Шымкентте бұқаралық спортпен шұғылданушылар көбеюде

2586
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Шымкентте жаппай жүгіру өтті. Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта спортшылар, спорт мектептерінің қызметкерлері мен жаттықтырушылар қатысты. Салауатты өмір салтын насихаттайтын іс-шара ел тәуелсіздігінің мерейтойы және Мемлекет басшысының халық арасында бұқаралық спортты дамыту тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып отыр, дейді жауапты мамандар.

– Бүгінгі бұқаралық жүгіруді де ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап отырмыз. Бүгінгі – үшінші жүгіруге қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты 29 мекеменің қызметкерлері жұмылдырылған. Қатысушылар 1,7 және 7 шақырымға жүгіреді. Жалпы, Президенттің бұқаралық спортты дамыту тапсырмасы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының тікелей бақылауымен атқарылуда. Бүгінгі таңда Шымкент тұрғындарының 31 пайыздан астамы бұқаралық спортпен шұғылданады. Алда осы межені 34 пайызға жеткізу жоспары бар. Осы мақсатта үйлердің аулаларына жалпы саны 115 спорт алаңшасын салу туралы кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Оның ішінде 14 алаңшаны кәсіпкерлер өз тарапынан салып, қала тұрғындарына сыйға тартады, – деді басқарма басшысының орынбасары Ермек Дәрменов.

Бұқаралық жүгіруге ұзын-саны 300-ге жуық адам қатысты. Қатысушылар алдымен дене қыздыру жаттығуларын жасап алып, содан кейін екі қашықтықта жүгіріп кетті. Жеңімпаздар мерекеге қарай өтетін салтанатты іс-шарада марапатталмақ.

Пікірлер