымы екен. Мейіздей жараған, айтулы жүйріктің нәсілі бұл жолы бар аттан оза шауып, мәреден сынаптай сырғып өте шықты. Астың бас бәйгесін иеленген ат иесінің қуанышын көрсең. Шек жоқ еді-ау. Қайта-қайта құшақтап бетімнен сүйген ол қайтар сәтте алдымызда үш-төрт ұсақ тұяқ салып берді.
Содан басталды бәрі. Жаз шықса болды, жамағайыным екеуміз ас пен той аңдимыз. Ат бәйгесінен түскен азын аулақ пайда інім екеуміздің кәдемізге жаратылады. Шапқан атым озып келіп, жүлдеге ілінсе болғаны Тәткей ағам ат иесінен есебін тауып тақым ақымды алады. Ат иелері көп жағдайда өз ықыластарымен береді. Өз еркімен бергендері оған да жақсы. Мұндайда ың-шыңсыз үйге қайтамыз. Кейде кейбір қарау атсейістермен тәжікелесуге тура келеді. Ондайда істі ұрыс-керіссіз шешуге күш салады. Егер істің соңы дауға ұласса, онда оның басты қаруы менің жетімдігім. Бойымдағы бас кемшілігім таразыға тартылғанда, безбен басы маған ауып шыға келеді. Дау бірден тыйылып, шаруа әркез екеуміздің үлесімізге шешіледі. Ол заманда жетімнің ақысын жеген деген жаман атақ. Кім де болса, осы атаққа ілігіп кетем бе деп қорқады. Жамағайыным күні бұрын атбегілермен келісіп алуға тырысып бағады. Ешкіммен келісе алмаған жағдайда бәйге алаңына бұрынырақ барып алып, мені ерте жүре жар салады.
Сол күні ауылдан таң сыз бере шығып, Қарауылтөбеге ертерек жетіп алдық. Бәйге аттарының ортасына кіріп алған ол айғайлап келеді: «Атқа шабар бала бар, атқа шабар бала бар. Атсейістер баланы, Менен келіп қалап ал». Ол өңешін жырта айғайлайды. Бірақ ешкім бізге мойнын бұрар емес. Атбегілер аттарымен әуре. Сұқ көздерден сескене ме, шамалары келгенше бойларын жырақ ұстап, жүйріктерін жетектеп ат айдаушының даусы жетеді-ау деген жерге дейін аулақтап, ұзап кеткен.
Күн түске тырмысты. Ат айдайтын сәт жақындаған сайын жамағайын туысым тықырши бастады. Енді қайтсін? Бәйге сайын мені атқа шаптырып, азын-аулақ пұл табушы еді. Құдай бүгін онысын да көпсінгендей. «Атқа шабар бала бар, Атқа шабар бала бар...» деп айғайлайды жанашырым. Дауысында үміт бар. Ақыры шаршады білем, көзімен көлеңке іздеді. Сонан соң қаңтарулы тұрған арбаның көлеңкесіне отыра кетті. Состиып тұрып қалған маған да отыр деп ым қақты. Көзімнің астымен жамағайыныма қарап қоям. Оны да тіршілік қажытқаны сезіледі. Күн қақты жүзіндегі әжімдері тереңдеп, мұрны салбырап, қабағы төмен түсіп кеткен. Жолы болмағанына қынжылып отыр. Ұлан-асыр тойдың түк қызығы қалмағандай. Осының бәріне өзімді жазғырып, талайсыз тағдырыма налыдым.
* Арғынның Қуандық тайпасының тарайтын ру аты
Әлдеқашан сүйегі қурап қалған әке-шешемді есіме алдым. Анамның мейірімге толы жүзін, шуақты алақанын сағындым. «Құлыным» деп еркелеткен үні құлағыма келгендей. Көмейіме ащы өксіктің кермек дәмі келді. Ата-анама іштей шағынып, қамығып отыра берер ме едім.
– Иманжүсіп, Иманжүсіп кепті, Иманжүсіп келе жатыр! – деген дауыстар шығып, атып-атып тұрдық. Елдің назары Қарауыл төбенің оңтүстік беткейіне ауған. Келе жатқан екі аттының айналасы қалың ел. Төбе басына қарай толқыған жұрттың ішіне біз де келіп сіңе бердік.
– Япырмай, мынау Иманжүсіп пе ей?
– Бұл қайдан жүр?
– Анау жылдары Сырға көшіп кетті деп еді.
– Бетпақтың шөлінде үкіметтен жасырынып қашып жүр деп естіп едік.
– Кір жуып, кіндік кескен жерін сағынып келген ғой.
– Е шіркін дүние! «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген осы да.
Толқыған қарақұрым ел төбе басына жиналды. Ортада – Иманжүсіп. Біреулермен қысқа-қысқа тілдесіп қояды.
– Ау халайық! Имекең сөйлесін. Лебізін тыңдайық, – десіп жатыр жұрт.
– Уа халқым! – деген Иманжүсіптің даусы саңқ етті. Жым-жырт тыныштық орнай қалды. – Мен алыстан, Сыр елінен келе жатырмын. Мойнымда елдің аманаты бар. Әйтсе де өздеріңе деген сағынышымды сөзбен айтып жеткізе алармын бе екен... Иманжүсіптің даусы дірілдеп кеткендей болды.
– Алда сабазым-ай!
– Енді қайтсын.
– Азаматым-ай, батырым-ай!
– О, ел мен ерге опа бермеген сұм заман.
Ел дүрлігісіп теңселіп кетті.
– Тойыңның үстінен түстім туған ел. Шаруамды айтып шырықтарыңды бұзбайын. Одан да қызықтарыңды көбейткенім болсын. Арқаның тойында атым шаппағалы қай заман. Қостым торы арғымағымды бәйгеңе, – деп желпіне сөйлегенде ел гулесіп қостай кетті.
– Ағайын, – деді Иманжүсіп халық тыныс алған сәтте. Араларыңда бәйгеге шабар бала бар ма? Дәулетханым атқа... дегенше болған жоқ, жан дауысы шыққан жамағайыным: «Имеке, бар бала, менде бар» – деп, алдындағы адамдарды қаға-маға мені Иманжүсіпке қарай сүйрей жөнелді. Осы кезде ат айдаушылардың «атшабарлаған» ащы дауыстары қатар шығып, құжыныған жұртшылық тік көтеріле Қарауылтөбенің қарақшы тігілген шығыс беткейіне жөңкіле жөнелді.
Иманжүсіп бізді оңаша алып шықты. Маған ұзақ сынай қарап тұрды. Бағанадан бері қалың жұртшылықтың арасынан анықтап көре алмаған едім. Бажайлап қараудың сәті енді түскендей. Жас шамасы алпыстан мол асып, жетпісті қусырып қалғанына қарамастан баяғының батырындай еңселі, биік. Алып біткен сом тұлғасының бітімі ерекше. Аш арыстан кеуделі. Кең жазық маңдайлы. Қасқыр қабағының астына шүңіректене біткен көздері кісіге тік, шүйіле қарағанда өңменіңнен өтіп кетеді екен. Тік қыр мұрынды. Шалғысы ширатылған мұртына ақ кіріп, ұзынша селдір сақалы буырыл тарта бастаған. Үстіне жеңіл шапан, тік жаға, зерлі ақ көйлек киіпті. Басында пұшпақ тақия. Беліне күміс кіселі жалпақ қайыс белбеу тартқан. Аяғында қисық табан әмірқан етік. Қолында сегіз тұтам сері қамшысы. Жанындағы бойы өзіне жетеқабыл жігіт баласы Дәулетхан болып шықты. Жасы отыздардың шамасында. Әкесіне қатты ұқсағанымен өңі қара-қоңыр. Ештеңемен ісі жоқтай, томсарайған күйі екі көзін бір нүктеден айырмай, шетте үн-түнсіз тұр. Әу бастан сөзге жоқ адам тәрізді.
– Балаңыздың сүйегі тым ұсақ екен. Түріне қарасаң тоғызға да толмаған сияқты. Ұзақ шабыста тақымы талып, құлап қалып жазым болып жүрмей ме, – деп қауіп білдіре сөйлеген Иманжүсіп – Бұрын бәйгеге шауып па ең? – деп маған жылыұшырай қарады.
– Иә, – деп басымды изегенше болған жоқ, жамағайын туысым жалма жан:
– О не дегеніңіз, Имеке!? Осы өңірдегі өтіп жатқан талай бәйгенің алдын бермей жүрген бала бұл. Келісті ат болса болды, Имеке. Бабы келіскен талай жүйріктің бағын жандырды бұ жігіт. Қаралдысы кішкентай енді. Көзін ашқалы көріп келе жатқаны жетімдік болған соң, қайтсін енді, көкке жарымаған көпей қозыдай қортық боп қалды. Ештеңе етпейді. Қайта қысылып өскендерден ер жете келе мықты жігіт шығады деуші еді, үлкендер. Әйтпесе, жасы биыл он төртке шығады. Менен басқа ешкімі жоқ бейшара баланың. Осылай ала жаздай ас пен тойға алып жүріп бәйгеге шаптырам. Сөйтіп несібесін айыртамын елден. Басқа амалым жоқ. Қой бақтырып, көтен жегізетін байлардың жайын өзіңіз білесіз... Не болғанын... Ал енді, тақымы талады деп қорықпаңыз. Нағыз жел тақым, сірі сирақтың өзі. Тек таралғысын шақтап тартып берсеңіз болды, Имеке.
Самбырлап сөйлеген жамағайыным әрең дегенде тоқтап, не дер екен дегендей Иманжүсіптің аузын бақты.
– Бопты, – деді Иманжүсіп. Сөйтті де мені іліп алып торы арғымақтың арқасына тымақша атып жіберді. Құранды ерге қаққан қазықша барып қадалған маған риза болды-ау деймін, торыны сулығынан жетектеген күйі ат айдаушылардың тұсына келгенше тіл қатқан жоқ. Байқаймын, Иманжүсіп жиналған жүйріктерді жүре сынап келеді. Кенет көзі шеттеу тұрған шұнақ құлақ қос бедеуге түсті. Бірі – көк шұнақ, бірі – торы шұнақ – бұрыннан білетін жүйріктерім. Аралбай* Мұқажан дегеннің күліктері. Екі үш жылдан бері алыс-жақыннан бәйгі алып келіп жүрген айтулы жылқылар. Иманжүсіп тақала барып тоқтап, қос бедеудің тұла бойын өткір жанарымен жіті тінтіп шықты. Сонан соң жүре сөйлеп, сөзін сабақтады:
– Міне, торы арғымақпен егеске түсетін осы қу шұнақтар. Қалған аттан сонша қауіп жоқ. Ат айдаушы аттарды тізгенде жел жағын ала тұруға тырыс. .*Арғынның Қуандық тайпасынан тарайтын ру аты
Алғашқы сәтте барлығы жел жағын ала шабуға ұмтылар. Сен де жел жағын мол қамти шап. Ештеңе етпейді. Жер шаңдақ, көріп тұрсың. Торы шаң сүймейтін жануар. Тек шаңға көміп алма. Ә дегенде аттың суырылып алға шығуына мүмкіндік бер. Басқаларынан оқ бойы ұзап алған соң барып тізгінді сәл тежей тартып отырарсың. Екі шұнақ жол ортаға дейін тістесе шауып, торыға біраз қысым көрсетер. Содан кейінгіге олардың бабы келгенімен, қарымы жетпес. Сонау сағымдана мұнартқан кезең жолдың қақ жартысы. Сол кезеңге келгенде атқа ерік бер. Байқа, көп қамшылап жібермегің. Тек тізгінді жіберген сәтте, бір-екі рет сауырлата көміп-көміп жібер. Содан кейін сипай қамшылап отырарсың, –деп аттың бабы мен шабар жолды мұқият пысықтап жатқан Иманжүсіптің сөзін:
– Ассалаумағалейкүм, Иман аға, ат бәйгелі болсын! – деген бір топ аттылы жігіттердің үні бөліп жіберді. Аттарынан аунай түскен олар жапырласа келіп сәлем беріп жатыр.
–Уағалейкүміссалам батырлар, айтқандарың келсін!
– Ғафу етіңіз аға, сұрауға рұқсат беріңіз.
– Рұқсат! Не білгілерің келеді, жандарым?
– Елдің аузында сіздің атыңыздың әңгімесі, аға, халық сан-саққа жүгіртеді. Соны өз аузыңыздан естиік деп едік. Торы арғымағыңыз қай жылқының тұқымынан?
Иманжүсіп сәл ойланып қалды. Әңгімеге зауқы соқпай тұрғаны анық. Бірақ жастардың меселін қайтарғанды жөн көрмегендей:
– Есенкелді жылқысының тұқымы, – деп қысқа жауап берді. Келгендердің көсемі атқұмар, аңкөстігімен аты шығып қалған Кентай есімді жігіт еді:
– Имеке, қалай ойлайсыз, торы арғымақ бүгін топ жара ма, – деп төтесінен бір-ақ кетті. Сауалдың батырға ұнамағаны жабырқай түскен жүзінен көрініп тұр:
– Қайдан білейін, Арқаның қу тұяғының қандай өнер шығарарын, – деген Иманжүсіп бар зейінін тас лақтырым жерде тұрған қос бедеуге тікті. Ат иесінің екі-ұшты жауабы мен кейісті үнінен өздерінің қиыс кеткендерін сезген жастар ыңғайсыздана қоштасып, жөней берді.
Көп күттірмей ат айдауға белгі берілді. Жүзінде салқын сабыр бар Иманжүсіп таралғымды шақтады. Төс айылды босатып барып, қайта тарта бергені сол еді, о, шіркін, сұм дүние, әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді, бағанадан бері ұлы дүбірді іштей сезіп, сұлық тұрған торы арғымақтың ішін тартқаны. Бұндайды қойсаңшы, енді. Тап бір адамша күрсінгендей қос бүйірін кере сұмдық үн шығарды.
– Қой, қой, жануар! Оның не жаман сұмдық бастап, – деп әп-сәтте
дегбірінен айырылған Иманжүсіп төс айыл мен шап айылды жылдамдата тартып кеп, атының көзін сүртіп, мойнынан құшақтады. – Сын сәтте сөйте ме екен жануарым-ау.
Үнінде абыржу бар. Іштей күбірлеп дұға оқыды. Бәріміз бет сипадық.
– Ал, жолдарың болсын, – деп Иманжүсіп баласы екеуі шошайып қала
берді.
2
Бірде сау аяңмен, біресе ақсай желген қалың атты Иманақ тауының түстік беткейін орай озып барып, көмбе белгіленген Қарауылтөбеден қырық
шақырымдай қашықтықтағы Шотан деген өзеннің Сарысуға құяр тұсына бесін ауа жеттік. Келе сала ат айдаушылар барлығымызды тырна қатар сапқа тізді. Әбден бәйгеге шауып сыралғы болып алған бала да, ат та айдаушының аузынан шығар жалғыз ауыз сөзді күтіп тұрмыз. Тықыршыған кейбір аттар ауыздығымен алысып, қолды-аяққа тұрар емес. Бағана Иманжүсіп үстіне тымақша атып жібергеннен бері торының сырын алуға тырысудамын. Ол басқа жүйріктердей емес, тыпыршымай жайбырақат тұр. Бірақ іштей ширығып тұрғаны айналасына жіті көз тастағанынан аңғарылады. Торыарғымақ аса ірі жылқы екен. Тура өркешсіз түйедей десе де болады. Етсіз басы кез жарымға жуық, қамыс құлақ, шор қабақ, теке танау, бұлан мойын, құлан жал, қақпадай кең омыраулы, сербек қабырға, тақтайдай жазық жауырыны етсіз біткен. Қолтырауын қолтық, тазы шынтақ, ит жіліншік, домбай тұяқ, қақпан бел, садақ сан, атан жілік, барыс тірсек Торыарғымақтың жаратылысы шынында да ерекше. Суындай сұлу жаралған жануар осындағы бар жүйріктен даралана, айдындана көрінеді.
–Ал тартыңдар!
Ат айдаушының қолындағы қызыл жалауша сермеліп қалды. Осы сәтті сарыла күтіп, әрең шыдап тұрған кіл жүйрік желді күнгі өрттей лап ете қалды. Тарландардың тұяғы даланы дүбірге толтырып жүре берді. Бірден жел жағын ала берген ойымды торы да түсінгендей алғашқы бетте-ақ қарыштай, құшырлана шауып, басқалардан оқ бойы ұзай түсті. Ытырыла жөнелгенде қаулай шапқан қалың қылқұйрық бірте-бірте шабыстарын түзеуге көшті. Мұндайда бәрі бәйгеден дәмелі. Ат та, үстіндегі бала да, анау төбе басында иіріліп тұрған ат иелері де. Ат бәйгесі адам мен жылқы бойындағы бар қабілеттің сынға түсер шағы. Сәл қателікке ұрынсаң болды, бәйгенің ауылы алыстады дей бер. Аңдыса, арбаса шабумен арада сүт пісірім уақыт өтті. Артымдағы қалың нөпірдің қысымын жан-тәніммен сезіп келемін. Бұндайда жүйкең сыр бермеуі керек. Бұл айтуға ғана оңай. Дегбірсізденіп келе жатқан басым торыға қамшыны сипай басыңқырап жіберіп едім, есті жануар қамыс құлақтарын жымқыра қайшылады. Бұл қамшыңның қажет емес дегені. Торының берген белгісі дәтке қуат болғандай, жан-жағыма бажайлай қарауға шамам жетті. Шынында да қобалжитындай ештеңе жоқтай. Соңыма бір қарағанда аңғарғаным басқа аттардан әудемжер шамасында ұзай түсіппіз. Бағанадай емес, жүйріктердің ара жігі айқындалып, бәйгеден үміттілер алдыңғы лекке тұтаса бастапты. Әсіресе Иманжүсіп сақтандырған қос шұнақтың тұяқ тастасы ересен. Өзгелерден оқ бойы оза шапқан қос саңлақ бір-бірінен арқан бойы қашықтықта көсіле шауып келеді екен. Одан сәл қалыбек* Балабектің Қарақасқа айғыры төпеп келеді. Бойымды тағы да жеңіл үрей билей бастағанын сездім. Артымдағы екі сәйгүлік өндірте шауып қуып жететіндей көрініп кетті. Сәл тебіне түсіп, бар зейінімді торыға тіктім. Жануар мені билеген сәл сенімсіздіктің өзін сезіп қойғандай, көсіле түсіп, біраздан соң, тіпті сұрапыл шабысқа ауыса бастады. Жүйріктің құлағын біздей қадағанын шын шабысқа көшкені деп ұқ. Сөйтсем қателессем керек. Нағыз өнерді қос шұнақ бастапты. Екеуі де тап бір жын қаққандай, жойқын шабысқа шығыпты. Әне-міне, дегенше үзеңгі қағыстыруға келіп қалардай.
Қос шұнақ жаратылысы бөлек, ерекше тұқым еді. Қоян жон, құдыр бел, бөкен бұт, қой мойын, керік бас, түлкі төс дене тұрқы алқам-салқам келген бұл жануарлардың құлақтарының шұнақтығы да шын жүйріктің ел танымындағы сипатына кереғар-ды. Қазір де қос шұнақ тазыдан қашқан қояндай болат тұяқтарын бауырында лыпылдатып зырқырап-ақ келеді.
Арада шай қайнатым уақыт өтпей жатып, қос шұнақ торыарғымақпен құйрық тістесті. Қажаса шапқан үш жүйрік ұзақ салғыласты. Ақыры өктей шапқан қу шұнақтар торыарғымақты қос бүйірден қысуға көшті. Үстіндегі балалар да нағыз кәнігі шабандоздар екен: мені мыстарымен басқылары келе ме, қышқыра қиқуласа дөң айбат жасасып, сес көрсете, қамшыларын безесіп қояды. Солардан ыққаным ба, әлде шынында да қобалжиын дедім бе, әлде соңымыздағы аттардың жайын білгім келгені ме, тақымымды қыса түскен күйі, аттың жалын құша еңкейе бере, бұрыла түсіп артыма қарадым. Көзім бірден садақ тартым жерде келе жатқан Қарақасқа айғырға түсті. Қалған аттар одан көп кейіндеп қалыпты. Қарақасқа талай дуды көрген өрен жүйріктің бірі еді. Күшін кейінге сақтап тың келе жатқандай. Үстіндегі шабандозы осыны сезіп келе ме, тізгінді жіберіп қамшыны басыңқырап жіберіп еді, Қарақасқа тіпті түтеп, зымырықтап кетті. Құйғыта шауып, әні-міне дегенше алдыңғы үш атты әп-сәтте қуып жетті. Осылайша ұйыса, бір-біріне байлана шапқан төрт дүлдүл бағана Иманжүсіп аттың басын қоя бер дейтін кезеңнен де өте шықты. Екі шұнақ ентелесе шауып, қос бүйірден қанша қысқанымен, талай сүргінді көрген жаугершіліктің аты емес пе, Торыарғымақ сыр алдырар болмады. Бақталастарының төрт тұяғын тең тастап, ырғақты шабысынан жаңылмауы қос шұнаққа оңай соқпағаны сезіліп келеді. Ол аздай араға Қарақасқаның келіп килігуі екеуінің жағдайын ауырлата бастағандай. Жануар Қарақасқа да Торыарғымақ секілді есік пен төрдей ірі жылқы еді. Қуып жеткені аздай, ол енді ілгерлей бастады. Амалы құрыған қос шұнақтың бірі торыдан іргесін сөгіп, Қарақасқаның соңынан салды. Нағыз жан алысып жан беріскен алапат шабыстың шағы туғанын жұлын-жүйесімен сезген торыарғымақ тізгін сүзе, ауыздығын қарш-қарш шайнап жіберді. Бұған дейін атымның басын ауыздыққа сүйей шапқан мен де ырғын шабыстың шырқау
.*Арғынның Қуандық тайпасынан тарайтын ру аты
тұсына келіп қалғанын аңғарып, торының басын қоя бере, сауырлата қамшы бастым. Басында торыарғымақтан сүйемдеп қана әзерлеп ұзаған үш жүйрік те байқаймын, қара үзіп кете алмады. Арақашықтық оқ жетер жерге дейін ұзара түсті де, қайта қысқара бастады. Торыарғымақ аш күзенше бүгілді. Қос шұнақ киікше құлдыраң қақты. Қарақасқа құланша сауылдады. Осылайша іркес-тіркес, бірін-бірі буа, қузай шапқан аттар тағы да бес-алты шақырымды артқа тастады. Ақыры әрқайсысы түрлінше шабыс төгіп, тақтайдай жазықтың төсін болат тұяқтарымен дуылдата қуырып, домбыра даланың шанағынан дүбірлі күй селдеткен төрт тұлпардың арасындағы бәсекенің түбі көрінуге айналды. Әр жүйріктің өз әні болады, шырағым. Ол бабы мен бағы келіскен қас жүйріктің бәйгеден келе жатқан салтанатында шырқайтын шабыс әні. Торыарғымақ үшін сол ұлы сәт енді туып еді. Шырқай шапқан Торыарғымақ әуелі қос шұнақты қуып жетті. Әлгінде ғана кең дүниені тұяқтарына үйірген қос дүлдүлдің қарқындап қалғаны білініп келеді. Терге шомыла лыққан жүйріктер ышқынып-ақ баққанымен Торыарғымақтың үдей шапқан шабысына шыдас бере алмады. Қос шұнақты жанай өтіп ұзай берген Торыарғымақ сол екпінмен Қарақасқаға төніп кеп қалды. Ақ көбікке оранған Қарақасқада да бағанағыдай дүлей шабыс жоқ. Жануардың еті ояздау еді. Өзі жүйрік оның үстіне әлді айғырды Балабек ұрпақтары кейде көкпарға да салып жіберетін. Енді, міне, сол есерліктің тақсыретін Қарақасқа тартып-ақ келеді. Буындары босап, аяқтарынан әл кете бастаған Қарақасқаның қасынан Торыарғымақ гулеп өте бергенде байғұс жануар барын салып-ақ бақты, бірақ қауметі қайтып, күші сарқылған ат серпіле шаба алмады; болдыра бастаған, әлі құрыған ол текіректей шауып қала берді.
Жеке дара қара үзіп шыққан Торыарғымақ тұяқтарынан жеңіс күйін төгіп келе жатты. Менің де көңілім шат еді. Арттағы аттардың енді қуып жете алмасын сезген менің бақыттан басым айналғандай еді. Бәйгенің қол созым жерде екенін жан-тәніммен ұққан сәттің ләззаты қанымды қоздырып, бойымды елірттен мен мәреге қарай аршындай шапқан аттың үстінен асқақтай бір қарадым. Сол-ақ екен, енді сәлден соң құжынаған қалың елдің алдынан Торыарғымақты жайнақтата шауып өтетініме деген бек сенімділік бойымды билеп бара жатқанын сездім. Санамда бір салтанат күйі жарқ етіп ойнағандай болды. Тіпті көз алдыма жамағайынымның алдымнан жүгіре, жылап шығып аттан түсіріп алып жатқан сәті, жан-жағына масайрай қараған қуанышты жүзі елес беріп өтті. Құдай-ау неге өйттім сонда? Жеңіске жетпей жатып қуануға болмайды екен ғой? Болар сұмдықтан бейхабар, бар зейіні уысындағы жеңісінде, есі кетіп, санасы тұмандаған мен бейбақ Қарауыл төбе басында күтіп тұрған бар қызықтың белінен ойша көктей өтіп, көңілімнің көк дөненіне қамшы басып, Үмбет төренің ауылына шауып кірдім. Көз алдымда керегесіне кілем тұтқан, шаңырағынан жібек үзігі төгілген ақбоз үйдің төрінде, алдарында сапырулы сары қымыз, жамағайынымның әңгімесіне бар ықыласыммен ұйып отырған Үмбет төре келе берді. Жамағайыным атымыз бәйгеден келсе болды, бірден мені ертіп, Үмбет төреге сәлем беруге баратын. Үмбет төре көкірегі ояу, көшелі адам еді. Ескі аңыз, шешен сөз, ел ішінің жүйрік аты, қыран құсы, ұшқыр тазысы жайлы әңгіме десе болды, бар дүниені ұмытып, ішкен асын жерге қоятын. Бүгін сондай сәтті кешер күн еді. Жамағайыным шоқша сақалын бір сипап қойып, қолын біресе сермей, біресе ербеңдете әңгіменің майын тамызуда. Жаңа ғана үйме табақ ет жеп, төрт-бес аяқ сары қымыздан төңкеріп алған жамағайынымның жағасы жайлауда; әңгімені жайнатып отыр. Әсерлі әңгіме ырқын билеген Үмбет төре оған ырзашылық пейілмен жадырай, мейірлене қарап алып, сырлы аяқпен шүпілдей келіп қалған бапты қымызды өз қолымен ұсынар еді. Жамағайыным бұл құрметтке риза болған пішін білдіріп, төре берген аяқты аялай ұстап, көзін сығырайта жұмған болып, бал қымызды асықпай ұзақ жұтқан күйі, келесі бір әңгіменің сорабын іштей қуалап, еске түсірген оқиғасын жүйелеп отырғандай рай танытар еді. Әңгімеші осылайша тыныс алған сәтте бағанадан бері қай-қайдағысы ойына түсіп, қиялы шарықтап отырған Үмбет төре де қолына қу мойын домбырасын алып, құлақ күйін келтіре бастар еді. Жасында атақты күйші Сайдалы Сары Тоқаға серік болып, серілік құрған ол, шын мәнінде дәулескер күйші болатын. Домбырасын ұзақ бұрап келтірген соң, Үмбет төре баппен әңгіме бастар еді. Елдің бәрі енді төренің аузын бағуға көшеді.
– Сайдалы Сары Тоқаға Тәңір өнерді үйіп-төгіп бергенімен, дәулет жағынан Құдай қысқан жан еді. Жалқы үйір жылқысының құты жалы омырауына төгілген Бозайғыр-ды. Бір жылы Арқада қыс қатты болып, елді жұт жайлады. Қалың түскен қардың үстінен қыс ортасы аумай жатып жаңбыр жауып, оның соңынан іле аяз ұрып, жер беті көк айна мұздың құрсауында қалды. Қар тебе алмай қалған қалың жылқы айналдырған аз күн ішінде қынадай қырылды. Мыңды айдаған байлар ноқтасын ұстап қалды. Тотаңның жалғыз үйір жылқысы сол жұтта ізім-қайым жоғалды. Көрдім, білдім деген жан болсайшы. Ақ қар, көк мұзда зым-зия жоғалған жылқыны Тотаң боранда ығып кетіп қырылдыға жорыған да қойған. Жұт жайлаған қыстың соңынан көгі қалың жаз келмей ме? Тотаң да жайлауға көшіп, ауыр жұттан енді есін жиғандай болып жатқан шағы екен. Бір күні түс әлетінде үйінде насыбай үгіп отырса, дәл құлағының түбінен Бозайғыр кісінеп қоя беріпті. Өз құлағына өзі сенбей Тотаң тың тыңдайды. Тағы да күлдір-күлдір кісінес. Бұл жолы Бозайғырының дауысын жазбай таныған күйші сүріне, қабына далаға жүгіріп шығады. Қараса, о, ғажап! Бозайғыр үйірін аман-есен ертіп келіп тұр дейді. Мама биелердің жанында қарақұлақтанып қалған құлындар шіңгір-шіңгір кісінеп, құлдыраң қағып жүр дейді. Бозайғыр болса, Тотаңа қарай аяңдай басып келіп, жақындай бере қолқасы ақтарылардай болып, шырқырай бір кісінепті. Тіл жоқ қой жарықтық жылқыда! Әйтпесе сұмдық қой. Көрген бейнеті мен азабын бір кісінеп баян еткен Бозайғыр иесінің иығына иегін асып, тұрып қалыпты. Көзінен жасы парлаған Тотаң Бозайғырдың мойнынан құшақтап адамша көрісіпті. Сондағы шығарған күйі ғой Тотаңның. Үмбет төре әңгімесін аяқтай бере, құлақ күйі келіп, бабына келген бауыры жұмсақ домбыраны бір желдіртіп алады да «Бозайғырды» бастап кетеді. Ә дегенде жер көкті көшіріп жіберердей безектей басталған сарынды күй әңгіме тыңдап салбырап отырған жұртты бірден сұрапыл бораны азынай соққан ақтүтек әлемге кіргізіп жіберер еді. Мінеки, Бозайғыр ат құлағы көрінбес боранда үйірін айнала шауып жүр. Шашаларын мұз қиып, қар тебе алмай, аштықтан қос бүйірлері қабысып, әбден әлсіреген күлтежалдыларды мына мұз жапқан қу медиен даладан аман есен алып шығу міндеті түйсігіне тыным бермеген жануар үйірін түстікке қарай тықсырып келеді. Әнеки топтың алдында қасат қарды кеудесімен бұзып, кемедей жарып келе жатқан күрең бие әлі құрып тұрып қалды. Үйір соңында қалған тай-жабағыға қарайлап жүрген Бозайғыр қайтадан күрең бие тоқтаған тұсты өзі барып талқан қылып үйірді кең жазыққа бастап шықты. Енді бір күндік жер шыдаса шіркін, түстік өлкенің жұмсақ райлы қысына ілігіп кетер еді. Сөйткенше болған жоқ құлағына көп бөрінің ұлыған үні келіп жетті. Көп ұзамай көкжалдар да көрініс берді. Арланы бастап, қаншығы қостаған аш қасқырлар тұс-тұстан андыздай тиді. Бозайғыр үйірін шоқтай йіріп алып, тықсыра қуа жөнелмекші еді. Бірақ қалжыраған үйірмен қалың қасқырдан қашып құтыла алмайтынын түйсінген Бозайғыр көп бөрінің алдынан ойқастай шығып, көкшуландарды ашық айқасқа шақырғандай арқырай кісінеді. Осы сәт айғырдың кісінегенінен шошынғандай бір сәт есімді жиып жан-жағыма қараймын. Көзім бірден жамағайыныма түседі. Қуқыл тартқан беті әлемтапырық болып кеткен ол күйші алдында дәп бір түлкі тап берген көжектей бір уыс болып қалыпты. Назарымды қорқақтай қыдыртып, қабақ астымен Үмбет төреге қараймын. Үстел үстінде толқи жанған ондық шамның сәулесінен Үмбет төренің жүзі алуан реңкпен құбылады. Буырқанып алған ол қу мойын домбырасымен тұтасып кеткендей, күйді жосыта төгіп отыр. Қыдырып келе жатқан көзімнің құйрығы босаға жақта жатқан сарықасқа тазыға кідіреді. Есті ит иесінің кешіп отырған күйіне аяныш білдіргендей, мұңлы көзімен оған жаутаңдай қарап жатыр. Тазының онсыз да қызғылт көздері шам жарығымен жалқындана шағылысады. Үмбет төре күйдің орта тұсына келгенде астыңғы ішекті қымтай шертіп біруақ отырады; сонан соң кілт серпіліп, әрі қарай жөнеледі. Бебеулеген күй бірден тұңғиық иіріміне тартып әкетіп, әп-сәтте тістілер мен тұяқтылар айқасы қызған майдан даласынан бірақ шығарады. Міне, Бозайғыр қаумалаған аш қасқырлардың ортасында қалды. Тайыншадай арлан қапысын тапса, Бозайғырдың шабын жарып жібермек. Үйір басшысы тірі тұрғанда үйірден қотыр тай ала алмайтынын білетін қаншық қасқыр да жанұшыра қимылдап, ала жаздай баулыған бөлтіріктерін Бозайғырға жауып жүр. Қалың қарға қамай шабуылдаған аш бөрілер қапысын тауып, жануарға азуларын салып та үлгеруде. Қас пен көздің арасында Бозайғырдың қоң еттері бірнеше жерден ойылып, жауырын, сауыр, сан терілері жырым-жырымы шығып, жалбырап қалды. Қасқыр тістері іліп кеткен, осып түскен тұстардан сау-сау төгілген қып-қызыл қан аппақ қардың бетін бүркіп-бүркіп өтеді. Әйтсе де, бұған дейін қандыауыздармен талай айқасқа түсіп шыңдалған Бозайғыр аса сақ. Шыр айнала қорғана шабуылдап, қас жауы арлан қасқырдың мүлт кетер тұсын көздеп, топ басшысын көзінен таса қылмауда. Бірде тарпып жіберіп, бірде артқы аяғымен сілтей теуіп, жалақтаған жауыздардың қанжардай азуларын денесіне дарытпауға тырысқан Бозайғыр өзін алқымнан алмақ боп атылған арланды ауада тарпып үлгерді. Жауырын тұсынан тиген болат тұяқтың алапат соққысы көкжалдың тоқпан жілігін үзіп кетті. Көсемдерінен айырылған бөрілер шабуылының берекесі кете бастады. Ашулы айғырдың темірдей тепкісі тиген тағы бір итқұс қатардан шықты. Ұялы бөрінің бетін қайтарған жеңімпаз айғыр үйірін орай шауып, азынай кісінеп, жер тарпиды. Үйір шұрқырай кісінеседі. Дүние азан-қазан, астан-кестен. Домбыра тағы булығады. Күймен бірге жұрт булығады. Алқа-қотан отырған елдің арасынан солқ-солқ еткен, қорс-қорс тартқан, уһілеп күрсінген үндер шығады. Ел жылаған соң ба, білмеймін, бір жақтан беймәлім шер қысып, бой-бойым шығып мен де жылаймын. Көз жасым бетімді айғыздайды. Жо-жоқ, қарсы соққан желдің екпінінен екен деймін, жылап келе жатқаным. Есімді тез жиып, өзімді қиял әлемінен сүйреп шығардым. Үмбет төре ауылы, «Бозайғыр» күйі көрген түстей санамнан тез өшті. Сонда да көзімнен аққан тарам-тарам жасқа ие болар емеспін. Бәлкім қуаныш жасы... Жеңіс жақын қалды ғой. Тіу анау Қарауылтөбе басындағы халықты-ай! Тура сеңдей соғылысады. Иманжүсіп баласы Дәулетхан екеуі шаттанып тұрған шығар. Торыарғымақ бәйгеден қара үзіп келеді. Енді шамалы сәтте көмбеден ұрандап өтем. Апырмай бағана сұрап алсамшы. Мәреден өтерде кім деп ұрандаймын? Соған да бас ауыртып... «Иманжүсіп, Иманжүсіп батыр!» деп қиқулап өте шықпаймын ба? Сансыз ойлар жан-жақтан қаумалап, алуан-алуан сезімдер санамды шабақтаған сорлы басым артыма бұрылып, соңымдағы аттарға ақыры рет қарағым келіп кетті. Торыарғымақ самғай шауып келе жатты. Қарақшыға дейін бір-екі шақырымдай ғана жер қалып еді. Оң аяғымды таралғыға шірей, бір қолыммен ердің алдыңғы қасынан ұстап, ердің оң қапталына қарай сәл жантая, сол қолымды ердің артқы қасына тірей таяныш етіп, артыма бұрылып қарай бергенім сол еді. Жұлын үзердей жұлқып жіберген сұмдық соққы алдымен ердің алдыңғы қасына апарып ұрды да, ат үстінен тымақша ұшырды. Сол ұшқаннан есік пен төрдей жерге барып бұрқ ете қалған басым әлденеше рет домалап кеттім. Жалма-жан атып тұрып, атқа қарай жүгірдім. Бірақ аяғы құрғыр еркіме бағынбай бір аяғым екінші аяғыма шалынып құлап түстім. Бір тұрып, бір құлап қайта ұмтылдым. Зеңіп қалған басымды мың сан инелер шабақтап, қос құлағым зыңылдап, түк ести алар емеспін. Көз алдымды жапқан қызыл мұнар ештеңе көрсетер емес. Құлағымда Торыарғымақтың шыңғырған дауысы қалып қойғандай. Есім ауып қалғандықтан ба, ешнәрсе анық аңғара алар емеспін. Тәлтіректей жүгіріп келіп, Торыарғымақтың мойнынан құшақтай алғанымды білем. Жануар басын соғып жатыр екен. Алдыңғы оң аяғы жіліншік тұстан үзіліп кетіпті. Сәл кейінде аттың аяғы кіріп кеткен сарышұнақтың ескі іні опырайып жатыр. Болған сұмдыққа көзім жеткендіктен бе, бақырып жылап жібердім.
Қолдан келер басқа дәрмен жоқ аттың басын құшақтап алып, еңіреп жылай бердім. Сәлден кейін қалған аттар қасымыздан өте бастады. Тап мені табалағандай тура бұғалық тастар жерден қиқулап өте шығуда. Алдымен Қарақасқаны басып озған қос шұнақ өтті. Сәл қалыңқы Қарақасқа, одан көп кейіндеу атақты Батыраштың Жүнісінің Буырылы, оған құйрық тістесе Кернейдің Көкшағыры мен Қияштың Нұрланының Құласы кетіп барады. Пырақтар бейне елес сияқты батар күннің шұғыласына малынып, алаулай, өртене шапқан күйі, күн ішіне қарғып түсіп, ғайып болып жатқандай еді. Біраздан соң, үздік-создық өтіп жатқан аттардың легі таусылып, Торыарғымақтың басында жападан жалғыз қалдым. Осылайша қазақтың ең соңғы ұлы бәйгесі көз алдымда көшкен елдің керуеніндей күн астына жұтылып, жоқ болды. Үсті басым жыртылған, бет-аузым қан-қан, көзім бұлаудай болып ісіп кеткен күйімді кім көрсе де шошитындай, аяйтындай еді.
3
Қанша жылағаным есімде жоқ, бір кезде басымды көтеріп, Қарауыл төбе жаққа күн салдым. Бері қарай бірнеше аттылы беттеп келе жатыр екен. Тақала бере алдыңғысының Иманжүсіп екенін таныдым. Сәл қалыңқы баласын, одан ары ат арба жеккен бейтаныс біреуді аңғардым. Бағанағы жамағайыным екеуміз арқамызды сүйеп дамылдаған арба баяғының әніне салып, боздап келеді. Иесінің келіп жеткенін көрген торы арғымақ басын жерден жұла, шыңғыра кісінеп жіберді. Атынан жалма-жан сыпырыла түскен Дәулетхан жүгіре басып барып торының мойнынан құшақтай бере, өкіре жығылды. Мені өксік қайта буды. Иманжүсіп үнсіз жылады. Бағанағы батыр тұлғалы, алпамсадай адам көз алдымда қартайып, шөгіп кеткендей болды. Қалың ойдың құшағында қалған ол атының жанында ұзақ отырды. Торы арғымақ иесінен медет күткендей тұмсығымен Иманжүсіпті кеудесінен иіскелеп, аянышты үнмен оқыранды.
– Имеке, жүрейік, күн батпай тұрғанда, атты арбаға салайық, – деп арба иесі үнсіздікті бұзып жіберді.
– Айтып бақтым, әке, Арқа бізге пана болмайды деп, Бетпақтың шөлінен шықпайық деп. Өмір бойы көргеніміз қуғын, шеккеніміз қасірет. Ақ патшаның ұлықтарымен, оның пасық болыстарымен өмір бойы алыстың, қане мүйіз шықса?! Жаңа үкіметтен жақсылық күтіп ең, жарылқаймыз деген олар сары ізіңе шөп алып түсуде. Ел, ел дейсің. Елжіреп тұрғаны кәні, еліңнің? Жеріңнің шұқанағына дейін кедергі. Қуса жетіп, қашсаң құтылатын торы арғымақтың түбіне жетті. Енді бізге ондай ат қайда! Тұлпарың туған жеріңе келіп жығылды. Тағы да дұшпаныңа таба табылды. Байқадың ба, бағана: бұл елдің белсенділерінің түрі жаман. Тағы бір сұмдыққа арандатпай тұрғанда кетейік, бетке алып Бетпақты. Қу медиен шөлге сіңіп жоғалайық!
Дәулетхан таусыла сөйледі. Іштен тынған адамның жанайқайы. Үндемейтін адамнан үйдей-үйдей сөз шықты. Баласын дел-сал тыңдаған Иманжүсіп орнынан тұрып, шапанының етегін қақты. Үн-түнсіз жүріп аттың құлаған орнын көріп шықты. Арғымағы аяғын сындырған індікешке ойлана қарап, біраз тұрды да:
–Бақ тайған соң, осы да, – деді.
Сосын көкжиекке қарай еңкейе түскен күнге түнере, түсін суыта қарап қалған ол, кенет дүр сілкінді. Осы сәтте ол маған баршын тартқан бүркіттей көрініп кетті. Шамырқанған жүзі күн сәулесімен күреңітіп, сұстана түскен дидарына айбатты рең орнап, айбарлы, сесті қалпын тапты. Әлденеге тәуекел еткендей:
–Арбаны бермен тақа, – деп бұйырды көлік иесіне.
Жайдақталған арба мертіккен жануардың жанына жақындатылды. Ыммен ұғысқан әкелі-балалы торы арғымақты қолдаса көтеріп, арба үстіне лып еткізді. Атына мініп, жүре берген Иманжүсіп мені де іле кетті.
Қарауылтөбенің басына жиналған ығы-жығы халық араның ұясындай гу-гу. Қып-қызыл даудың үстінен түстік. Көк шұнағы мен торы шұнағы іркес-тіркес келген аралбай Мұқажан жер баспай сөйлеп тұр. Тапалдау бойлы, тарамыс денелі, ақсары өңді, шегір көзді бұл кісіні ел жырық Мұқажан деуші еді. Шегір көзінде үнемі жанжал оты ойнап тұратын ол, расында қияңқы адам еді. Баяғыда Ақмолада атақты Балуан Шолақтың Ғалиясының қымызханасында қала бұзықтарымен болған қалың төбелестің үстінде бір қаныпезер қанжарымен Мұқажанның ішін жарып жіберсе керек. Қанжар сойып кеткен бүйірінен шығып кеткен ішегін бір қолымен бүре ұстап жүріп төбелескен Мұқажанның бар бұзықты жалғыз қолымен-ақ жайпап жібергені жалпақ жұртқа аңыз боп тарап кеткен-ді Мұқажанның жырық атануы да қызық әңгіме еді. Басбұзар, шадыр мінезді бола тұра сәбет үкіметі алғаш орнаған жылдары оның бір болыс елге мілитсә болған жайы бар-ды. Жаңа өкімет ісінде жүргенде әлдебір содырлармен атысып қалып, үстіңгі ернін оққа жырғызып алған атышулы тентекті содан бері жұрт біржола «жырық Мұқажан» атап кеткен болатын. Оның үстіне ол атқан оғы құр кетпейтін ғажап мерген, аңшы адам еді. Тағы бір осал жері жүйрік ат десе есі шығып кететін, әрі қазанатты бір көргеннен танитын ол атбегілік өнерден де құр алақан еместін. Қара басы осыншама қайшылыққа толы жырық Мұқажан сол кезде отыз бестер шамасындағы жігіт болатын. Бүгін де ол нағыз зар күйлі бүркіттей шаңқ-шаңқ етеді:
– Сондықтан бірінші, екінші бәйге менікі. Қосқан жүйріктерімнің қара үзіп келгеніне бәрің куәсің. Ал, енді Иманжүсіптің атының құлап қалғанын Алланың ісі деп біліңдер.
– Әй, Мұқажан жөнге көш – деді қалыбек Қайрақбай, – Бұл жолғы дауың тіптен орынсыз, аудансыздығыңды көрсетпей, қи осы жолғы бәйгені Имекеңе, екі мен үшінші бәйге тақияңа тар келмес, ал соны!
– Бір мен екі сенікі деп сөйле, Қайрақбай. Қалған бәйгені кімге берсең оған бер!
Мұқажан ешкімге есе бермеймін дегендей екілене сөйледі.
– Мұқажан, сен «құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайдының» керін келтіріп тұрсың. Иманжүсіп Арқаның арыстаны емес пе еді? Аяулы ағамыз туған елін сағынып, алыстан жадап, жүдеп келгенде елдігімізді танытып, бәйгесін шаппай беретін жөніміз бар емес пе? Бас бәйгеге енді таласпа, Мұқажан, бәйге саған берілмейді – деп Қайрақбай төтесінен кетті.
– Дұрыс.
–Қайрақбай жөн айтады.
– Бас бәйге Имекеңе, – деген дауыстар шығып, ел гулеп кетті.
Осы кезде сөзге аудандық мілитсәнің нәшендігі Нұрғали Тасымов араласты.
– Мұқажан деді,– ол сабырмен сөйлеп, – бәйгені ұйымдастырушылар да, тойды қызықтаушы халық та бәйгені Имекеңе беруге ұйғарып отыр. Қалған қос жүлде сенікі. Қанағат ет. Елдің тілегіне құлақ ас. Ендігі сөз артық.
– Өйдөйт – деді Мұқажан мысқылдай күліп, – Үкімет қолымызда деп Қайрақбай екеуің қырып барасың ғой, түге. Жарайды Иманжүсіпке қаның тартып болыстық қылып тұрғаныңды түсініп бағайын, ал анау өзімнің аталасым Қайрақбайға не жорық. «Жаңаарқаның нәшендік мілитсәсі қаным бір қыпшақтың баласы, мені қолынан жауға бермейді» деп Иманжүсіп Бетпақтан бері өткен көрінеді деп елдің іші гулеп отыр. Байқа, нәшәндігім. Ел құлағы елу. Ұшынып кетіп жүрмеңдер, – дегенше болған жоқ:
– Әй жырық, сен не тантып тұрсың, – деп гүр ете қалған Иманжүсіпке елдің бәрі жалт қарады. Ол бағанадан бері сөзге араласпай сабыр сақтағандай болып тұр еді.
– Әттең, сағым сынып, сұм дүние сыртын берген шағымда шықтың-ау сен шәуілдек. Әйтпесе, сендейлерді тәубәге келтіргенді тәуір көретін Иманжүсіп мен емес пе ем! Амал нешік, – деді ол ызалы өкінішпен.
Сәл үнсіздіктен соң сөзін қайта жалғады.
– Мен сені танып тұрмын. Алдыңғы жылы Қызылордада Сейфолланың Сәкенінің жанынан көріп едім. Сырдың бойын жағалап, Телікөлге дейін ұзап шығып, Сәкен екеуміз үш күн бойы саят құрғанда ақынға атқосшы болып жүрген сен емес пе едің? Енді, міне, көзіңді шел басыпты. Мені жорта танымағансыйсың, ә. Әй, қайран Сәкен-ай, бауырым-ай, кімдерді ерткенсің қасыңа!?
Бағанадан бері құтырған бурадай жан-жағын жайпап келе жатқан Мұқажан жынынан айырылған бақсыдай боп қалды. Әп-сәтте ұнжырғасы түсіп, салы суға кетіп, аяқ астынан мүсәпірге айналды. Сәлден соң: – Өздерің біліңдер, – деді жуасыған үнмен тойды ұйымдастырушыларға қырын қарап тұрған күйі. Сөйтті де атына ырғып мініп, топтан шығып жүре берді.
Мұқажан ымыраға келді. Дау тоқтап, бәйгелер иелерін тапты. Төбе басынан төмен қарай құлап, ұбақ-шұбақ қайта бастаған елге ақырғы шапағын аямай төгіп, қызара жалқындана күн де батып бара жатты.
Иманжүсіп те аттанайын деп жатыр.
– Бері кел, – деді маған Иманжүсіп.
Сөйтті де қасына барған мені басымнан сипады. Күс-күс болып, жарылып кеткен аяқтарыма қарап тұрды да, қойнынан етіктің бас ұлтанын алып шықты.
– Етік тіктіріп ки, айналайын, – деді қамқор үнмен. Сосын кісесінен бір уыс ақша алып шықты да:
– Мынаған үстіңе киім ал.
Ақшаны көрген жамағайынымның көзі жайнап кетті.
–Бұл қаржыға қиянат қылма шырағым, – деді Иманжүсіп оның пиғылын сезгендей болып.
– Баланың өзіне жұмса – деді де ақшаны жамағайынымның алақанына салды.
– Рахмет, Алладан қайтсын, Имеке, – деп туысқаным қалбалақтап жатыр.
– Жолыңыз болсын жортқанда!
Иманжүсіптер атанып кетті. Іңір қараңғылығы кіре бастаған шақ еді. Ұзай түскен оларды қаусырмалап қоршай түскен түн түнегі лезде жұтып жіберді. Тек торы арғымақты артып алған арбаның майланбаған дөңгелектерінің шиқылы қайтқан қаздай қаңқылдап, көпке дейін естіліп бара жатты. Сол кеткеннен Иманжүсіпті көре алмадым.
4
Көп ұзамай Иманжүсіп ұсталыпты деген суық хабар дүңк ете қалды. Нәшендік мілитсә туысы Нұрғали Тасымов қорған бола алмапты. Кепеудің (ГПУ) жендеттері Иманжүсіпті кісендеп, Әулиеатаға қарай алып жүріпті. Атасу өзенінен өткен соң, ел «Шкөл» деп атап кеткен ескі мектеп бар еді. Қол аяғы кісендеулі Иманжүсіпті сол мектепке бір түн түнетіпті. Торға түскен жаралы жолбарыстай аласұрған Иманжүсіп түнімен күңіреніп ән айтыпты. Жым-жырт түнді жарып шыққан оның күшті зор даусы өзі әнге қосқан Ақтау, Ортау тауларын жаңғыртыпты. Батыр перзентінің қоштасу әнін үнсіз, мүлги тыңдаған тәкәппар таулар көз жастарына ие бола алмапты: еңіреген бұлақтары еңіске қарай еңкілдей құлапты. Оның қасіретті үніне тебіренген Арқаның асыл анасы Сарысу жылап ағып жатыпты. Сол түні оның мұң мен зарға, қайғы мен өкінішке, ерлік пен батырлыққа толы әндері Ақтау мен Атасудың бойын жайлап жатқан жалпақ елге түгел естіліп, тегіс тарапты. Дәрменсіз ел іштен тыныпты, жігіттер шарасыздықтан бармағын тістеп, арулар үнсіз егіліп, жәудір көздерінен жас төгіпті. Аналар жаулықтарымен көз жасын сүрте отырып, «ауызы түкті кәпірлерге» қарғыс айтыпты. Сақалынан тарам-тарам жас аққан қариялар Абылайдың жаугершілік заманын аңсапты, Абылайдың ақ туын Ақтауға әкеп тіккен Кенесары ханның дәуірін еске алып, күңірене күрсінісіпті.
Жаламенен сорладым, мен не дермін,
Тарқамастан барады қайғы шерім.
Алтау ала болғанда ер құрбандық,
Осымен азғаның ба, қайран елім, –
деп өксіпті Иманжүсіп.
Түнімен ән шырқаған есіл ерге ешкім ара түсе алмапты. Қолдарын кісен қиған Иманжүсіп батыр айдалып кете барыпты. Кейін ел ішінде Иманжүсіптің елмен қоштасқан әні тарады. Көп жыл жадымда сақтап жүрдім ол әнді. Құдай әншілік бермесе де, өзіме қиын-қыстау шақта шапағаты тиген аяулы адамның әнін ешкім жоқта іштей ыңылдап айтушы едім. Кәрілік деген адамның жадына келген жұт екен. Есімде екі-үш ауызы ғана қалыпты.
–Айтып жіберіңізші, – дедім бағанадан бері сөзін бөлмей тыңдаған мен шыдай алмай.
– Қазір – деді ол, – Қазір есіме түсірейін.
Ол есіне түсіре алмай біраз жатты.
– Әйелінің аты Күлжәмилә еді. Күлжәмилә күйеуі өлген келіншек екен. Өзі сұлу, өзі жас жесірге қайынаға, қайындары әмеңерлікке таласып жатқанда Иманжүсіп келіп алып кеткен ғой. Әлгілердің ешқайсысы біздің жесіріміз деп айта алмапты Иманжүсіпке. Бетіне тірі жанды қаратпайтын айбатты еді ғой жарықтық. Сол әйелі жайлы айтатын бір ауызы бар еді. Е, міне, енді түсті есіме.
Қалжау, қалжыраған, әлсіз дауыспен әнді жайлап айта бастады:
Көкталдан шығып қондық біз «Школге»
Көз талды қарай-қарай туған елге.
Оралмасым дәм жазып, енді анық,
Күлжәмилә болар екен қандай күйде?
Әрі қарай айта алмады.
– Еске түсер емес, шырағым. Ауру мен кәрілік қоса келіп, ұмыттырды бәрін. Қап! Есімде сақтап кеп едім. Қара басып жатқанымды қарашы.
–Торыарғымақтың тағдыры немен тынды – дедім, қарттың өлеңді есіне түсіре алмасына көзім жетіп, әрі қынжылып.
– Келесі жылы ел ішіне ашаршылық кіре бастады. Иманжүсіптен тірідей айырылған, Күлжәмилә торыарғымақты соғымға сойыпты. Қасапшы жігіттер ноқталап жатқанда өзі ақсақ, әбден арып, тулаққа айналған торыарғымақ жылап тұрыпты; Күлжәмилә әлдекімдерді қарғап, дауыс қойып аңырапты деседі. Атты сойғандар торыарғымақтың жүрегі самауырындай үлкен, өкпелері шайнектей ғана екен, қабырғасын санадық тұп-тура он сегіз, бір жұп қабырғасы артық біткен екен десіп жүрді. Ұзамай Әулиеатада Иманжүсіпті атып тастапты деген суық хабар сумаң етіп, елдің үрейін алып өтті. Одан кейін отыз екінің аштығы басталып, тоз-тозы шыққан ел басымен қайғы болып кетті. Қырылғаны қырылып, аяғы жеткені өзбек, қырғыз асты. Елге ере алмай, әліміз құрып, Жаңаарқаның көшесінде аштан бұралып өлгелі жатқан інім екеумізге «Мырзажанның» адамдары ұшырасып, арбаға тиеген аш балалармен бірге Қарағандының детдомына әкеп өткізді. Жетімдер үйінің қатықсыз қара көжесі мен қайнаған суына іліккен біздер қатарға қосылып кеттік. Тек Иманжүсіп қатарға қосылмады. Қайта ол туралы әңгімелер бірте-бірте бәсең тартып, келе-келе сап тиылды. Әні де айтылмайтын болды. Ғазіз жанның әні түгілі есімі де аталмайтын зәрлі заман орнады жер бетінде. Кең дүние оған келгенде тарылып, тастабандай берді. Иманжүсіпке тек менің кеудемде орын кең еді. Жүрегімнің сонау терең түкпірінде өзім де түсініп болмайтын бір от маздап жататын. Сөйтсем жүрегіме ұялап, жаныма жалын берген оның рухы екен ғой. Маған жетімдік тақсіретін жеңгізген де сол күш дер едім. Бертінде тоң жібіп, сең қозғалған тұста Иманжүсіптің әнін радиодан беретін болды. Қилы заманның құрбаны болған есіл ердің өзім куә болған өмірінің бір сәтін осы тұста айтып көріп едім елге. Кеш қалған екенмін. Орыстанған елде ондай әңгімені ұғатын құлақ қалмапты. Сосын іштен тынып, үндемейтін болдым. Бір жылы осында Алматыдан екі-үш ақын-жазушы келді. Елдің ескі сөзін жинайтын, көкірегі сәулелі жандар ғой деп жолығып, тілдесіп қалмаққа арнайы іздеп бардым. Бірақ сыртта «барып кел, алып келмен» шапқылап, танаулап жүрген совхоз деректірлері мені арызқой біреу деп ойлады ма, жазушылар демалып жатқан үйді қызғыштай қорып, кіргізбей қойғаны. Аупарткомның хатшысымен арақ ішіп, карта ойнаудан қолы босамаған әлгілер бір-екі күннен соң қайтып кетті. Сөйтсем олар Теміртау зауыттарының жеткен жетістіктері мен жасампаз істері жайында кітап жазып жүргендер болып шықты. Зауыт бастықтары оларды өзен бойының таза ауасын жұтсын, көңілдерін сергітіп, демалсын деп, осы өңірге әдейі жіберген екен. Қала, аудан басшыларының қолынан жақсы күтім көріп, жем жеп, қызара бөртіп, көңілденіп, күйленіп алған ақын-жазушылардың мен түгілі Иманжүсіптің өзі тіріліп келсе де, елең қылмасына көзім жеткен кезде ең соңғы үмітім үзілгендей болып еді. Сол уақыттарда:
Халықтың қасиетін жанмен ұққан,
Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды.
Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің,
Жандары бізді де айт деп сыбырлайды, –
деген атақты Иса ақынның өлеңі есіме түсіп, қайта қайраттанушы едім. Содан бір күні аудандық газеттің редакциясына бардым. Қуықтай бөлмеде сыра ішіп, даурығып отырған екі жорналшыға Иманжүсіп туралы әңгімені бастап келе жатыр едім, әлгі екеудің біреуі: – ақсақал мұндай әңгімені газетіміздің көлемі көтермейді, біздің газет аудандық партия комитетінің органы, сондықтан бұнда тек партияның қаулы, қарарлары басылады. Қазір ауданда егін жинау науқаны жүріп жатыр. Сіздің әлдеқашан сүйегі қурап қалған ақыныңызды баспақ түгілі совхоздардан түскен мәліметтердің өзін сиғыза алмай жатқан жайымыз бар, – деп ақталды. Екінші тілші тіпті қылды: Алдындағы бәңкідегі күрең сырадан қылқылдата жұтып жіберген ол: – Ақсақал, – деп бір қойды. Сөй деді де кепкен балықпен әуреленіп кетті. Ақыры кепкен тұқының бүйір қалашын жұлып алып, аузына салды. Асықпай тамсап бірсыпыра отырған соң, – Аудандық газет негізінен орыс тілінде шығады. Көріп отырған екі тілшіңіз қазақ тіліндегі қосымшасына ғана иеміз. Оның өзі аударма. Ал енді, сіз айтып отырған жаңағы ақын ба, әнші ме, кім еді өзі – «халық жауы» болған ғой. Біз де мына жерде Ай қарап отырған отырған жоқпыз. Білеміз ғой бәрін... біліп отырмыз. Сондықтан сіз бізге алдымен әлгі ақыныңыздың ақталғаны жайында прокуротурадан спрәпке әкелуіңіз керек. Ертең аупартком жақтан айғай шықса, не деп ақталамыз, – демесі бар ма, кепкен балық сүйектерін аузынан алып шығып жатып. Осылайша жазушы, тілші атаулыдан әбден түңіліп, көңілі қалған мен бейбақ Иманжүсіптің әңгімесі ішімде кете ме деп уайым қылушы едім. Құдай сені айдап әкелді. Саған аманат бұл әңгіме. Енді өле беруіме де болады.
Ол үнсіз қалды. Сөйтсем жылап жатыр екен. Жұмулы көздерінен аққан жас самайын қуалай, құс жастыққа сіңіп жатыр. Бөлмеде өлі тыныштық орнады. Бағанағы ұли соққан боран да басылған тәрізді. Терезе сыртына әлдеқашан түскен қою қараңғылық енді ішке ентелейтіндей. Біреу келіп бөлменің жарығын жағып кетіпті. Қарттың алдында жылан арбаған торғайдай болып отырған басым осының бірін де аңғармаппын.
– Немене бітпейтін әңгіме сендердікі, – дабырлап Ғинаят кіріп келді. – Боран басылыпты. Не істейміз?
– Қайтайық, – дедім мен. – Елге ертерек жетіп алайық.
– Шәй ішіп алып шығып кетейік, онда.
– Ата сау болыңыз, – дедім мен, оны енді қайтіп көрмейтінімді ойлап.
– Қош бол қарағым. Қайда жүрсең де жолың болсын, шырағым.
Ол еті қашқан саусақтарымен қолымды әлсіз қысты.
Қар басқан көшелерден оппаға батып, одан әзер өткен сары «Жигули» тас жолға ыңырана бебеу қағып, зорға шықты. Күре жолдың да жайы мәз емес екен. Ескі көлік жал-жал болып қалған күсет қарды қинала бұзып, ауыр жүріп келеді. Көңіл түкпірімді зіл батпан ойлар торлап алған. Қарттың айтқан әңгімесінен айыға алар емеспін. Көзімді машина жарығына ілестіріп, қараңғылыққа тесіле қараймын. Көкжиектен шабандау көтерілген Ай сәулесі қарлы даланың түнегін серпіп, айналаны көгіс мұнарға бөктіріп, төңірекке бозғылт реңк бере бастады.
– Әнші деген көңілді болушы еді. Сенікі не осы, тұнжырай бересің? Жол қысқарсын әңгіме айтып отырсайшы, – деді жол серігім. Үні кәдігімгідей ренішті. – Жоқ, әлде әлгі қырсық шал өзіңді үндемейтін етіп, дуалап тастаған ба?
Үнінде кекесін бар ол кеңкілдеп күлген болды.
– Мен көрген әртістер жүз грамды тартып жіберіп, балпылдап анекдот айтып отырушы еді, болмаса қызық көрген, қыз аулаған серілік, періліктерін айтушы еді. Сен ондайға да жоқ екенсің. Шал өзі саған не әңгіме айтты күні бойы? Тағы да жалғыз інісін айтқан шығар? Сол інісінің күйігі ғой, бұл шалды жегідей жеп біткен.
Тағы бір әңгіменің ұшығы шығып келе жатқанын сезе қойдым. Бағана қариядан інісі жайлы сұраудың реті келмеген еді.
– Інісінің детдомнан кейінгі тағдыры немен тынды, – дедім көзімді жолдан алмаған күйі.
– Ә, кейінгісін айтпаған екен ғой. Бірақ не деп айтады? Орыс боп кеткендегісін айта ма, енді?
– Орыс болып кеткендегісі несі?
– Жағдай былай болған ғой. Бұлар детдомға алынған соң, көп ұзамай екеуін екі жаққа айырып жібереді. Інісінен тірідей айырылған біздің шал кейін есін жиысымен бауырын іздей бастамай ма? Ол екі ортада соғыс бұрқ ете қалады. Алғашқылардың бірі болып, әскерге алынған атамыз қан майданнан бір-екі ауыр жарақат алғаны болмаса, құдай сақтап аман есен оралады. Жарақаты жазылып, өзіне-өзі келген соң, інісін іздеуді қайта жалғастырыпты. Ол екі ортада тың көтеру, тағы да басқа науқандар килігіп, атамыздың қолын байлай береді. Тек бертін келе ғана інісінің дерегі Германия ма, әлде Венгрия ма, әйтеуір, Кеңес Одағымен сыбайлас Еуропаның бір елінен шығады. Сөйтсе інісі әскери адам, сол елде тұрған кеңес әскерінің бірінде дивизия командирі екен. Шал мұны анықтағасын, інісіне телеграмма беріп, телефонмен сөйлесуге шақырады. Келісімді уақытында екі мемлекеттің байланысшылары ағалы-інілі екеуін телефон тұтқасында табыстырады. Біздің шал кемсеңдеп, біресе еңкілдеп жылап інісімен дұрыстап сөйлесе алмайды. Жалғыз-ақ: «жалғызым-ау, жарығым-ау, бұл күнге жеткізген, сенің даусыңды естірткен Алла Тағалама ризамын, енді сені бір көріп өлсем арманым жоқ», – дей беріпті. Әр жақтан үн-түнсіз тыңдап тұрған інісі: «Говорите по русский» деп қалыпты. Абыржып қалған ағасы: «Қазақшаны ұмытыңқырап қалған шығарсың, орысша сөйле десең, орысша сөйлесейік, тек өзің бірдеме деші» десе, «я уже сорок лет на чужбине, поэтому родной язык не помню, ага» деп тілге келіпті. «Ағалаған» даусыңнан айналдым, уа аруақ, қу жалғызды өзің жебе» деп ағасы зар еңірепті. Қойшы, сөйтіп өшкені жанып, өлгені тірілген атамыз ауыл аймақ, дос-жарандарын шақырып, дүркіретіп той жасады. Сол тойға шетелдегі бауырын да отбасымен шақырған еді, бірақ әскери қызметтің қатаң тәртібіне бойұсынған інісі елге келе алмады. Оған реніш қылған ағасы жоқ, одан кейін тағы да телефонмен хабарласып, інісінің екі ұлы барын білгенде тіпті масайрап кетті. Сөйтіп жүргенде бауырының қызметі Мәскеуге ауысқаны жайында хабар алған ол көп ойланып жатпастан ұшақпен алып-ұшып Мәскеуге жетеді. Ұшақтан түссімен бірден такси ұстап, тура інісінің үйіне барыпты. Таңертеңгі уақыт екен. Інісі жұмысқа кетіп қалған. Орыс келіні ернін жыбырлатып амандасқаны болмаса, келген қонаққа аса ыңғай бере қоймапты. Томсырайып отырысып шай ішіпті. Інісіне елдің дәмін сағынған шығар деп, үйткен қой, сүрленген қазы, қозы қарын май, басқа да базарлықтар алып барса керек. Онысын да келіні мұрнын тыржитыңқырап, жақтыра қоймапты. Сөйтіп отырғанда ағасынының келгенін естіген інісі келіп жетіпті. Екеуі ұзақ көрісіп, құшақтары ажыраған соң, жөн сұрасып, әңгімеге көшіпті. Інісі иығында генерал шені жарқыраған, зор тұлғалы, көрікті, толысқан жігіт ағасы болыпты. Үлкені осының бәріне сүйсініп, тәубе қылып отырыпты. Келінінің қабағы ашылмай қойғанын, әкелген сыбағасын босағада қалдырғанын да көңіліне ала қоймапты. Бір уақта әлденеге қуанулы екі ұлы келіпті. Сөйтсе соқталдай-соқталдай болып, ержеткен екі ұлдың кішісі он алты жасқа толып, сол күні үйіне төлқұжатын әкеп тұрған беті екен. Әке-шешесі төлқұжатты қолдарына алып, айналдыра көріп, қуанып жатыр дейді. Біздің шал да екі ұлды емірене құшақтап, беттерінен сүйіп, көрімдікке тұтас жиырма бес теңгесін ыңғайлап, төлқұжатты қолына алып бетін ашыпты. Қараса! О, тоба! Көрген сұмдықтан ағасының көзі атыздай болыпты. «Астапырла, мүмкін, емес, Құдай сақтасын» дей беріпті, жалғыз-ақ. Төлқұжатты өздеріне беріп, көрімдікке деген жиырма бес сомды қайтадан төс қалтасына сүңгітіпті.
– Соншалықты не болыпты – дедім мен. – Төлқұжаттан не көрген сонда?
– Айтарың бар ма? Ұлты көрсетілетін тұста тура «ебірей» деп жазылып тұр дейді.
– Шынында да сұмдық екен. Неге өйткен?
– Атам да осы сұрақты інісіне қойыпты. Інісі болса: «маған не қыл дейсің, ебірей ұлтында ұрпақты шешеден таратады, туған бала шешесінің ұлтына жазылады. Бұған мен дәрменсізбін» деп ақталыпты. «Сонда қалай? Мен де үш қыз, жалғыз ұлды тың игеруге келген переселендер пышақтап өлтірді. Сенен туған екі ұл «ебірей» болыпты. Осымен тап-тақыр, тып-типыл болғанымыз ба? Бектас әулетінің шырағы сөнді, шаңырағы ортасына түсті, ақыр-тақырымыз осы десейші», – деп шыр-пыры шыққан ағасы жанын қоярға жер таба алмапты. Ағасының келмей жатып, араласпай жатып, берекелерін алғанына, отбасының тыныштығын бұзғанына інісі үнсіз төзіп, тұнжырай беріпті. Қатын баласы үрпиіп, состиып-состиып тұрып қалғаны болмаса, ағалы-інілінің ісіне араласа қоймапты. Әлден уақытта ағасы жан қалтасынан мүйіз шақшасын алып шығып, көк бұйра насыбайдан ерніне бір атым тастап жіберген соң, біруақ өзіне-өзі келгендей болыпты. Жанында жатқан газеттен жыртып алып түкіргіш орап, оған шырт-шырт түкіріргені сол-ақ екен, осының бәрін бағып тұрған бір ұлы әкесіне дүрсе қоя беріпті:
– Папа, смотри, твой родственник какой-то наркотик курит. Фу, папа, он еще плеется. Что он так себя ведет в нашем доме.
– Это мой единственный родной брат, я вам расказывал о нашей тяжелой судьбе. Мы не виделись почти сорок лет, Я прошу вас поймите его – депті інісі сабырмен.
– Келін, – депті аздаған үнсіздіктен кейін ағасы,– ақылға келейік, Бір баланы атасының атына жазуға келіс, айналайын, Екі ұлдың бірі – Бектасов болсын, бұдан басқа жолды көріп отырған жоқпын, мені дұрыс түсін шырағым, өтінемін – депті жалынышты үнмен.
– Жоқ! Жоқ! – депті жан дауысы шыққан келінінің. Бағанадан бері әзер шыдап тұрған әйелдің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығыпты: – Ешқашанда! Бұндай сұмдықты айтуға қалай дәтіңіз барады! Балалар менікі. Біреудің отбасында шаруаңыз болмасын! Әлде бізді айырылыстыру үшін келдіңіз бе? Ол ойыңыз бола қоймас. Солай депті де күйеуіне дүрсе қоя беріпті: – Біз үйленгелі жиырма бес жыл болды. Содан бері қайда жүрген бұл ағаң? Енді келіп, сен генерал болғанда іздеп келіп отыр. Тағы қандай туыстарың бар еді, сенің ол жақта. Ұзамай үйімізге жарты Қазақстан ағылатын шығар, – деп тұлданыпты інісінің әйелі.
Бұдан арғы әңгіменің жараспасын сезіп, бөгелісті жөн көрмеген ағасы, тез жиналып үйден шығып кетіпті. Соңынан інісі қуа шығып, бірдеме айтып, тоқтатқысы келген екен, қайырылмапты. Сол сапардан атамыз үйге жетіп бір-ақ құлады. Келгеннен соң, бөлмесіне ешкімді бас сұқтыртпай, тірі жанмен тіл қатыспай, қатты құсаланды. Біраз күн өткен соң ғана, өзіне өзі келіп болған уақиғаны өзіне жақын деген жандарға ғана қинала, жаны азап шеге отырып айтып берді. Осы оқиғадан кейін былай да тұйық адам, мүлде оқшауланып алды. Кейде атына мініп, дала кезіп кетіп жүрді. Кейін мүлде үйден шықпайтын болды. Ақыры осыдан бір жыл бұрын осы дертке шалдықты. Ауруы бірте-бірте асқынып барып жығылғалы екі айдан асты. Халі күннен-күнге төмендеп барады. Қайта сенімен әңгімелесуге күш тапқанына қайран қалып келемін, – дей берген ол рөлді кілт бұра бере тежегішті басты. Ырыққа көнбеген көлік тайғанақтап қиыстай берді де, жол бұрылысындағы итжондана үйіліп қалған қарға барып тұмсығымен кіріп кетті. Көліктен түспеске болмады. Екеулеп итеріп, әзер дегенде машинаны жолдың ортасына шығардық.
– Итаяқты жақсы алушы шықса сатып жіберіп, шетелдік көлік алмақпын – деді екі иіннен дем алып, ентігін басып тұрған ол. Сөйтті де қалтасынан темекі алып тұтатты. Мен көлігіміз ауып қала жаздаған тұсты барлауға кірістім. Қалың қарға кептеліп қалғанымыз қандай жақсы болған. Енді сәл болғанда етекке қарай ауып түскендей екенбіз. Күтпеген бейнеттен аман қалғанымызға іштей шүкіршілік етіп, түнгі аспанға қарадым. Әлдеқашан маңдай тұсқа шығып алған толған айдың мол түскен сәулесі қардың бетін ақ күмістей жарқыратады. Ақпан туған соң, тас төбеге көтеріле алмасын білетін Үркер жамбасқа ауа бастапты. Басқа жұлдыздардай жымыңдауды білмейтін Есекқырған бір қалыппен суық шақыраяды. Түнгі дала күнімен соққан сұрапыл бораннан соң, тыныстап жатқандай. Шыңылтыр, тұп-тұнық саф ауаны кеудемді кере жұтқаннан ба, санам шайдай ашылып сала берді. Неге екенін білмеймін, дәл осы сәт көңіл түкпірімді Дайрабайдың «Дайрабай» күйінің сарыны кезіп, кеудем күмбірлеп кеткендей болды. «Шіркін! Қанша жерден қасірет шексе де, еркіндік сүйген ерлердің өмірі бәрібір сұлу; өмір сұлу болған соң, өнер де сұлу» дедім іштей. Ерлік жасаттырып алып, өлтіретін қоғамың болғаны қандай бақыт деген күпір ой санамды осқылап өтті. Адамзат басынан қандай заман өтпесін, қандай жүйе орнамасын – олардың барлығы тұлғаны қорлаумен, мазақ қылумен келеді. Әсіресе, тобырлық сана жайлаған қоғам тұлғаның, өнерпаздың шеккен азабынан, тартқан қасіретінен ләззат алады. Бұл кез келген қоғамның пешенесіне жазылған мәңгілік дерт. Құдайдың адамзатқа берген теріс батасының тақсыретін тұлғалар тартатыны сондықтан, – деген запыранды ой кеудемді қарып өтті. Көз алдымда Балуан Шолақ, Мәди бейнелері тұрып алғандай. Кеудемде алай-түлей «Дайрабай» күйі буырқанады. Орман ойлармен арпалысып тұрып, күні бойы жанымды жеген көңілсіздіктен біржола арылғанымды, боранды күнгі сапарыма, енді ризашылық білдіріп тұрғанымды сездім. «Иманжүсіптің әңгімесіне жолыққаным қандай жақсы болды, кежегем кейін тартқанына көніп, үйде қалғанымда масқара болады екен» дедім күбірлеп.
– Кеттік, – деген жол серігімнің де даусы көңілді шықты. Көлікті оталдырып жүре бергенде разы болған көңілмен қолын қыстым. Түкке түсінбеген ол бетіме ажырая қарады.
– Алла разы болсын, – дедім мен тағы да ризалығымды білдіріп. Түкке түсінбей аңырған ол жылдамдықты үдете түсті де – Шетелдік көлік алсам, жүргеннің көкесін сонда көрсетемін, – деді менің ризашылығымның төркінін өзінше жорып.
Сары «Жигули» қарлы бөгесіндерден қинала өтіп, бар күшімен дызылдай безек қағып келеді. Түнгі жол ұзарып кеткендей жеткізер емес. Машина орындығына шалқая отырып. көзімді жұмдым. Кеудемде «Иманжүсіптің әні» атой салып келеді:
Күнім қайда баяғы таңдай атқан,
Көшесін Қараөткелдің дабырлатқан.
Бидайықтай ілуші ем аққу, қазды,
Жарқанат болғаным ба бұғып жатқан?
Дұшпаным көп сыртымнан табалаған,
Соңымнан иттей шулап абалаған.
Қараөткелдің кіргенде көшесіне,
Маржалары көрем деп қамалаған.
Шідерімді шыңғыртып атқа салдым,
Иманжүсіп атымды хатқа жаздым,
Ата-баба дәулеті арқасында,
Басымды суға салдым, отқа салдым.
Жігіт едім елімде гүл жайнаған,
Ерегіскен дұшпанды жай қоймаған.
Бағың таяр басыңнан күн туғанда,
Төбеңе дұшпан шығып ат ойнатқан...
5
Арада үш аптадай уақыт өтті. Ызғарлы қыстың бет қаритын аязды күндерінің бірінде жұмысқа баратын көлік тосып аялдамада тұр едім. Кенет аялдамадан өте берген шетелдік жеңіл көлік кілт тоқтай қалып, жалма-жан сигналын безілдетіп қоя берді. Бірақ қанша бепілдетсе де әлгі көлікке ешкім тақала қоймады. Қайта бұл өзі кімді шақырып тұр дегендей аялдамада тоңып тұрған жұртшылық жақтырмағандай бір-біріне аңтарыла қарасты. Мұндай көлігі бар танысым жоқ болған соң, мен де онша назар аударма қоймадым. Машинаның ішінен таныс біреу домалап түсіп жатыр. Тани кеттім, Ғинаят!
– Әншім-ау шақырып тұрмын, шақырып тұрмын. Неге келмейсің?
– Танымай қалдым. Көлік алғансыз ба?
– Иә, түнеукүні өзіңе алам деп жүрген көлігім осы.
– Құтты болсын! Игілігіңізге мініңіз.
– Рахмет бауырым, отыр. Баратын жеріңе жеткізіп салайын.
– Шетелдік көліктің қорлығы өтіп жүр еді. Алдым ақыры,– деді ол машинаға отырған соң, – Сары «Жигулиді» сатып жібердім. Жақсы бағаға кетті. Ол енді жаңа көлігін мақтай бастады. – Мынау рахат болды. Әнеукүнгі «Жигулимен» жарты күн жүрген ауылға бұл ет пісірім уақытта жетіп барады. Іші жып-жылы, сырт киімсіз отырасың. Жайлы көлік мінсең жақсы өмір сүреді екенсің. Жолың болады. Шаруаң да жүреді. Ісің де оңға басады. Көрмейсің бе? Қытайға темір өткізуге тесік таппай жүр едім. Құдай бәрінің сәтін салды. Тау-тау темірлерім темір жолмен тоқтаусыз ағыла бастады. Тіфа, тіфа. Тіл көзден сақтай көр. Ол көлігінің рөліне түкірді. – Бәрінен қайын жұртқа барғанда қысылмайсың. Жаман мәшинеммен барғанда қорына беруші едім. Енді жақсы болды.
– Ақсақал аман ба? Денсаулығы қалай? – дедім оның сөзін бөліп.
– Ә, сен естіген жоқсың ғой. Өліп қалды шалың.
– Қашан? – даусым қаттырақ шығып кетті.
– Той өткен соң, бір апта өтер-өтпесте қайтыс болды. Жерлейтін күні алай-түлей боран соғып, зорға қойдық.
– Иманды болсын. Көрмеген көшесінен жарылқасын.
Көңілім су сепкендей басылып қалды. Түсетін жеріме келіп қалған екенмін.
– Келдік. Осы жерге тоқтаңыз, – дедім көліктен тезірек түсіп кеткім келіп.
– Айтпақшы қызық жағдай болды – шал өлерде.
Есігін жауып үлгермедім. Ғинаятым тағы бір әңгіменің шетін шығарды. Әңгіме қарттың өлімі жайлы болғандықтан, тыңдауға тура келді.
– Өлетін күні қатты қиналыпты. Балалары, туған-туыс жақындары түнімен жанында күзетіп отырыпты. Енді, атымызды атар, өсиетін айтар деп күткен ғой ұрпақтары. Ол болса, ерегіскендей үн-түнсіз жатып алып, мүлде сөйлемей қойыпты. Қара жер хабар бермесін, өзі де қырсық шал еді ғой. Тек бақиға кетер алдында көзі жұмулы жатқан күйі, адам түсінбейтін бір әннің сарынын қайта-қайта қайталай беріпті. Жиналғандардың бәрі шалды сандырақтай бастады деп ойласа керек. Бірақ, ол кенет көзін ашып, жан-жағына қарапты. Жиналғандарды өлеусіреген, нұрсыз жанарымен қыдырта бір шолып өтіп, көзін қайта жұмыпты. Сөйтіп жатқан аурудың «Имеке, Иманжүсіп аға...» деп бейтаныс біреудің атын атағанын, бірдеме деп күбірлегенін жанында таяу отырғандар түгел естіпті. Естігендер ұға алмай қалып: «Иманжүсібі кім» – деп бір-бірінен сұрасып жатыр дейді. «Шалдың мұндай туысы жоқ сияқты еді, онысы кім болды екен», деп үлкендер де дал болыпты. Сөйтіп өлер алдында да бірдемені жұмбақтаған қырсық шал сол күні кеш бата, күн ұясына қона бергенде үзіліпті.
Қарттың өлімі мені тебірентіп жіберді. Орнымнан қозғала алмай тұрып, қалыппын.
– Енді бар ғой, әрі қарай тыңда!
Қызынып алған Ғинаятым тоқтар емес.
– Менің орыс боп кеткен балдыздарым не дейді де: «Гена, ты нам найди папин родственник. Он нам при жизни про него ничего не рассказывал. Только мы его имя знаем. Его зовут Иманжусуп», – деп маған жалынады.
– Әй көкетайларым-ау, ең құрымаса туыстарыңның фамилиясын білмейсіңдер, мен қалай табам десем, – Наверно Бектасов? Ну, ты у нас настоящий казах, ты сможешь – деп қайта жабысады. Не дерімді білмей пұшайман боламын.
Әрі қарайғы әңгімені тыңдағым келмей, кетуге ыңғайландым. Көп сөйлеп кеткенін ол да сезіп, көлігін асығыс оталдыра салып жылжи бергені сол еді, санама сарт ете түскен ой оны жалма-жан тоқтатқызды. Есігін аша беріп, айғай салып:
– Шалдың туысқанының фамилиясы – Құтпанов. Иә, Иманжүсіп Құтпанов, – дедім.
– Оны қайдан білесің, кім айтты саған? - деген оның көзі шарасынан шығып барады.
– Той күнгі әңгімеде атаңыздың өзі айтқан маған.
– Тірі ме екен өзі? Қайда тұрады екен? Мекен-жайын айтқан жоқ па?
– Жоға! Әлдеқашан сүйегі қурап қалған.
Қитығып тұрғанымды сезбестен, ол маған сауалдар қоюмен әлек.
– Қалай, қашан өлген сонда, қай жерде жерленіпті?
– Бір мың тоғыз жүз отыз бірінші жылы 2-інші наурызда ГПУ-дың жендеттері атып өлтіріпті. Сүйегі Тараз қаласының астында қалыпты, – дедім тап бір есеп бергендей тақылдап.
– Апырай, ә, қызық жағдай екен. Шалың мұны бізге неге айтпаған ә, – жүре берген ол тағы да тоқтай қалды. – Енді оның сүйегін Тараздың қай көшесінен іздейміз, – деді абыржыған дауыспен.
– Білмеймін, – дедім қырсыға. Ол кете барды.
Сүлдерімді сүйреткен күйі жұмыс бөлмеме келдім. «Қазақ радиосы» халық композиторларының әндерінінен концерт беріп жатыр. Диктор: «Иманжүсіптің әні». Орындайтын Қайрат Байбосынов» – деп хабарлады.
...Қыран едім, қор болдым торға түсіп,
Аспаныма шығармын бір күн ұшып.
Қырық мың қатын Қыпшақтан ұл туса да,
Бірі де бола алмайды Иманжүсіп!
Кісендеулі аяқ-қол кетті тыным,
Тар қапаста өксумен өтті күнім.
Торға түскен торғайдай тыпыршиды,
Жаңғыртқан Сарыарқаны қайран үнім.
Ақтау, Ортау, Сарысу, Көктіңкөлі,
Жаз болса, жайлаушы еді көшіп елі.
Сағынғаннан көзіме жас келеді,
Ақ туын Кенесары тіккен жері...
Көзіме келіп қалған ыстық жас бетімді жуып бара жатты...
Ерлан Төлеутай,
Abai.kz