Тәуелсіздік — теңдігім, егемендік — елдігім

3770
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан – тәуелсіз ел. Сол тәуелсіздік жолында еліміз басынан талай нәубетті – азапты да, аштықты да, сұм соғысты да өткерді. «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген ұлы бабаларымыз.

Қазіргі таңда тәуелсіздік – баршамызға ерекше қасиетті күн. Бірлік, ынтымақтастық пен татулық күні. Еліміздің тәуелсіздігі халқымыздың бақыты, ғасырлар бойы аңсаған арманы. Ұлы даламызды найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап келген батыр, көреген, дана бабаларымыздың рухына тағзым ету және тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздан тағылым алу үшін Қазақстан Республикасының 30 жылдығына орай ҚазҰУ-ның «Педагогика және білім білім беру менеджменті» кафедрасының доценті Роза Қасымованың жетекшілігімен «Қазақ филологиясы» мамандығының 1-курс магистранттары «Ұлттың ұлы бақыты – Тәуелсіздік!» атты ZOOM платформасы арқылы онлайн түрде ашық тәрбие сағатын өткіздік. Аталмыш шараға ҚазҰАУ-дың «Кәсіптік оқыту» кафедрасының профессоры Эльмира Амангелдіқызы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-курс магистранттары мен бакалавр студенттері қатысты.

Магистранттарға тәуелсіздік, бостандық, еркіндік ұғымдарының тарихи маңызын түсіндіруге, туған халқының тарихын құрметтеуге, отансүйгіштікке баули отырып, патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында өткен іс­-шара тарихи оқиғалар тізбесі мен тәуелсіздік алғаннан кейінгі қол жеткізген жетістіктерді бөлісумен жалғасты.

Әрбір тарих кезеңі тақырыпқа сай бейнебаяндармен, фотосуреттермен, магистранттардың «Адай», «Әлқисса» күйлері мен «Желтоқсан желі»,«Атамекен» әнімен әрленіп, әр түрлі қысқа метражды роликтермен көркемделіп отырды. Сондай-ақ, ашық сабақ барысында мен де өзімнің шығармашылығымнан «Тәуелсіздікке тағзым!» атты арнау өлеңімді оқыдым.

Тарихтан білем,

Санамда өшпей келеді,

Бабаларымның жасаған ерлік, ерені

Қаншама жылдар, қаншама уақыт өтсе де,

Мәңгілік бізге асқақ рухын береді.

 

Ұлықтамасақ ұрпағы болар бізге сын,

Өшпес ерлігін ұмытып қалай кетерсің.

Елін шын сүйіп, қан төккен асыл боздақтар,

Мәртебелеріңді Жаратқан өзі көтерсін.

 

Азаттық алып, қалдық қой біраз жайланып,

Жүрейік әркез бес қаруымызды сайланып.

Тілегім менің құт қонған мына еліме

Келмесін соғыс, келмесін соғыс айналып.

 

Шүкірлік етем,

Етпесем сірә, ұят-ты,

Арайлы ақ таң,

Шуағын шашып жиі атты.

Тәуелсіз, азат, мәңгілік,

Аспаны ашық еліме,

Бабаларым да риза боп жатқан сияқты.

Шара соңында жиналған қауым тарихымызға деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігі арта түскенін жеткізіп, өнерпаздарымыз бен магистранттарға қызу қолдау білдірді.

 

Әсем МАМЕЖАНОВА,

филология факультетінің "қазақ филологиясы" 

мамандығының 1-курс магистранты.

 

Пікірлер