Ресей Қазақстанның солтүстігі мен шығысын газбен қамти ма?

2921
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан билігі елдің солтүстігі мен шығысындағы қалаларды газдандыру бойынша бүгінде екі нұсқа қарастырылып жатқанын жеткізді. Соның бірі  — Ресейден келетін газ магистральдарының құрылысы. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы  ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

«Бүгінде Петропавл, Көкшетау, Өскемен, Семей, Павлодар қалалары газбен қамтамасыз етілмеген. Бұл ретте бұл қалаларды газдандырудың мынадай нұсқалары бар: «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын жалғастыру немесе Ресей Федерациясынан магистральдық газ құбырларын тарту», ​​- деді М.Мырзағалиев.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін «Газпром» мен «Қазтрансгаз» солтүстік және шығыс аймақтарды газдандыру бойынша есеп-қисаптарды жүргізіп, қолайлы нұсқаны әзірлейді.

«Сарыарқа газ магистральдық желісі жобасы аясында қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар газ тарату желілерін салуда. Құрылыстың аяқталуы Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларындағы бұрын көмірмен жылытылатын 70 мыңға жуық үйді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Энергетика министрі.

Ол бүгінде елімізде газдандыру үлесі 54,3 пайызды құрайтынын атап өтті. Ал  2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

 

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер