Өнерде де түбі бір халықпыз

1398
Adyrna.kz Telegram

Қырғыз-қазақ қол өнері - екі туыс халықтың қатар шапқан мәдениеті. Екі туыс ел бір-бірімен ғасырлар бойы аралас-құралас өмір сүріп келеді. Қыз алысып, құда болған жағдайлары да жиі орын алып отырған. Жаз жайлауында бірігіп ойын-сауығын өткізген.

Осындай тығыз туыстық және көршілік - екі ел мәдениетін бір-біріне жақын етеді. Әсіресе, ол өнерде айқын көрініс табады. Себебі, қол өнері - екі халықтың эстетикалық санасы ғана емес, тұрмыстық қажетті өтеуге де қызмет атқарған. Ал, біздің халықтардың өмір салты ғасырлар бойы "номадизм" деп аталатын Көшпенді шаруашылық болған еді.

Соған сай, біздегі ыдыс-аяқ, қоржын, киіз үй жабдықтары, ат әбзелдері, тіптен, киім-кешек үлгілері де өте ұқсас, яғни, синкретті дамыды.

Бөтен ел адамы біздің өнердегі айырмашылықты бірден байқай алмайды. Оны тек қырғыз-қазақтың өзі ғана ажырата алады. Міне, осы себеп біздің бірлігіміздің және туыстығымыздың қайнар бастауы болып табылады.

Қазір біздің елдер өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекеттер. Біз әлемдік аренада жеке саяси субъект ретінде танылудамыз. Ол БҰҰ мүшелігінде және ЮНЕСКО тізімінде анық көрсетілген. Алайда, біздің халықтар өз қол өнерін әлемге танытуды бірлесе атқарса ғана - қазақ-қырғыз қол өнері қарқынды күшке ие болады.

Осы негізде, біз "қазақ-қырғыз стилі" атты өнердің жаңа бағытын өмірге әкелуіміз қажет. Сөйтіп, өзеннің қос арнасы бірігіп қуатты дарияға айналады. Ол екі туыс елге бірдей қызмет етпек. Бұл, әрине, біздің өз ішіміздегі айырмашылықты, өзге өнер элементтерін жоққа шығармайды. Оны біз өзіміз жақсы білеміз. Сол да бізге жеткілікті.Ал, халықаралық аренада - біз бірге аққан дариямыз.

Бүгінгі сіздер өткізген шаралар соның бастамасы. Осы ісіміз жалғаса берсін.Екі туыс елдің бірлігі нығая берсін. Бейбіт күндерде өнеріміз қанат жая берсін.

Әбдірашит Бәкірұлы

Пікірлер