«Көлік жуып, күніне 5-6 мың теңге табыс табамын»     

3059
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбелік Серік Айтымбетов облыс орталығындағы «Алаш» көлік жуу бекетінде жұмыс істейді. 4 жылдан бері осы бекетте көлік жуушы болып еңбек етіп жүрген ол осылайша балаларына қаржылай көмектесіп отырғандығын айтады.

Серік Айтымбетов — Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тумасы. Қалаға көшіп келгеніне біраз жыл болған. Балалары қазір ауылда тұрады. Зайыбы осыдан 2 жыл бұрын ауырып, көз жұмыпты. Ауылда тұрақты жұмысы болмаған соң, қалаға қоныс аударған. Бұрын құрылыс, мұнай-газ салаларында жұмыс жасаған. Ал 4 жыл бұрын ойламаған жерден көлік жуу бекетіне жұмысқа орналасқан. Аз уақытта көлік жуудың қыр-сырын меңгерген ол — қазір кәнігі маман. Бір көлікті 30-40 минут ішінде жуып, көлік иесінің алғысын алады.

— Жасым 43-те. Негізгі мамандығым — құрылысшы. Бұрын құрылыс саласында, зауытта еңбек еттім. Осы жасқа келгенде көлік жуушы боламын деп ойламаған едім. Алайда тұрақты жұмыс болмаған соң осы жерде еңбек етіп жүрген жайым бар. Екі балам бар. Олар ауылдық жерде тұрады. Соларға қаражат жағынан көмектесіп, өмірден өз орнын табуларына осылай тыраштанып жүргенім ғой. Қазір заман болса қиын. Нарық болған соң, бәрі қымбат. Ауылда мал бағуға болар еді, бірақ жалақы аз, бейнеті көп. Қалаға көшіп келгеніме біраз жыл болды. Екі жыл бұрын ауырып, жолдасым қайтыс болды. Қазір өзім тұрып жатырмын. Балалардың өз өмірі бар. Осы жұмысқа орналасқалы қаланың тірлігіне, жұмыстың қызығы мен қиындығына үйреніп кеттік. Бұл жерде күніне жалпы саны 60-70 көлік жуамыз. Көбіне жеңіл автокөліктер келеді. Бір көлікті жууға шамамен 30-40 минут уақыт кетеді. Келген көлік иесін тез жіберу үшін көп жағдайда екі адам болып жуамыз. Бекетте негізі көлік жуатын 2 орын бар. 3 адам жұмыс істейміз. Кей кездері үлгермей жатсақ, бастығымыз (бекеттің иесі) да көлік жуады. Жалақымыз да жақсы. Күніне кем дегенде 5-6 мың теңге табамыз, — дейді кейіпкеріміз.

Серік Айтымбетовтің айтуынша, көлік жуу бекеті шағын болғанымен, мұнда келетіндер көп. Тұрақты түрде келетін көлік иелері де бар. Ең бастысы, мұндағылар өз жұмысын адал, тиянақты етіп жасайды. Тұрғындардың осылайша алғысын алып жүрген көлік жуушылар өз жұмыстарын құлшына, әрі жауапкершілікпен атқаруға тырысады.

Айта кету керек, бекеттің аумағына толықтай бейнекамералар орнатылған. Көлік жуу орындары жоғары қысымдағы су шашатын, автоматтандырылған құрылғылармен жабдықталған. Сол арқылы қолмен жуу кезінде қалып қоятын кейбір кірлерден тазартуға болады. Сондай-ақ мұнда көлік жуатын арнайы сұйық сабындар, көлік ішін жылтырататын сұйықтықтар қолданылады. Бекеттегі көлік жуу қызметінің орташа бағасы — 1500-2000 теңге.

— Жазда көлік жуу қиын емес. Тек қыста біраз тоңамыз, қолымыз үседі. Жұмысымыз аса ауыр болмаса да, кейде үзіліссіз еңбектен шаршаймыз. Дегенмен адал нәпақа тауып жүрген соң қанағат етеміз. Қазір бекет таңғы 9.00-ден кешкі 22.00-ге дейін жұмыс жасап тұр. Көлік көп болса кейде түскі үзіліске де шықпайтын уақытымыз болады. Біздің басты міндетіміз — көлік иелерінің көңілінен шығу, өз жұмысымызды жоғары дәрежеде атқару, — дейді Серік Айтымбетов.

Оның айтуынша, көлік жуудың да өз «тәртібі» бар. Мәселен, көлікті жиі-жиі жуу зиянды. Себебі жиі жуу көліктің сыртқы келбетін (кузов) бұзады екен. Сондай-ақ сырты тым кірлеген көлікті арнайы сұйық сусабынмен жуған дұрыс. Сонда ол жап-жаңа сияқты болып жылтырап тұрады.

— Қазір еңбек еткен адамға барлық жағдай бар. Тек жалқау болмау керек. Мен сияқты жасы 40-тан асса да көлік жуатын орталықтарда жұмыс істеп жүрген қаншама бауырларымыз бар. Кейде олар көлік жуу тек жастардың жұмысы деген көзқараспен қарайды. Ол дұрыс емес деп ойлаймын. Ең бастысы, адал еңбек ету керек, біреудің ақысын жемеу қажет. Сондықтан замандастарыма, жастарға аянбай еңбек етіп, мамандық таңдарда, жұмысқа орналасарда ештеңеден қысылмай, ешкімнен ұялмау керектігін айтқым келеді. Қазақта «Еңбек етсең, емерсің» деген нақыл сөз бар. Соны есте ұстаған жөн, — дейді ол.

Р.S. Мақаламыздың соңында көлік жуушылар тарапынан айтылған мына бір кеңестерді назарларыңызға ұсынамыз:

1. «Кузов» салқындағанша көлікті жууға болмайды. Себебі су қызған кузовпен жанасқан кезде химиялық реакция пайда болуы мүмкін, ол кейіннен тотығуға әкеледі.

2. Егер «кузовтың» бетіне қосымша бояу жағылса, көлікті жуу кезінде су қысымын ең аз мөлшерге қою керек. Өйткені жоғары қысыммен тиген су бояуды құртуы мүмкін.

3. Автокөлікті арнайы жуу құралдарымен айына 1-2 рет қана жуыңыз, өйткені олар да бояу жабынына теріс әсер етеді.

4. Көлік жуған кезде салонға, қозғалтқышқа, құлыптарға су кіріп кетпегені дұрыс. Сондықтан көлік жуу бекетіне кірерде бұларды міндетті түрде тексеріңіз.

5. Көлікті қысқы мезгілде жабық үй-жайда жуып, жылы жерге қойған абзал.

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер