«Ақ жол» партиясы: "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қажет"  

2138
Adyrna.kz Telegram

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайыловқа Мәжіліс депутаты А.Әбілдаев депутаттық сауалды  жолдады.

Оның айтуынша, Қазақстан халқының банктердің алдындағы берешегі күн санап артып бара жатыр. Қазіргі уақытта халықтың 27 пайызы – банктерге борышкер. Ал ипотекалық несиедегі берешегі 2,716 трлн теңгеге жеткен. Тұтынушылық мақсаттарға алынған несие 5,19 трлн теңге болса, мерзімі өткен берешек мөлшері — 199 млрд теңге.

— Елімізде заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заң бұрыннан жұмыс істеп келеді. Ал, жеке тұлғалардың, яғни қарапайым азаматтардың банкроттығы туралы заң жоқ. «Ақ жол» партиясының депутаттары «жар құлағы жастыққа тимей» бұған дейін «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы керек» деп жүргеніне он шақты жыл болды. Бұл бастаманы сол кезде Қаржы министрлігі іліп әкеткенімен, әлі күнге дейін үнсіз қалып, Үкіметтен де қолдау таппай отырмыз. Ал, халық қарызға белшесінен батып барады. Әлемдік тәжірибелерге сүйенсек, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң оларда қолданыста жүр. Біздің қоғамымызға да аталмыш заңныңқажеттілігі өткір болып тұр.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, еліміздің өркендеуінеөз үлесімізді қосамыз деп- жалғыз пәтерін кепілдікке қойып, өз істерін бастаған азаматтардың қазіргі таңда 90 пайызы несие алып, көпшілігі оны қайтара алмай банкрот болды. Бұл жағдай әсіресе, валютамен несие алғандарға тиесілі. Өйткені28 жылда өзіміздің ұлттық валютамыз оңдаған есе арзандап,банктердің тілімен айтқанда жүздеген пайызға құнсызданды. Бұндайға қандай кәсіпкер шыдай алады!? Банктер кепілдікке қойылған мүлікті өздерінің ұнаған бағаларына сатып, қалған ақшаны борышкердің мойына іледі. Екінші деңгейлі банктер Ұлттық Банктің алдында провизия төлемеу үшін соммаларды өздерінің банктік жүйесінен шығарып, коллекторлық компанияларыға төменгі бағамен сатады.Бұдан жеке банкирлерді байытқаннан басқа, мемлекетке түсіп жатқан ешбір пайда жоқ, — деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, банктер мен микрокредиттік ұйымдар халыққа несие беріп,көмек қолын созады, ал ол ақшаны қайтару кезінде түсіністікпен қарамайды. Өз беделін сақтап, сүттен ақ, судан таза күйінде қалады да, халықтан соңғы тиынына дейін сыпырып алуды коллекторларға беріп қояды.

— Федор Андреевич Щербин өзінің «Киргизская народность в местах крестьянских поселений» атты жазбасында, қазақтарды «мұндай бауырмал халық әлемде некен-саяқ кездеседі» - деген анықтама берген. Сол бауырмалдылық қайда?  Ал коллекторлықтың "қылықтары" баршаға мәлім. Қазіргі таңдаолар - жанашырлық, қамқорлық білдіретін құндылықтарымыздан жұрдай болып,қарақшыдан да сорақы болып барады. Қарақшының өзі соңғысын тартып алған. Олар әлеуметтік көмек пен зейнет ақыға да қол сұғып отыр. Сонда ол азамат қалай өмір сүрмек? Тек оған- шарасыздықтан өз өзіне қол жұмсау ғана қалады.Бұл ащы да болса - шындық. Кеше ғана Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қолдадық. Ол заң жобасы қылмыс жасап сотталған адамдарға Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасауға бағытталған. Ал енді, қылмыс жасап сотталғандарға рақымшылық жасап отырған мемлекет -  қандай да бір оқыс оқиғаға ұшырауының салдарынан қаржылық қиындыққа тіреліп отырған азаматтарымызға неге қамқорлық жасамасқа? Айтарым, қарызын төлей алмай қан қақсап отырған жандар да,біздің қоғамымыздың бір бөлшегі емес пе? Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдамадық, тым құрығанда неге оларға да амнистия жасамаймыз?!

Мемлекеттік органдар бір нәрсені түсінуі керек: егер осындай жүйелі проблеманы біздер соған сай жүйелі жолмен шешпесек, яғни, аталмыш Заңды қабылдамасақ – қиын жағдайға ұшырағандар тарапынан бұндай несиелі амнистия туралы талаптар жыл сайын көтеріле де, күшейе береді. Осыған байланысты, Құрметті Әлихан Асқанұлы, «Ақ жол» Демократиялық партиясының депутаттары Парламентке қарау үшін «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын» тездетіп даярлап, енгізуді немесе Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты қандай да бір оқыс оқиғаға ұшырауының салдарынан қаржылық қиындыққа тіреліп отырған азаматтарымызға рақымшылық жасауды және сол Заң қабылданғанша, коллекторлік компанияларды, яғни «заңдастырылған рэкетті» тізгіндеуді сұраймыз, — деді А.Әбілдаев өзінің депутаттық сауалында.

 

«Адырна» ұлттық порталы.

 

 

 

Пікірлер