Қазақстанда ең жоғары жалақы қай өңірде тіркелген?

2284
Adyrna.kz Telegram

Алматыда орташа жалақы көлемі еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда 20 пайызға жоғары, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Zakon.kz сайтына сілтеме жасап. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров мәлімдеді.

Сонымен қатар, әкім орынбасары 2021 жылдың 11 айында қаланың экономикалық көрсеткіштері туралы есеп берді.

Алматы республикалық бюджеттің негізі болып табылады, республикамыздың басқа өңірлеріне қарағанда жетекші орында. Қаланың ЖІӨ еліміздің ЖІӨ көлемінің бестен бір бөлігін құрайды (бірінші жартыжылдықта – 105,5%, ҚР бойынша – 102,4%), ал мемлекеттік бюджетке салықтық түсімдерден бүкіл ел аумағының барлық түсімдерінің төрттен бір бөлігін құрайды, деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров.

Өткен жылы карантин мен локдаунның енгізілуіне байланысты бизнестің салық төлеу мерзімі кейінге шегерілгені атап өтілді. Жергілікті бюджетке шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін корпоративтік табыс салығы бөлініп берілді, сондай-ақ республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттің 64,4 млрд теңге мөлшеріндегі шығындары өтеліп алынды.

Ілияс Өсеровтың айтуынша, биыл салық түсімдерінің өсу қарқыны жоғары.

11 айдың қорытындысы бойынша, біз өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда салық түсімдерінің 28,7%-ға өскенін байқап отырмыз.

Алматы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров

Карантиндік шектеулерден көп зардап шеккен мәдениет, ойын-сауықтан басқа барлық салалар бойынша биыл салық түсімінің артқаны байқалады.

Сауда-саттық – 144%, байланыс – 161%, қаржы және сақтандыру – 137%, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 121%, құрылыс салаларында 120%-ға салық түсімі артты.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, биыл III тоқсанда жалақы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,1% - ға өсті. Қала бойынша, орташа айлық жалақы республикалық деңгейден 16,4%- ға жоғарылап, 283 700 теңгені құрады (ҚР бойынша - 243 667 тг).

Жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің негізгі үлесі – жалақы салығы (54,4%). 10 айға жеке табыс салығы барлық салық түсімінің (604,6 млрд теңге) 32,9%-ын (199,1 млрд теңге), әлеуметтік салықтың 21,5%-ын (130 млрд теңге) құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЖТС 30,5% -ға, әлеуметтік салық 17,1% - ға өсті, деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер