Ақтөбе облысында тағы екі ауылға көгілдір отын берілді

286

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты Вознесеновка және Достық ауылдарына газ кірді. Газ құбырларын іске қосу рәсіміне облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

— Мемлекет басшысының ауылдық аймақтарды дамыту туралы тапсырмаларына сәйкес Ақтөбе облысында ауылдарды газдандыру, сумен және басқа да игіліктермен қамту бойынша ауқымды шаралар жүргізіліуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады,- деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Бүгінде Вознесеновка ауылында 148 үй мен алты әлеуметтік нысан, ал Достық ауылында 112 түтін мен екі әлеуметтік нысан бар.

— Әрине, газ келмей тұрып, көп қиындықтар болды. Су төрт жыл бұрын жүргізілген. Қазір үйде су бар, енді газ келді. Қуанып жатырмыз. Барлық ауыл тұрғындарының атынан Президентке, облыс әкіміне, үлкен жұмыс атқарған жұмысшыларға алғыс айтамын. Газ құбырлары салына бастағанда екі айдан кейін газдың игілігін көретінімізге сенбеген едік, - дейді қуанышымен бөліскен Достық ауылының тұрғыны Алтынай Есқарина.

Айта кетейік, ауылдарды газдандыру жобалары "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында жүзеге асырылған. Бұл мақсатқа 617 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Вознесеновкада облыс әкімі сондай-ақ, мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Мекеме ғимараты 1975 жылы салынған. Мұнда жуырда жөндеу жүргізіліп, қасбеті, терезелері, есіктері мен сахнасы жаңартылды, жарық пен газ жүргізілді, киім-кешек тұратын бөлме жабдықталды.

Сарыжар ауылдық округінде Оңдасын Оразалин "Бай Орда" шаруа қожалығында болды. Қожалық шаруаларды мемлекеттік қолдау бағдарламаларын пайдаланып, мамандандырылған техника сатып алу үшін 28 млн теңге жеңілдетілген қарыз алыпты, былтыр түйіршіктелген жем шығаратын цехты іске қосқан. Цехтың қуаттылығы – сағатына 1 тонна түйіршік.

— Мен телекоммуникация саласында сегіз жыл еңбек еттім. 2017 жылы жұмыстан шығып кеттім де, ауыл шаруашылығымен айналысамын деп шештім. Қазір шартәрі шығарамыз. Гүлтәжі өсіреміз, бұл құрғақшылыққа төзімді біржылдық дақыл. Әр гектардан 20 тоннаға дейін жасыл масса алуға болады. Бірінші жылы, әрине, қиын болды – жерді зерттеп, өңдеу керек дегендей. Өткен жылы, цехты іске қосқанда да оңай болған жоқ, адамдар тіпті түйіршіктің не екенін білмеді. Биыл, құрғақшылыққа байланысты Ақтаудан сатып алушылар бар. Жергілікті тұрғындар әзірге аз алып жатыр, бірақ жайлап еттері үйренуде. Сұраныс көп. Былтыр өткізу жағы проблема болған, биыл керісінше – сатып алушылар көп. Мемлекет үлкен қолдау көрсетіп, маған жерді 49 жылға берді, екі жыл салық төлемеймін, - дейді қожалық басшысы Ертай Кенжебеков облыс әкіміне.

Тәңірберген ауылдық округінде болған Оңдасын Оразалин учаскелік полиция инспекторы мен ветеринар дәрігердің кабинеті орналасқан әкімдіктің жаңа ғимаратын қарап шықты. Бұдан бөлек, өңір басшысы ұзындығы 15 шақырымдық Вознесеновка-Мәртөк автокөлік жолын, сонымен қатар, 15 жыл пайдалануға есептелген қатты тұрмыстық заттарға арналған жаңа полигонды аралады.

Айта кетейік, келер жылы Ақтөбе облысында қатты тұрмыстық заттарға арналған полигонның құрылысы бойынша сегіз жоба жүзеге асырылмақ. Осылайша, облыс аудандарының барлығы полигонмен қамтылатын болады.

Сондай-ақ ауданда облыс әкімі ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шараға қатысты. Жиналғандарды құттықтаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің қызметкерлері еңбекқорлығымен және жауапкершілігімен көптеген салаларда оң нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын атап өтті.
— Тәуелсіздік алған жылдардан бері мүйізді ірі қара 110,2%, жылқы 111,1%, суармалы алқап жерлерінің көлемі 109,7 % артты. Ауыл шаруашылығы саласында бүгін өңірде 34 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жылына ауыл шаруашылығы саласында шамамен мыңға жуық шаруашылық ашылады. 2021 жылы 861 қожалық құрылды. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялауға 24,3 млрд. теңге бөлініп, 2020 жылмен салыстырғанда мемлекеттік қолдау көлемі 25% өсті. Мұндай қолдаудың нәтижесінде мал басының саны артып, ауылшаруашылық техникасын жаңарту бойынша алдыңғы орындамыз. Баршаңызға Отанымыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы табанды еңбектеріңіз бен өз істеріңізге адалдықтарыңыз, туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңіз үшін алғыс айтамыз,- деді Оңдасын Оразалин.

Шарада ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үздік еңбеккерлеріне ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімі атынан төсбелгілер, медальдар, құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етілді. Барлығы 62 адам марапатталды.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы