Тыным таппайтын тазалықшы

2023
Adyrna.kz Telegram

Жанере Пірімбетованың тазалықшы болып жұмыс істегеніне 10 жылдан асқан. Бұрын ол  «Таза қала» ЖШС-да еңбек етіпті. Қазір «Самғау-2030» ЖШС-да жұмыс істейді. Ақтөбе қаласындағы Мәскеу ауданының көшелерін сыпырып, күл-қоқыстан тазалайды. Оның айтуынша, қазір оның «мойнында» 30-ға жуық көше бар. Таңнан кешке дейін ерінбей, тазалық жұмыстарымен айналысатын ол бізге жұмысы, отбасы туралы айтып берді.

— Мен осыдан 20 жыл бұрын Қарақалпақстаннан Ақтөбе қаласына көшіп келдім. 2000 жылдары көптеген бауырларымыз елге қоныс аударған тұста біз де, жолдасым екеуміз бала-шағамызбен осы өлкеге көшіп келдік. Мемлекет қаржылай көмектесіп, содан саяжайдан шағын үй сатып алдық. Қазір сол үйде тұрып жатырмын. Өзім көп балалы анамын. Жасым 58-де. Он жылдан бері тазалықшы болып жұмыс жасап келемін. Жолдасым біраз жыл бұрын қайтыс болды. Төрт қызым, екі ұлым бар. Отбасында немере сүйіп отырған бақытты әжемін. Кезінде тұрақты жұмыс іздеп жүргенімде мемлекеттік мекеме өкілдері тазалықшы болып жұмыс істеуді ұсынды. Содан, міне, тазалықшы болып еңбек етіп келемін. Жұмыс уақыты — таңертең 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін. Өзімізге белгіленген аумақты, оның ішінде жол жиектерін, көшелерді, контейнерлер алаңдарын күл-қоқыстан тазартамыз. Әйтеуір күні бойы тыным таппаймыз, — дейді ол.

Жанере Пірімбетова тыным таппай, еңбек еткеніне ай сайын 100 мың теңге жалақы алатынын айтады. Мереке күндері серіктестік басшылығы сыйақы да береді екен. Қазір бұл мекемеде 4 тазалықшы әйел бар. Олардың бәрі бұған дейін де тазалық жұмысымен айналысатын мекемелерде жұмыс істеген. Қазір Жанере апа қасындағы «егізі» (жұрт солай атап кеткен-авт.) Тамира Нурушева екеуі А.Иманов көшесін қоқыстан тазартып жүр.

— «Еңбектің наны тәтті» демекші, еңбектенген адам далада қалмайды. Жұмыстың оңайы жоқ. Барлық жерде қиындық болады. Біз жазда қоқыс жинаймыз, қыста қар тазартамыз. Қуанатынымыз, жұмыстан кейін мекеменің көлігі үйімізге апарып тастайды, қажетті арнайы киімдерімізді алып береді. Басшылық мереке сайын сыйақы тағайындап, «үлкен кісілер ғой» деп бізді сыйлайды. Соған ризамыз. Өзім күміс алқасы бар ана болғанмен, балаларға қол жаймай, осылай еңбек еткенді дұрыс көремін. Негізгі мамандығым дүкенші болғанмен, сауда саласында көп жұмыс жасаған жоқпын. Жас кезімде бала тәрбиесімен айналысып, үй шаруашылығында болдым. Осылайша өмір бойы үй мен түз тірлігінен қол үзбей келе жатырмын, — дейді ол.

Сөз арасында тазалықшы апа тұрғындардың көбі қоқыс алаңдарын ірі көлемдегі құрылыс материалдары мен жиһаздарға толтырып тастайтынын, оларды жинау үшін біраз әлектенетінін жеткізді. Негізі ескі жиһаздарды, құрылыс материалдарының қалдықтарын, тағы басқа ірі габаритті қоқысты тұрғындардың өздері полигонға апаруы керек.

— Кейбір тұрғындар қоқысты кез келген жерге тастай салады. Қоршаған ортаға, қаланың тазалығына жауапкершілікпен қарамайды. Меніңше, тазалық әр ауладан басталады. Сондықтан қай кезде де қаламызға, қоршаған ортаға жанашыр болайық, — дейді Жанере апа.

Айта кету керек, Жанере Пірімбетова еңбек ететін «Самғау-2030» ЖШС-ы қаламыздағы тазалыққа жауап беретін өзге де серіктестіктер сияқты жолдар мен көшелерді, тұрғын үйлер аумағын санитарлық тазалап, абаттандыру жұмысымен айналысады. Қазір бұл мекемеде штаттық режимде 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Сондай-ақ техникаларды жүргізетін жүргізушілері және бар.

Д.БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер