Айшагүл Сандыбаева: Ыстық нан ырысымызды арттырды

2788
Adyrna.kz Telegram

Шырайлы Шымкенттің шынары. Бақытын бақ қонып, қыдыр дарыған керім Қараталдан тауып, табиғаты көркем, ауасы саф, самалы сарайыңды ашатын Текелі шаһарында баянды болашығының іргесін қалады.

1968 жылы ордалы Оңтүстікте өмірге келген бұрымды - Айшагүл Сандыбаева. Ол Жетісу жұртының келіні.  Тағдыры тәлейіне киелі топыраққа табан тіреуді жазған сол кездегі жас қыздың өміргүлі дәл осы қарт Қараталдың бойында бүршік жарған жайы бар.

Тамырын тереңге жайған үлкен әулеттің от анасы бүгінгі жеңісті күнінің жемісті нәтижесіне қол жеткізуі үшін  жастығын сарп етті. 1996 жыл Махмұдтың қызы өмір ағысымен отбасымен бірге  кеншілер мен еңбекші жұрттың мекеніне айналған Текелі қаласына қоныс аударған.   Текелі құшағын айқара ашқанымен қарышты қадамын бірден басқызбады.

Олар қалаға көшіп келгеннен кейін аттай 8 жыл өзгенің қолында жұмыс істеді. 10 жылға тарта уақыт күнкөріс қамымен жұмыс талғамай,  еңбекке араласты.   Бұл уақыт Айшагүл Махмұдқызының жарқын өмірінің бастамасы еді.  Ол осы кезеңде келешегіне керек тәжірибе мен білімді, ептілік пен қайсарлықты һәм кемел кәсіпкерге қажет  қасиетті бойына дарыта білді.  Өткен жылдар оның қанатын қатайтып, өз алдына жеке шығуына мол мүмкіндік пен сара жол салып берді.

 Жаңа қонысқа келіп, араға біраз уақыт салып, бағыттарын өзгертіп, жеке іске қадам басып, нәсібін кәсіптен айырмаққа белбуған олардың түпкілікті шешімдері тұтас ғұмырларын түбейгейлі өзгертуге ықпал еткен жайы бар. Осылайша,  2007 жылы Айшагүл апай жұбайы Сәкен ағамен бірге тегеурінді іске  бет бұрған еді.

Шымкент шаһардың сұлуының мамандығы - аспаз.  Отбасылық кәсіптің негізі де тамақ өнеркәсібінен алысқа ұзамады. Текті халық, «ас атасы - нан» деп бекерге айтпаған. Біздің бүгінгі кейіпкерде алтын дәннен шығатын ақ ұннан нәсібін табуға ниет еткен. «Нан болса, ән болады» деген байырғының сөзін дәлелдеген жандардың сән мен салтанатқа толы ғұмырының басты құпиясы да осы бір түйір нананың үзімінде жатыр.

Әуелде ескі наубайхананың орнын алып өз алдарына жеке іс бастаған Айшагүл апай, алғашқы жылдары аз ғана еңбек күшімен қызу жұмысқа кірісіп кеткендерін айтады.

«Осыдан 15 жыл бұрын наубайхана ашып бастадық. Шағын ғана жерді сол кезде 6 миллион теңгеге сатып алдық. Қаржат көлеміде аз емес. Жартысы өзіміздің тірнектеп жинаған ақшамыз болса, қалған бөлігін танысымыздан қарызға алған едік. Бастапқы кезде бір нан тасушы машинамызболды. Ескі наубайхананың орнына кәсіп бастаған соң сол жерде қалған бұрынғы қондырғыларын пайдаландық. Бір көлік жүргізуші мен екі нан пісіретін адамды жұмысқа алдық. Ол заманда күндігіне 400 бөлке ғана нан пісіретін едік»,-деп өткен күндерді есіне алды.

Бір замандары азғантай ғана өнім шығарған  наубайхана, қазіргі таңда өрісін кеңге жайған.  Бүгінде мұндағы ыстық пештен   тәулігіне 2000-3000 дана екі түрлі бөлке нан, үш түрлі күлше және өзгеде тәтті тоқаштардың сан түрі шығарылады.

Жеке кәсіпкерліктің атауы «Қуаныш» деп аталады. Онысы көз қуаныштары кенжетайының атымен байланысты қойылғаны екен. Үйінің еркесінің атымен аттас бұл кәсіптері шынтуайтына келгенде өз қуаныштарына айналып отыр. Одан бөлек, біршама отбасының жан бағуына да себепкер болуда.

Әуелде 3-4 адам ғана еңбек еткен наубайханада бүгінде жұмысшы саны артқан. Мұнда қазіргі кезде жалпы саны 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.  Олардың алды үлкен кәсіптің өркендеуіне  он  жылдан астам уақыт үлестерін қосып жүргендер.

Адал іске шын ниетімен кірскен бұл топтың өнімі тек Текелідегі дүкен сөрелерінде ғана саудаланбайды.  Сонымен қатар Талдықорған қаласымен Сырымбет, Қаратал және Жетісу ауылдарындағы азық-түлік дүкендеріне жөнелтіледі.  

О, баста 5 тонна ұнмен істерін  жүргізген Айшагүл апай, қазіргі таңда бір айға 20 тоннадан артық ұнды тұтынатындарын айтты. Нанға қажетті басты өнім құрамын арнайы Шығыс Қазақстаннан алдыртады екен.  Басты себеп- сапа. Айшагүл Сандубаеваның айтуынша, Шығыстың ұны Жетісудағы ұндардан қарағанда сапасы жағынан алда тұр.

Тәңірі тілеуін берген Махмұдқызы бизнеске салым салып тұру керек дейді. Онсыз, ісің өнбейді деген пікірде.

«15 жыл болды осы уақытқа дейін наубайханадан түскен табыстың көп бөлігін өзіне құйып отырамыз. Онсыз,  нәтиже болмайды. Үнемі жетілдіріп отыру үшінде қаражат қажет. Осы тұста, мемлекеттің кәсіпкерлерге арналған қаржылық қолдауы көмегін тигізеді»,- деп сөзін сабақтады.

Олар осыдан үш жыл бұрын «Даму» қоры арқылы 5 млн теңге несие рәсімдеген. Жылдық төрт пайыздық мөлшерлемемен алған ақшаны шашау шығармай көздеген іске мақсатты түрде жұмсаған. Осының арқасында кешегі нәпәқасы біршама артқан.

Бір ғана салым бизнестің тасының өрге домалауына айтарлықтай ықпал етпесі анық. Мұныны ескерген кәсіпкер тағыда 5 миллион теңгеге несиені заңдастырған. Ол қаржының да бір тиыны өзге іске бағытталмастан өз арнасына құйылған.  Одан бөлекте, кәсіпкер жиған-тергенін үздіксіз наубайхана ісіне бағыттайтынын тілге тиек етті.

Таңның атысы кештің батысы ыстық пештің жанында жұмысшылармен бірге бір кісідей осы кәсіптің ыстығына күйіп, суығына тоңған жан кез келген істе адалдық пен сапа бірінші орында болуы керек дейді.

«Бизнесте бәсеке көп. Бізден басқада нан шығаратын қаншама адамдар бар.  Олардың тасасында қалып қалмай өз жолымызды тауып, тұрақты тұтынушылар легін қалыптастыруда сапалы жұмыстың нәтижесі ғана жәрдем бере алады. Сол себепті әр істе сапа маңызды»,-дейді кәсіпкер.

15 жыл ішінде көштен қалмай, кәсіптің арбасын бағытынан жаңылмастан алға сүйреп келуініңде басты сыры да осы бір адалдық деген асыл қасиетте жатыр.  Ол жан тәнімен өзінің жасаған ісін сүйді, сәйкесінше ардан аттамады, қиянат жасамады. Соның арқасында табысқа жетті.

Өзі айтқандай, кәсіп арқылы абырой мен атаққа да кенелді, бірақ адамдықты есінен бір сәтке шығармады. Содан болса керек, бір әулетке емес, тұтас өңірге сыйлы.

Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен Айшагүл апай бір ғана кәсіпен шектелмеді. Беспаспап жан бүгінгі күнде шағын асхана мен азық-түлік дүкенініңде жұмысын жандандырып отыр. Қазақ әйелдеріне тән тектілікті өн бойына сыйдыра білген ол ердің жүгін мойнына алсада, ошақ отын сөндірмеді.

Барлығына бірдей үлгеруге тырысты. Үш перзентін жетелей жүріп ер жеткізді.  Бір жағында кәсібі, екінші жағында отбасы. Таразының басын тең ұстай алды. Мұнысы қазақтың анасына тән даналық десек артық айтқандық емес.

Осылайша, Жетісу жерінде Оңтүстіктің қызының айы оңынан туды. Оның барлығы бойындағы ептілік, қанындағы тектіліктің арқасы деуге толық негіз  бар.  Ол байлық деп көк қағаздың соңынан түбегейлі еріп кетпеді. Оның байлығы –отбасы. Кәсібі тек өмірлік нәсібі еді.

Анар САБЫРОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер