Шымкенттегі 138 мемлекеттік мектепке мониторинг жүргізілді

55

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шәмшиеваның қатысуымен брифинг өтті.

Онда Нұргүл Ақылбекқызы Шымкент қаласындағы мемлекеттік мектептерде жүргізілген кешенді мониторинг қорытындылары туралы айтты.

– Шымкент қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті ҚР Үкіметінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия төрағасының және ҚР Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 18 мамырдағы ХХХ отырысында берген хаттамалық тапсырмасын орындау үшін осы жылдың маусым-шілде айларында қаладағы 138 мемлекеттік мектепке мониторинг жүргізді. Мониторинг мақсаты – білім беру ұйымдарының жай-күйі мен қауіпсіздігін, білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына және білім беру ұйымдарының жабдықтармен және жиһазбен жабдықтаудың нормаларына сәйкестігін бақылау, – деді департамент басшысы.

Спикердің сөзінше, мониторинг қорытындылары аталған мәселелер бойынша қала мектептерінде проблемалық сұрақтардың бар екенін көрсеткен. Тексеру нәтижесінде бірқатар мектептің орталықтандырылған су жүйесіне қосылмағандығы, интернет мәселесі, ыстық тамақты ұйымдастыруда қызметтерді мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізілмегендігі сияқты олқылықтар байқалған. Бұл туралы қала әкімімен ү.ж. 2 тамызда өткен кездесу барысында жасалған баяндамада атап өтілген. Ал анықтамалық ақпарат қалалық Білім басқармасына жіберілген.

Брифинг барысында Нұргүл Ақылбекқызы биыл лицензиясын алған №136, №137 және №138 мектептерінің заман талабына сай екендіктерін ерекше атап өтті. Алдағы уақытта осындай мектептердің саны көбейсе деген ниетін білдірді.

Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлердің меншігіне тиесілі «Adana», «Abadan-successfull», «TM and art Educational», «Шыңғыс хан» сияқты мектептердің заманауи жабдықталып, білім берудің озық үлгілерін қолданатындығын айрықша жеткізді.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Фото: Ернар Мамыр

Пікірлер
Редакция таңдауы