Министрлерінің орны ауысқанымен, мәні өзгермейтін үкімет

556

Әлеуметтік желіде жуық арада Мамин басқаратын үкіметтің отставкаға кетіп, Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында Үкіметтің жаңа басшысы тағайындалады деген сыбыс қайта тарай бастады. Үкіметті сынайтындардың да дені «Мамин үкіметі отставкаға кетуі керек» деп санайды.

Ал үкімет пен халық арасы алшақтаған үстіне алшақтай түсуде. Елде шырылдап үндеу жолдағандар мен жағдайын айтып көмек сұрағандар да жетерлік. Естісе де, бұқараның базынасына құлақ түріп жатқан олар жоқ.

«Түбін білмеген - түгін білмейді» дегені рас-ақ. Кит өлсе де көрмейтін үкіметтен кірісі күрт төмендеген халыққа не пайда? Сарапшымыздың пікірін сұрамаққа бекіндік. Кәсіпкер Санжар Боқаевтан пікір алдық.

- Сіз Асқар Маминнің жұмысын сынап жүрген белсенді азаматсыз. Соңғы кездері Үкімет отставкаға кетеді деген сыбыс қайта өрбіді. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

- Үкіметке оң баға беру қиын. Бір ғана мысал, ел бюджетінен коронавирусқа қарсы күреске қыруар қаражат бөлінді. Дәрі-дәрмек, медициналық маска жетіспеді. Ауруханалар мен емханалар науқасқа толды. Ақиқатында, олар постпандемиялық кезеңге дайын болған жоқ. Дәлірек айтсақ, үкімет коронавирусқа қарсы ешқандай стратегия ұсына алмады.

- Үкімет басшысы ауысып жаңадан премьер-министр келсе, не өзгермек?

- Билікке дәл осындай үкіметпен жұмыс жасау тиімді әрі ыңғайлы. Істе дегенді істейді. Тек өз қамын ойлаумен әлек. Үкімет ауысып жатса да, ештеңе өзгермейді. Өзгерісті күтудің қажеті жоқ.

Айталық, ұлттық экономика министрі отбасымызға бір айға азық-түлік сатып алуға 50 000 теңге жетеді деп жауап берген болатын. Ол нені көрсетеді? Бір үйдің экономикасын басқара алмайтын адамға, біз бір мемлекеттің экономикасын тапсырып отырмыз деген сөз.

Сала мамандары, Үкіметтегі ауыс-түйіс туралы әңгіме шындыққа айналса, әкімдер корпусы да өзгерістерге ұшырайтыны анық дейді.

«Саяси сарапшылардан бөлек, Мамин басқаратын үкіметті сынамаған адам жоқ. Үкімет отставкаға кеткен күннің өзінде ештеңе өзгермесі белгілі.

Бірақ Маминді жұмыссыз қалдырмайды. Оны Астана қаласының әкімі етіп тағайындап, оның орнына Әлихан Смайылов немесе Өмірзақ Шөкеевті қоюуы мүмкін. Вице-премьерлікке Бауыржан Байбекті тағайындайды деген мәселелер де айтылуда», - деді тіркелмеген «Демпартия» жетекшісі Жанболат Мамай.

Оралбай Мергенбайұлы

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы