Арқадағы Тарих факультеті "Алаш" апталығын қорытындылап, жаңа өзгерістер енгізді

8235
Adyrna.kz Telegram

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің  Тарих факультетінде «Жас Алаш» ғылыми-зерттеу клубы қатарына бірінші курс студенттерінің ант қабылдау рәсімі және «Алаш апталығын» қорытындылауға орай мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Іс-шараны факультет деканы Жамбыл Жұмабек ашып, Тәуелсіздік кезеңіндегі Тарих факультетінің дамуын айтып, ұлық мерекеге орай студенттер мен ұстаздарды марапаттады.

- Тәуелсіздікке қол жеткізуде біз көп нәрсені бастан кешірген халықпыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, біздің факультетте бірқатар іргелі тарихшы ғалымдар еңбек етіп келеді. Өкінішке қарай, біздің көп ұстазымыз осы 30-жылдықты көре алмай кетті... Кейбіреулері осы жақын арада қайтыс болды... Біз өткен жылы осы университетіміздің ректоры Нұрлан Дулатбековтың бастамасымен «Қалдырған ізін мәңгілік» деген үлкен естелік кітабын шығардық. Осы университеттің іргесін қалап, көркеюіне өз үлестерін қосқан 200-ден астам есімдер осы кітабқа енгізілген болатын. Ұлы тұлғалардың есімі жүрегімізде мәңгілік қалады, ешқашан ұмытылмайды. Естелік кештер өткізіп тұрамыз. Осындай кішкентай ғана естеліктерден біздің факультеттің тарихын көруге болады. Біздің тарих факультетінің ғалымдары соңғы 30-жылда әлем таныған тарихшыларға айналды. Қазіргі іргелі ғалымдардың үлкен ғылыми басылымдардағы жарияланымдары шетелдік ғалымдар тарапынан мойындалып, үлкен баға берілді. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруда археология саласында үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Бір ғана мысал, сонау Жапонияның ғалымы, профессор Мураками осы қазақ даласын іздеп келіп, Кент тауларында студенттермен бірге археологиялық ғылыми зерттеулерге қызығушылық білдіруінің өзі үлкен бір сырды аңғартады. Сонымен біздің факультетіміз қазір тарихи бір өзгеріске енді. Дәл осы ғимаратта 1972 жылы, дәл осы сахнада біздің Евней Арыстанұлы Бөкетов университетіміздің алғашқы тұсауын кескен болатын. Міне, біз сол тарихи залда, тарихи орында отырмыз. Оны да ұмытпағанымыз абзал, - деп факультет тарихына қатысты қызықты мәліметтерімен қоса естен кетпес естеліктерімен бөлісті.

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.к., доцент Нұрсахан Бейсенбекова болса, Ақ орда деген сөзді айтуға батылы бармай жүрген қазақ бүгін Ақ ордасын салдырып, қазақтың тәуелсіздігінің символын көрсеткендігін атап өтті.

- Ата-бабамыздан мұра болып қалған ынтымақ пен бірлікті тасқа жазған Күлтегіннің тасы елімізге оралды. Онда не деп айтылып еді? "Ауызбірліктің жоқтығынан бек ұлдарын құл болды, пәк қыздарын күн болды"... Міне, сол ауызбіршілікке шақырған 30-жылдықтың да мерекесі келіп жетті. Кешегі қарақшылардың қанжығасында кеткен хандарымыздың басы елге оралды. Отаршылдардың аяғында тапталған шаңырағымыз бүгін тәуелсіздігіміздің символы ретінде аспанға көтерілді! Көк байрағымыз аспанда желбіреп тұр. Кешегі ата-бабамыз Алаш арыстарының сүйегі қайда қалғанын білмей жүрген қазаққа олардың атына күмбездер орнатып, соған зиярат етуге мүмкіндік алдық. Әлихан Бөкейхан ауданына қол жеткізуіміздің өзі кешегі Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай "ордалы жерде орнымызды, олжалы жерде олжамызды, үлесті жерде үлесті жерімізді алдырған" дегенімен дәлме-дәл келіп отыр. Тәуелсіздік қадірін білетін жас ұрпақ келді! Біздің замандастар, біздің ұрпақ сіздерге елдіктің жеті тұғырын аманат етіп тапсырды. Енді осы аманатқа қиянат жасамай, ары қарай келесі 40-жылдықта, 50-жылдықта, 60-жылдықта сіздер осы Тәуелсіздікті жеткізіңіздер!, - деп жастарға еліміздің тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтауға шақырды.

Шара барысында арнайы Алаш апталығына шақырылған дәстүрлі әнші Меруеш Башай «Шаңырақ» термесін орындап, көпті тәнті етті. Сондай-ақ жас студенттердің орындауында «Желтоқсан ызғары» тақырыбында сахналық қойылым көрсетіліп, жиылған қауымды разы қылды.

Одан әрі қарай «Жас Алаш» ғылыми-зерттеу клубы қатарына бірінші курс студенттерінен ант қабылдау рәсімі өтті.

 

Ең басты тарихи жаңалық, 25 жылдан астам уақыт «Жас Алаш» ғылыми-зерттеу клубына жетекшілік еткен Нұрсахан Ахметқызы клубтың жетекшілігін жастарға табыстағысы келетінін айтты.

- Кейінгі келе жатқан буынға сабақтастық болсын деп, дарынды тарихшы, жас алаштанушы ғалым Әділет Жағыпарға клуб жұмысын жүргізуді сенім артып, тапсырдық. Бұдан былай ай сайын өтіп тұратын түрлі отырыстардың тізгінін Әділет Жағыпарға берсек дейміз», - деп клуб жетекшілігін ресми түрде Әділет Жағыпарға табыстады.

Клуб жетекшілігін қолға алған Әділет Жағыпар алдағы уақытта жастармен бірлесіп жұмыс жасайтындығына қуанып, аға буын ұстаздардың сенімінен шығуға барынша тырысатынын атап өтті. Сонымен қатар сөз соңында Тарих апталығы барысында Алаш бойынша мәліметтер мен өзекті тақырыптарды қозғаған дәріскер ғалымдарға, тыңдарман қатысушыларға, ұйымдастыру жұмыстарымен көмектескен әріптестерге өз ризашылығын білдірді.

- Тарих факультетінің ұйымдастыруымен 5-13 желтоқсан күндері аралығында Алаш апталығы өткен болатын. Бұл Алаш апталығының тарихи символикалық мәні бар. Екінші жалпықазақ съезі — 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда Алаш автономиясы, ең бастысы Алаш Орда үкіметі құрылған болатын. 5-нен бастап "Тарих апталығының" ашылуын жатақхана студенттерінен бастадық. 6-сынан бастап, тарихи танымдық кеш өткіздік. Ол жерде сол кезеңдегі тарихи сабақтастықты көрсеткіміз келіп, осы кезеңдегі жастардың астыртын, саяси ұйымдарында болған Кәміл Жүністегі және Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Абай Абдрахманов сынды ағаларымызды шақырып, студенттермен кездестірген болатынбыз. Одан әрі қарай біздің дәрістер циклы басталды. Дәрісіміздің шымылдығын алаштанудың негізін салушылардың бірі Мәмбет Қойгелді ағамыз ашты. Сонымен қатар белгілі әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлы, Зәуреш Ғалымжанқызы, Нұрсахан Ахметқызы және осы кезеңдердегі Еркін Ерланұлы, Абай Мырзағали сияқты Алаш тақырыбын тереңінен зерттеп жүрген ғалымдар мен жас зерттеушілер дәріс оқып, 12-сі аяқтадық. 13-желтоқсан осы Алаш апталығының жабылу рәсімін өткіздік. Сондай-ақ, 1995 жылдан бері Нұрсахан Ахметқызының осы клуб ретінде құрылған «Жас Алаш» ғылыми-зерттеу клубы бар екендігін бәріміз білеміз. Осы клуб 1995 жылдан бері өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып келе жатыр. Бүгін сол клубтың жетекшілігін бізге тапсырды. Енді ары қарай, жоспарға сай жұмыстар атқаратын боламыз.

"Біздің ең басты мақсатымыз – осы «Жас Алаш» ғылыми-зерттеу клубының студенттеріне осы Алаш турасында мол мағлұмат беріп, әр түрлі ғылыми мақалалар жазуға баулу, тарихи-танымдық кештер ұйымдастырып, әр түрлі осындай шараларды ұйымдастырамыз ба деген жоспарымыз бар", - деп қорытындылады сөзін жас ғалым Әділет Жағыпар.

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер