Ақтөбе облысында Елбасы ашқан нысандар

538
Еліміз тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде республикамыздың түкпір-түкпірінде, оның ішінде Ақтөбеде Елбасының қатысуымен бірқатар ірі кәсіпорындар ашылып, зәулім ғимараттар бой тіктеді. Бүгінгі күні бұл нысандар Ақтөбенің ажарын айшықтап, ел игілігіне қызмет етіп отыр. Тұңғыш Президент күніне орай біз осы нысандар туралы жазған едік...

«Нұр ғасыр» мешіті

Бүгінде ақтөбеліктердің ғана емес, күллі еліміздің мақтанышына айналған, «Қазақстанның Тәж-Махалы» (Мырзатай Жолдасбеков) атанған Ақтөбедегі «Нұр Ғасыр» мешіті — Елбасының қатысуымен ашылған құрылыстың бірі. Ол екі жарым жыл ішінде салынып, 2008 жылы 22 қыркүйекте қасиетті Рамазан айында пайдалануға берілді.

Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының бұрынғы Президенті Дмитрий Медведев қатысып, оның ашылуына жоғары мәртебе берген. Елбасы мешіттің ашылу рәсімінде халықпен кездесіп, жылы лебізін білдірген.

Алланың үйінің құрылысына 220 мың адам, яғни облыста тұратын әрбір отбасы өз үлесін қосты. Мешітті тұрғызуға 5 миллион теңгеге дейін қаржы аударған отбасылары да бар.

Мешіттің «Нұр Ғасыр» аталуының да өз себебі бар. «Нұр» сөзі «Көк аспан», «Құдіретті Күштінің мейір шапағаты» деген мағынаны білдіреді.

Құрылыстың жалпы алаңы 5,5 мың шаршы метр. Бүкіл аумағы — 400 мың шаршы метр. Мешіттің күмбезі — 40 метр, мұнараларының биіктігі — 63 метр. Күмбез алтынмен қапталған. Мешіттің іші-сырты, ұстындары, едендері, баспалдақтары түрлі түсті мәрмармен, сұрғылт гранитпен қапталған. Мешіт алдында су бұрқағы және гүлзарлы алаң, түнде айналаны сәулелендіретін прожекторлар мен шамшырақтар қойылған. Мешітте жұма және айт намаздары кезінде 4 мыңға жуық адам емін-еркін құлшылық жасай алса, жазда 10 мың адамның сәждеге жығылуына мүмкіндігі бар.

 

Ақтөбе халықаралық әуежайы

 Ақтөбе әуежайы 2008 жылы екі жыл бойы қайта салынып, күрделі жөндеуден өтіп, Астана мен Алматыдағы халықаралық әуежайларының қатарына қосылды. Жаңа кешеннің алғашқы жолаушысы Президент Нұрсұлтан Назарбаев болды.

Әуежай 2008 жылы Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының V форумы өткен күндермен сәйкес пайдалануға берілді. Жаңа кешеннің ашылуында Елбасы:

— Ақтөбе халықаралық әуежайына көңілім толды. Оның қызметкерлеріне алдағы уақытта тек табыс тілеймін. Жаңа әуекешеннің жұмысы жандана берсін. Жалпы азаматтық әуежай саласының қызметкерлеріне зор алғыс айтамын, — деді.

Әуежайды қайта салуға шамамен 7 млрд теңгедей қаржы жұмсалды. Құрылыс жұмыстарының алғашқы сатысын астаналық «К-Дорстрой» компаниясы жүзеге асырса, «Тэхнэ-Строй» компаниясы шаруаны тиянақтады. Қайта жаңғырту жұмыстары кезінде ұшу-қону алаңының ұзындығы 3100 метрден 3200 метрге ұзартылып, әуежай төсеніштерінің көтеру қабілеттілігі күшейтілді. Әуе вокзалының жаңа ғимаратына аспалы айналма жол мен автопаркинг құрылғысы қойылды. Су және жылу жүйесі күрделі жөндеуден өтіп, жүк терминалы және әуе кемелеріне қосымша тұрақтар салынды. Ал биыл мамыр айында Ақтөбе халықаралық әуежайына Әлия Молдағұлованың есімі берілді. Әуежайдың маңдайшасына Әлия Молдағұлова деп жазылып, ғимарат ішіне батыр қыздың бюсті қойылды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда әуежайда 500-ден астам адам қызмет етеді. Күніне бұл жерден Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтау, Атырау, Түркістан, Шымкент қалаларына бірнеше мәрте ұшақ ұшады. Сондай-ақ биыл халықаралық бағытта Египетке, БАӘ-ға, Түркияға, Мәскеуге, т.б. қалаларға рейстер ашылды.

 

 «Қазақстан халқы ассамблеясы» ғимараты

Ақтөбе қаласындағы қазіргі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты бұрынғы Достық үйі 2008 жылы құрылып, 2009 жылдың 10 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды.

Ғимараттың ашылу рәсімінде Елбасы ұлттық-мәдени орталық өкілдерімен кездесіп, жылы лебізін білдірді.

— Біздің Қазақстан — көпұлтты ел. Әр ұлтқа өз мәдениетін, тарихын ұмытпауға, жаңғыртуға мүмкіндік берілген. Балаларға да өз ана тілін үйренуге жағдай бар. Оған дәлел — осы Достық үйі. Мен үшін ең керемет концерт — Ассамблеяның концерті. Әр ұлттың өз мәдениетін көрсеткен сәті де өте әдемі. Сан ұлт өз тілінде ән шырқап, өз билерін билеген шақ бір әдемі гүл шоғыры іспеттес. Өмірдің гүл шоғыры! Мен сондай сәтте ерекше бір күйге бөленемін, — деді Елбасы.

Достық үйінің атауы өткен жылы елімізде ерекше атап өтілген Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына байланысты «Қазақстан халқы Ассамблеясы» болып өзгертілді. Бүгінде мұнда 19 ұлттық-мәдени бірлестік жұмыс жасайды. Ғимаратта 300 орындық концерт залы, салтанат, хореография және конференц-залдары, ұлттық-мәдени бірлестік жетекшілерінің жұмыс бөлмелері, асхана және дыбыс жазу студиясы орналасқан.

 

Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақ

2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына арнайы келген сапарында Ақтөбедегі орталық демалыс және мәдениет саябағында орналасқан Қазақстан халқы арасындағы достық пен бірліктің символы болатын «Бірлік пен келісім» сулы-жасыл гүлзарының тұсауын кесті. Шарада Елбасы:

— Қазақстанның жері ықылым заманнан бері қарай шығыс пен батыстың ортасында, үлкен жолдың торабында — Ұлы Жібек жолында орналасқан.  Бағзы заманнан күні бүгінге дейін біздің жеріміз сауда мен мәдени айырбастар арқылы Азия мен Еуропа арасын өзіндік бір байланыстырушы буын қызметін атқарып келеді. Ғасырлар бойы Ұлы Дала төсі көптеген халықтардың бейбіт мекені болды. Ол бүгін де ұлттар мен ұлыстардың ортақ үйі болып отыр. Бұл — бірлігіміздің жемісі. Ендеше алдағы уақытта ауызбіршілігіміз артып, ынтымағымыз жараса берсін! — деп тілегін жеткізді.

Кешеннің ашылу салтанатында ақтөбеліктер «Бірлік пен келісім» сулы-жасыл гүлзарына «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың саябағы» атын беру туралы ұсынысын айтқан болатын. Кейін қала тұрғындарының бұл ұсынысы қолдауға ие болып, бүгінде бұл кешен «Тұңғыш Президент атындағы саябақ» деп аталады.

 

Көктау мыс комбинаты

Елбасы 2006 жылы Хромтау ауданындағы Көктау ауылындағы мыс кенін байыту комбинатының ашылуына арнайы келіп қатысты. Салтанатты жағдайда комбинаттың бірінші кезегі іске қосылды. Жаңа комбинат 1,5 жылда салынып бітті. Комбинаттың бірінші кезегінде 900 адам, екінші кезегінде 1700 адам жұмыс істейді. Комбинаттың жанында қиыршық тас зауыты бар.

Сол жылы Елбасы Көктауға келген сапарында ауыл тұрғындарының өтініші бойынша басына киген каскасына қолтаңбасын қойып, ескерткішке беріп кеткен. Бұл құнды экспонат қазір аудандық мұражайда сақтаулы тұр.

 

Полиэтиленді құбырлар шығаратын зауыт

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы наурызда келген сапарында Ақтөбедегі «Актюбстройхиммонтаж» ЖШС полиэтиленді құбырлар шығаратын зауытта болып, жаңа өндірістің тұсауын кесті. Мемлекет басшысы басқару пультіне келіп, тетікті басу арқылы өндірістің іске қосылуын жүзеге асырған соң өнімнің алғашқы үлгісі науаға жол тартты.

Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жұмыс істейтін бұл кәсіпорын тұтынушыларға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және мұнай-газ салаларында қолданылатын диаметрі 20-дан 630 миллиметрге дейінгі жоғары және орта қысымдық құбырларды ұсынады. Зауыттың қуаттылығы — жылына 20 мың тонна өнім. Өндірістік процесс барысында ең озық инновациялық технология қолданылады. Шикізат есебінде Германия мен Оңтүстік Корея өндірісінің жоғары сапалы полиэтилендері пайдаланылатын болады.

 

«Қазақойл-Ақтөбе» жшс-ның газ өңдеу зауыты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында елордадағы «Велотрек-Са­рыарқа» спорттық кешенінде Индустрияландыру күні аясында өткен телекөпір желісінде Ақтөбедегі «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС-ның газ өңдеу зауытын салтанатты түрде іске қосты.

Нұрсұлтан Назарбаев ақтөбеліктерге ризашылығын білдірді.

— Біздің елімізде Ақтөбе облысы мұ­най-газ өндіретін маңызды өңірлердің бірінен саналады. Мына газ өңдеу зауыты, әсіресе, елімізге аса қажет. Сон­дықтан жылдан-жылға газ өндіруді өр­кендетіп келе жатқан Ақтөбе облысы­ның еңбеккерлеріне ризашылығымды ай­тамын, — деді Елбасы телекөпір арқы­лы ақтөбеліктерге арнаған сөзінде.

Құны 41,7 млрд теңге тұратын бұл жоба — мемлекеттік ҮИИД бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ақтөбелік жобалардың ішіндегі ірілерінің бірі. Кәсіпорында жылына 420 миллион текше метр ілеспе мұнай газы өңделеді, 320 миллион текше метр тауарлық құрғақ газ, 57 мың тонна күйдірілген газ (пропан-бутанды қоспа) және 10 мың тонна түйіршіктелген күкірт өндіріледі.

 

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың нәтижелері қорытындыланған жалпыұлттық телекөпір арқылы Ақтөбедегі рельс-арқалық зауытының жылыту пешін іске қосты.

Елбасы жаңа өндірісті ықыласпен қабылдап:

— Бұл — Қазақстандағы тұңғыш рельс шығаратын зауыт. Өте қажет. Қанша шақырым теміржол салып жатырғанымызды өздерің көріп отырсыздар. Сондықтан бұл үлкен қуаныш, құттықтаймын! Кәсіпорынды ашуға рұқсат етемін, — деді салтанатты жағдайда. Сол сәтте зауыт гудогы белгі беріп, ғимарат ішін жиналған көпшіліктің қуанышты ризашылықтары мен қошеметі кернеді.

Ақтөбедегі рельс-арқалық зауыты пайдалану ресурсы жоғары жылдамдықтағы жүк және жолаушылардың жүрдек пойыздары үшін рельстер, арқалықтар, бұрыштамалар мен швеллер шығарады. Ақтөбенің рельс-арқалық зауытының өнімі ішкі нарықты қамтамасыз етумен бірге, Өзбекстан, Түркіменстан, Беларусь, Ресей елдеріне экспортталады.

 

«Қазхром» тұк» ақ ферроқорытпа зауыты

2014 жылы облысқа жасаған жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының жаңа ферроқорытпа зауытының бірінші балқыту пешін салтанатты жағдайда іске қосты. Мемлекет басшысы кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесті, олар мемлекет тарапынан металлургтерге тұрақты түрде назар аударылып, қолдау көрсетілетіні үшін алғыс айтты.

«Қазхром» ТҰК» АҚ ферроқорытпа зауытының жобалық қуаты —  жылына 440 мың тонна жоғары көміртекті феррохром өндіру. Жылына 226,5 мың тонна өнім өндіреді. Кәсіпорындағы жұмыс орындарының саны — 500. Зауыт құрылысының құны — 843 млн доллар. Зауытқа шығынды азайтуға септігін тигізетін жаңа технология енгізілген.

 

Алға ет өңдеу комбинаты 

 Елбасы өткен жылы Индустрияландыру күні аясында жалпыұлттық телекөпір арқылы онлайн режимде Индустрияландыру картасының 18 жаңа нысанын іске қосты. Олардың қатарында Алғадағы «АкТеп» ЖШС ет өңдеу комбинаты бар.

Өткен жылдың басты жаңалықтарының бірі болып саналатын еліміздегі баламасы жоқ ерекше кешен — ет өңдеу кәсіпорны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың телекөпір арқылы қатысуымен жүзеге асып, пайдалануға берілді.

Жобаның жалпы құны 2,2 миллиард теңге құрайды. Оның 930 миллион теңгесі  жабдықтар, қалғаны құрылыс салуға жұмсалған.

«АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бір мезетте 11 мың ірі қараны бордақылауға қояды. Жылына екі мәрте бордақылағанда бұл екі есе көбейеді, яғни 22 мың ірі қара болады. Жаңа ет өнімдерін өңдеу кешенінің толық қуаты жылына 7200 тонна ет немесе 36 мың ірі қара қажет етеді. Серіктестік жетпес ірі қараны жекелеген асылтұқымды ірі қара өсіретін шаруашылықтардан, шаруа қожалықтарынан қабылдап алып, кешенге тапсырады.

 

 Әзірлеген Данагүл БАЙМҰҚАШ,

"Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket