Көмір тапшылығы “орын алуда” (ВИДЕО)

2973
Adyrna.kz Telegram

9 қараша күні әлеуметтік желілерде Шамалған станциясында көмір тапшылығы орын алып жатыр деген ақпарат тараған болатын. Алайда Алматы облысы Қарасай ауданының әкімшілігі бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Орда.кз сайтына сілтеме жасап.

Шамалған станциясына күніне кемінде 15 вагон көмір келеді. Бүгін 27 вагон келді, деп хабарлады Orda.kz тілшісіне Қарасай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ескендір Егеубек.

“Шамалған атты темір жол вокзалы бар. Бізде 10 шақты темір жол тұйығы бар, олар Шұбарқұл мен Қаражырар көмірін әкеліп жатыр. Оны жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер сатады. Күніне кем дегенде 15 вагон келеді. 9 қараша күні сағат 11:00-де 27 вагон келді. Оларды тұйық жолға сүйреп апарып, кейін түсіріледі. Қазіргі уақытта қауіпсіздік мақсатында жүргізушілер тұйық аумақтың сыртында күтіп тұр. Содан кейін барлық көліктер кезекпен межеге көтеріледі, кейін өлшеп, көмірді өздеріне тиейді”,- деп түсіндірді Ескендір Егеубек.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы видеоны түсірген адам кезекте тұрып қалғанын, күтіп қалғанын мүмкін ертерек келіп алғаннан көмір жетіспеушілігі бар деп ойлаған.

Егеубек екі-үш күн көмір болмаған жағдайдың өзінде де мұндай қарбалас болмайтынын айтты. Жылыту маусымы басталғанда ҚТЖ көмір тиелген вагондардың санын көбейтеді. 15 емес, енді 18 вагон келеді.

Қарасай ауданы бойынша жылу беру маусымындағы қажеттілік 27 828 тоннаны құрайды. Бірақ, спикердің айтуынша, аудандағы елді мекендердің көпшілігінде газбен жылыту бар, сондықтан Қарасай ауданында көмір аз тұтынылады. Бірақ Шамалған станциясы ыңғайлы жерде орналасқандықтан, көмір сол жерден басқа аймақтарға тасымалданады.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер