Тұғырлы тоқсан төрт

2257
Adyrna.kz Telegram

(Эссе)

Шалы көп шаңырақ

Алдаспаны – бірлігім,
Алға асқаны – бір ғылым.
Алыптардың сарқыты,
Арамызда жүр бүгін!
(Тақырыптың тұздығы)

Бір шаңырақта бір ақсақал жүрсе, сол жерге кие қонады. Ал сондай қадірлі қарттардың бір емес, бірнешеуі болса ше?! Ол енді ортаймас қазына, таусылмас құт-береке. Солар шаңырағыңды биіктетіп, керегеңді кеңейтіп тұрады. Сол көшелі көп кісінің ішінде көшбастаушы бір ақсақал болады. Елдің бәрі соның аузына қарап, имамға ұйығандай ұйиды. Қай жерде де барша жұрт бас иетін бас иенің болғаны қандай жақсы. Мен шалы көп шаңырақ – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет істеген кезімде осыны ұқтым. Алашқа аты танымал ақсақалдар ғылыми мекеменің ажары мен базары болатын. Бұлар – осы мекеменің бұрынғы басшылары, кешегі министрлер, бүгінгі академиктер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары еді. Бәрі де шетінен сұңғыла. Өздері өмір бойы әдебиет пен өнерді зерттесе, сөйтіп абыройлы ақсақалдыққа жетсе, сұңғыла болмай қайтсін?! Әңгіме тиегі ағытылса, шетінен төгіле жөнеледі. Тек тыңдаудан жалықпасаң болды. Бала кезінде ашаршылықтан аман қалған, бозбала кезінде соғыстың зардабын тартқан, есейгенде зұлмат заманның зобалаңын көрген буынның айтары таусылмайды.

Ол кезде ғылыми-зерттеу институтының жарытымсыз жалақысымен жан бағу мүмкін емес-ті. Сондықтан мен сол жылдарда аты дүркіреп тұрған «Хабар» агенттігінде қосымша жұмыс істеп жүрдім. Институт пен агенттіктің арасы соншалықты алыс емес. Бірақ екеуі екі ғасырдың мекемесі сияқты. Аяңдап «Хабарға» келсем, қарбалас тіршіліктің үстінен шығам. Бақайшағына дейін су жаңа техникамен жарақтанған әбжіл репортерлер жан алысып, жан берісіп жатады. Қайнаған өмір, ағынды ақпарат. Найзағайға нан пісіріп алатын өңкей жұлымыр жастар. Екі иығын жұлып жеп, жанығып жүрген жұрт. Сол ерекше екпінмен институтқа арындап кіріп келсең, бүкіл тіршілік тоқтап қалғандай көрінеді. Телегей теңіз тарихтың зіл салмағына иығын тосып, төбені тіреп тұрған қалың қабырғалар. Талайдың табаны тиген, түгі азайған көнетоз кілемдер. Елу жылдан бері жақсыға да, жайсаңға да табалдырығын төсеп, төрге оздыратын екі құлаш емен есіктер. Сол есіктен әр кіріп-шыққаны олжаға баланатын абыройы асқақ, ақырын сөйлеп, анық басатын, асықпайтын ақсақалдар. Соларға еліктеп, әр сөзін баппен бастап, бипаздап ұқтыратын қырмасақалдар. Әрине, «Хабардың» да өзіне жететін «шал-шауқаны» жоқ емес. Диас Омаров, Тілеуқабыл Мыңжасаров, Заманбек Әбдешов сияқты аузы дуалы, сөзі уәлі «ақсақалдар» ол жерде де бар. Бірақ институт шалдарының жөні бөлек еді. «Мына шалдар кетеді ертең дау бар ма, Біз өзіміз айналамыз тауларға», – деп Есенғали ақын айтқандай, олармен ықыластана тілдесіп, емін-еркін әңгімелесудің рахатына ешнәрсе жетпейді.

Соның ішінде топ бастаған серкедей біреуінің орны айрықша. Ол бүкіл болмысымен басқалардан ерекшеленіп тұрады. Азырақ сөйлеп, көбірек тыңдайды. Ешкімге дауыс көтермейді, біреуді орынсыз сөкпейді. Өзіне ұнамаған кісіні кекетіп-мұқатып, қажап-қыжырту әдетінде жоқ. Қабағын сәл шытқанының өзі жетіп жатыр. Жайылып сала берген езуіңді лезде жинап аласың. Айтар сөзің көмейіңе жұтылып, қапелімде дыбысың шықпай қалады.

Ал енді ол кісі алда-жалда күле қалса, айналаға әдемі бір шуақ тарайды. Ол шуақ саған да әсер етпей қоймайды. Кеудеңе нұр, санаңа сәуле құйылғандай болады. Бірақ атақты академикті үнемі арқа-жарқа болып, көңілді жүреді деп айта алмаймын. Негізінен оны біз аса бір салиқалы кейіпте көреміз. Біреу-міреуге ұзын-сонар ақыл айтып, ауызекі дидактиканы қайта-қайта қазбалап тұрып алғанын да байқаған емеспін. Бірақ, соның бәрін қас-қабағымен, іс-қимылымен-ақ ұқтырады. Ағамыздың қас-қабағы ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үнсіз-ақ аңғартып тұрады.

Мекеме болған соң, әрине, оның басшысы болады. Сол мықты деген дәу директорыңыздың өзі институттағы ірілі-ұсақты шаруаны әлгі ақсақалмен ақылдасып шешетін тәрізді. «Менімен неге ақылдаспайсыңдар?», – деп төтенше талап қойып отырған ол жоқ. Алайда оның ғылымдағы салмағы, қоғамдағы орны, өмірдегі болмысы осыған міндеттейтіндей. Қысқасы, бұл институт маған аталар мен әкелерді бір шаңырақтың астына жинаған кәдімгі ауылдың жарасымды тіршілігін елестетті. Мұндай әулетте өскен балалардың бағы жанатыны бесенеден белгілі емес пе? Алыптардың сарқытын ішкен сүйегі асыл ағалармен бір мекемеде қызмет істейтін біздер шынында да бақытты едік.
Әңгімеміздің арқауы – академик Серік Қирабаевты қазақ руханиятының қасиетті құтханасының бойтұмары десе де болады. Дұрысы, бойтұмар емес, біртуар. «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де», – дегендей мұндай кісілердің болмысы енді ешқашан қайталанбайды.

Шуағы мол шаңыраққа алғаш қызметке келгенде мен осындай ой түйген едім. Әлі де сол пікірім өзгере қойған жоқ. Қирабаевтың қас-қабағы – біз үшін өмірдің оқулығы. Жекімей-ақ жолға салатын, жасқамай-ақ тезге салатын сол қабақтарды кәдімгідей сағынасың кейде...

Айтпақшы, қазір бір кездегі шалы көп шаңырақтың ақсақалы едәуір азайған. Солардың ішіндегі әдебиеттанудың алып бәйтерегінің діңі берік тұрды.

«Бес маршалдан» – бір маршал

Жігерімен жалынды,
Жастай көзге шалынды.
Жаңарқадан шықты да,
Жалпақ жұртқа танылды!
(Тақырыптың тұздығы)

Елуінші жылдардың басында Жаңарқадан жетпіс шақырымдай жерге Смайыл Қирабаев үй тұрғызыпты. Оның көрген қатарлас төрт шал дәл осы тұсқа үй салады. «Бұл кімнің үйлері?», – деп сұраған сырттан келген өкілге Өндібай деген тілінің тікені бар жігіт: «Мұнда бес маршал тұрады», – деп әзілдеп жауап беріпті. Содан бері осы жер «Бес маршал» деп аталады. Тіпті Жезқазған жаққа қатынайтын автобус аялдамасының аты да «Бес маршал» делінетін көрінеді. Шекпен-шені жоқ осы «бес маршалдың» ноқта ағасы Смайыл көкеміз сол жерден мәңгілік орын теуіпті. Әу баста өзін осында қоюды өсиет етсе керек. Кейін ағайын-туған сол маңды бірте-бірте үлкен қорымға айналдырған.

Жаңарқа жері алты алашқа әйгілі азаматтарды топтап түлетсе де, әлдеқашан бақилық болған «бес маршалдың» әулетінен атақты әскери қолбасшылар шыға қоймады, әрине. Оның есесіне әдебиеттанудың әйдік маршалы шықты. Жастайынан ауыз әдебиетінің үлгілерін жаттап өсті. Әдебиеттану саласынан ғылыми еңбек қорғады. Академик атанды. Әдебиеттанудың ұстаханасы – Әдебиет және өнер институтын басқарды. Ұлы Абайдың шығармаларын зерделеген еңбектері үшін Мемлекеттік сыйлық алды. Қазір де қазақ әдебиетшілерінің көшін бастап тұр. Ендеше, Серік Смайылұлы маршал емей кім?

Ғылымның қай саласында да ақтық байлам, кесімді сөз айтатын кесек мінезді кісілер болады. Белгілі бір мәселе бойынша тығырыққа тірелгенде ел-жұрт соңғы шешімді содан күтеді. Тіпті әдебиеттанудағы салмағы ешкімнен кем емес, сөз өнерінің сұңғыласы Зейнолла Қабдолов пен теорияның жілік майын шағатын зиялының зиялысы Зәки Ахметовтің өзі қажет кезінде Қирабаевқа құлақ қоятын секілді көрінетін. Бұл үйлесімді үштағанның бір-біріне деген қадір-құрметі керемет еді.

Барлық сала секілді әдебиеттанудың да өзіндік жазылмаған заңдары мен жарияланбаған ережелері бар. Мәселен, Әдебиет және өнер институтында докторлық диссертациялар қорғалар алдында ғылыми мекеме басшылары Серік ағамен ақылдасады. Себебі, тағы бір доктор қатарға қосылғалы тұр. Ол ертең жас әдебиетшілердің тағдырын шешеді. Ол шын ғалым ба, әлде, көлденең көк атты ма, оны айқындап алған дұрыс. Төбеден тоқпақтап, киіз қазықты жерге кіргізгісі келетіндер де болмай қалмайды. Соларға тосқауыл қою үшін де тегеурін керек. Әдебиеттануға қадам басқан әр ғалым Мұхтар Әуезовтің есімін иеленген институттың атына кір келтірмеуі керек. Сондықтан әйгілі Әуезовтің көзін көрген қадірлі Қирабаевтың биресми батасы өте маңызды. Әдебиеттану ғылымының атасы мен батасына айналған абыройлы ақсақалдың қолдауымен осы салаға келген қыз-жігіттер әзірге оны ұятқа қалдырып көрген жоқ.

Өрімдей жас кезінде орта мектепке арналған әдебиет оқулығын жазды. Жазбасқа лажы жоқ еді. Алдыңғы толқын ағалар зобалаңға ілініп, жазықты болып кетті. Таңдау жиырмадан енді ғана асқан үш жас зерттеушіге түсті. Зейнолла Қабдолов, Айқын Нұрқатов үшеуі жазған сол оқулықтың жарық көргеніне алпыс жыл толды. Сапалы әзірленген бұл оқулық үшеуін де қалың елге танымал етті. Әке мен баланың және немеренің қолынан өткен ғұмырлы оқулық болды бұл.

Серік Қирабаевтың «Шындық пен шығарма», «Талантқа құрмет», «Әдебиеттанудың ақтаңдақ беттері», «Тарих және әдебиет», «Тәуелсіздік рухымен», «Өмір тағылымдары» атты ғылыми-танымдық кітаптары ойлы оқырманның қастерлі қазынасына айналды.

1967 жылы КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясы құрылған кезде Оқу-ағарту министрі болған Әбдіхамит Сембаев екеуі академияның корреспондент-мүшелігіне өтті. Ал Мәлік Ғабдуллин толық мүшелікке кірді. Осыдан-ақ мұның қазақ ғалымдарының басына оңайлықпен қона бермейтін бақ екенін бағамдай беріңіз.

1966 жылдан 1974 жылға дейін КСРО Жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің қарауындағы Жоғары Аттестациялық комиссияның филология және өнертану саласы бойынша сараптау кеңесінің мүшесі болды. Бұл құрылымға бұған дейін Мәлік Ғабдуллин мен Митрофан Сильченко ғана еніпті. Осынау беделді комиссия құрамындағы шығыс халықтары өкілдерінің саны үш-төртеуден аспайтын. Серік аға өзі мүше болған сегіз жылда қазақтың талай талантты перзенттерінің жолын ашты. Қиналғанына қол ұшын берді. Біразын ВАК-қа диссертациямен ілесе жеткен арыздардан, дүниені дүрліктірген дау-дамайдан арашалады. Мәскеу марқасқаларының алдында жерлестері үшін сан рет күйіп-жанды. Ғылыми еңбегі бекіген әріптестерінің дипломын елге ала келіп, көл-көсір қуаныш сыйлады.

Серік ағамыз басшылық қызметтерді де абыроймен атқарды. Елдің ең үлкен кеңсесі – Орталық Комитетте идеологияға жауапты бөлім меңгерушісінің орынбасары болды. Беделді бұқаралық ақпарат құралдарын басқарды. Жоғары оқу орнының кафедра меңгерушілігінен проректорлығына дейінгі жолдан өтті. Абыроймен келген қызметін дер кезінде абыроймен табыстай білді. Өз еркімен орнынан түсіп, үнемі жастарға жол ашты. Директорлықты да, бөлім меңгерушілігін де лайықты шәкірттеріне қалдырды. Содан соң олардың шаруасына өмірі араласпайды. Өзі қатардағы қызмет иеленіп, бөлмесінде елеусіз ғана отырады. Бірақ оны осыдан соң елемей көріңіз. Кейінгі буын ардақты ағаны осы қасиеті үшін де құдайдай сыйлайды.

Қанағатшыл Қирабаевтың текті тұлғасы биіктеген үстіне биіктей беретіні де сондықтан.

Келтеталдан кемелдікке дейін

Салып көрсек байыпқа,
Сізге ұқсау айып па?
Сөз саптаймыз еліктеп,
Серік Қирабаевқа!
(Тақырыптың тұздығы)

Кейін танымал әдебиетші, сарабдал сыншы боларына көрінген шығар, жастайынан ақындармен араласып-құраласып тұру пешенесіне бұйырды. Мектепте оқып жүрген кезінде ақын Ғабдиман Игенсартовпен көрші тұрды. Ол сол кезде Жаңарқа аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет істепті. Өзі бастық, өзі өлең жазатын шенеунік шайырдың болмысы жас ұланға едәуір ой салғанға ұқсайды. Кейін Қарағандыда есепшілер курсында оқып жүргенде ақын Қайып Айнабековпен көрші болады. 1929 жылы «Қырдың қызыл гүлдері» деген жыр жинағы шыққан Қайып ақынның еңкіш тартып қалған кезі екен. Жыр сұңқары Сәкеннің қайнағасы Қайып ол ұсталып кеткен соң мазасыз күй кешкен көрінеді. Сөйтіп, қайда барса да өлеңнің өзі Серік ағаның соңынан қалмай, оны үнемі төңіректейді де жүреді.

Соның әсері болар, қазақтың ауылда өскен бар баласы секілді біздің Серік ағамыз да ақын болмаққа бел буып, жыр жазыпты. Алғашқы өлеңдерінің бірі Жаңарқадағы Жарық деген елді мекенге арналған. Бұл өлең аудандық газетке басылады. Сөйтіп, Серік ағам бала күнінде Карл Маркс атындағы мектептің мұғалімі болып жүргенде поэзиядағы тырнақалдысына географиялық нысанды тақырып етіп алып еді. Сірә, кейін қазақ география ғылымының келешек көшбастаушысын жар етіп, бақытты ғұмыр кешетініне көрінген шығар.

Оны айтасың, біздің кейіпкеріміз ақындар айтысына да қатысты. Айтыс болғанда, анау-мынау айтыс емес, 1944 жылы Жаңарқада өткен бүкіл аймақ ақындарының сөз сайысы. Соған қатысатын аудан ақындарының тобына қосылды. Ауылдың көркемөнерпаздар үйірмесі қойған Бейімбет Майлиннің «Шұғасын» тамашалап, Шұғаның, Әбіштің монологтарының өңін өзгертіп, сол үлгімен нағашылары мен жеңгелеріне арнап өлең өрді. Халықтық үлгілерді сол заманға бейімдеп айтты. «Серпілді, тұман, серпілді, Аласың, Қаят, еркіңді. Көргенде Өсер қуансын, Құбылт, Қаят, көркіңді. Жеңілді, әкең, жеңілді, Жеңгең Бәден көңілді. Өксігіңді бас, Қаят, Өмір таңы көрінді», – деп даяр үлгімен әйел теңдігін жырға қосты.

Сәкеннің серігі, сөзге ұтқыр, сайқымазақ жынды Әбенді көріп, оны қызықтап, әңгімесін тыңдады. Әбеннің бастан кешкен хикаялары бірінен бірі өтеді. Жалпы, Жаңарқада сүйегіне сөз сіңген мұндай кісілер өте көп. Соның бәрі оның жазу өнеріне деген құмарлығын оятты.

Тіл мен әдебиеттен басқа бірқатар пәндерге де бейімі бар еді. Мектепте химия пәнін өте жақсы оқыды. «Түбінде сенен мықты химик шығады», – десетін ұстаздары. Бірақ Менделеев кестесін жата-жастана зерттеу маңдайына жазылмапты. «Кейінгі жағдайлар (оқудан қол үзіп қалуым) бұл ойды іске асырмады, – деп жазады ол өзінің естелігінде. – Химия сияқты ғылымдар үнемі жаттығуды, лабораториялық жұмысты талап етеді ғой». Қазіргі күні Серік ағамның ақ халат киіп, химиялық қоспалар мен ерітінділерді мидай сапырылыстырып, лабораторияда тәжірибе жасап жүргені көзге елестей қоймайды, әрине. Оның есесіне, қазақтың мен деген атақты ақын-жазушыларының шығармашылық лабораториясына үңілді. Қай істен де нәтиже шығармай қоймайтын Серік ағам химияның жолын шындап қуғанда бүгінгі әңгімемізді «Ұлттық Ғылым академиясының академиктері, отандық химия ғылымының көшбасшылары Мұрат Жұрынов, Еділ Ерғожин, Нәдір Нәдіров және Серік Қирабаев...» деп бастап отырар ма едік, кім біледі...

Жас күнінде есеп-қисапқа өте жүйрік болды. Жазғы демалыста мектептен бос кезінде аудандық банкте бухгалтердің көмекшісі болып жұмыс істеді. Қарағандыға барып, банк есепшілерінің үш айлық курсында оқыды. Бұл саланы қуғанда да өз ісіне жетік майталманның бірі болары анық еді.

Ал енді сіз менің Серік ағамның аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері болғанын білесіз бе? Ол аудандық бөлім жанындағы еңбекпен түзеу инспекциясының бастығы қызметін атқарды. Жұмысын адал істейтін тәртіп сақшысын ешкімнің оңайлықпен жібергісі жоқ. «Оқимын» дегеніне бастықтары құлақ аса қоймады.

«Оқысаң, өзіміздің жүйенің оқуын оқисың», – деп сіресіп бақты. Ақыры, жоғарыға хат жазып, Алматыға аттанып тынды. Сөйтіп, бір кезде милиционер формасын киген Ғабит Мүсірепов, тапаншасымен елді тәртіпке шақырған Сәбит Мұқанов сияқты Серағаң да осы саланың дәмін татты. Өз басым ісіне мығым, тиянақты Серік аға ішкі істер қызметінде жүре берсе, бүгінде сымдай тартылған сымбатты генерал болатынына титтей де күмәнданбас едім.
Ол өз жолын өзі таңдады. Әдебиеттану мен сынға саналы түрде келді. Өлең-жырға құмарлығы текке кеткен жоқ. Спандияр Көбеев пен Сәкен Сейфуллиннің шығармаларын зерттеп, кандидаттық, докторлық диссертация қорғады. Абай мен Жамбыл, Бейімбет пен Сәбит, Қасым мен Иса, Ғали мен Әбділда, Асқар мен Жұмағали сынды қазақ әдебиеті алыптарының өмірі мен шығармашылығын зерделеп, монографиялық еңбектер жазды.

Жариялылықтың жылымық желі ескен тұста жазықсыз жазаланған арыстарымыздың әдеби мұраларын ақтаңдақтардан арашалауға үлкен үлес қосты. Оның бас-көз болуымен Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов шығармалары ортамызға қайта оралды.

Сөйтіп, Арқадағы Келтетал ауылында кіндігі кесілген парасатты перзент бүгінде Алаштың ақылы кемел абызына айналды.

Бақ пен бап

Шабысынан танбайды,
Шаршап жолда қалмайды.
Ширақтығын көргенде,
Шал деуге ауыз бармайды!
(Тақырыптың тұздығы)

Академик Серік Қирабаев биыл тоқсан төртке толды. Оған жеткен де, жетпеген де бар. Ғылым адамдарының дені алпыстан асар-аспаста маңдайы жылтыраған қасқабас қартқа айналады. Кейбірінің тегеуріні тежеліп, қуаты қайтып, таяққа сүйеніп, еңкіш тартады. Енді бірі қазір айтқанын қазір ұмытып, «адам қартайғанда бір баланың» күйін кешеді. Бірқатары қоғам ісінен, заман тіршілігінен іргесін аулақ салып, күн ұзаққа қағазға көміліп, үйінде отырады. Ал әдебиеттанудың алыбы саналатын атақты академикті бұлардың ешқайсысының қатарына қоса алмайсың. Тіл-аузымыз тасқа, әзірге найзадай тіп-тік. Шашының әр талы шашау шықпай, орнында тұр. Жүріс-тұрысы ширақ. Адымдап жүргенде жанына ерген елудегілерді ентіктіреді. Еске сақтау қабілеті есіңді тандырады. Кеудесі – көмбе, зердесі – қазына. Бүтіндей бір ғасырдың бүкіл құпиясын көкірегіне хаттаған алтын сандық дерсің.

Сол баяғы қалпынан өзгерген емес. Әредік әңгіме бастаса, дерек пен дәйектен ешқашан жаңылыспайды. Батырлар жырларын әлі күнге дейін жатқа соғады. Әр сөзін шегелеп айтады. Әдепкіде атап өттік қой, ағынан жарылса, ұзаққа сілтеп, жуық арада тоқтай алмай, елді де, өзін де әбден мезі ететін көкезу қартың ол емес. Аз сөйлеп, берекелі пікір айтады. Үнсіз отырып-ақ саған көп нәрсені аңғартады. Тек сергек сана, көреген көз болса болды. Тұнжыраса – тартынасың, күлімсіресе – көңілденесің.
Алматы мен Астананың арасына еркін қатынайды. Тұрпатынан тектілігі байқалып тұрады. Уәдесін ешқашан бұзбайды. Тиянақтылығы жағынан ешкімге ұпай бермейтін жапондардың өзін жолда қалдырады. Иілмеген емендей, мәуелі бәйтеректей тұтастық танытады. Әдемі ақсақалдық, қадірлі қарттық деген осы шығар. Міне, сондықтан бұл белесті тұғырлы тоқсан төрт дейміз.

Әттең, жиырма бірінші ғасырдың көшіне әлдеқашан ілесіп кеттік, баяғы заман болса, академиктің киген киімінің шалғайынан шалғай, түймесінен түйме қалмас еді. Ырымшыл қазақ жақсының жамылған шапанының шалғайын шолтитып кесіп, бешпентінің түймесін қырқып алып, пышақ үстінен бөлісіп әкетеді ғой. Қазір ол дәстүр жоқ. Сондықтан текті тұлғаның шалғайы бүтін, түймесі түгел.

Серік ағаның сыны бұзылмайтын себебі бар. Өйткені, әйгілі академикті өз шаңырағында тағы бір академик баладай баптап, бар жағдайын жасап келеді. Қазақ қыздарының арасынан шыққан танымал ғалым Әлия Бейсенова қалың елге қадірлі Қирабаевтың қартаюына жол берген жоқ. Сондықтан Серік ағаның бағы мен бабы қатар жүрді. Академик әлі күнге дейін ғылыми қызметтен қол үзген емес. Көрнекті ғалымды ширақ күйден ажыратпай тұрған себептің тағы бірі осы. Жұмыс адамды ширықтырады, еңсені көтереді.

Осыншама биік белеске жеткеніне қарамастан Серік Қирабаевтың өмір жолы тақтайдай тегіс болды дей алмаймыз. Оның да тіршілігінің өрі мен еңісі бар. Алдымен әкесі қиындық көрді. «Қирабаев – халық жауының қалдығы» деген аттаншыл мақала бұлардың әулетіне пәле болып жабысты. Кейін өзі де талай рет әділетсіздікке тап болды. Күн сайын біреуі ұсталып, итжеккенге айдалып жатқан ұстаздарының қасірет-қайғысы жүрегіне жара салды. Ашсаң аузыңнан, тілдессең тіліңнен табатын зұлмат заманда өмір сүрді. Тұрлауы жоқ тіршілік «табаным тасқа тиер деп, қияға сақсынып шығуға» үйретті. Қазақ болмысының қаншама құпиясы көкірек көзіне шемен болып қатып қалды. Жылымықтың жылылығы еріте алмаған талай тылсым дүние әлі де абзал ағаның ішкі әлемін торлап тұрған секілді көрінеді.

Осыдан он тоғыз жыл бұрын Серік ағаның жетпіс бес жылдығы тойланып жатқан тұста құрдасын «Сераға» деп әспеттейтін академик Зейнолла Қабдолов мынадай сырдың ұштығын шығарды. «Қажым Жұмалиев қапастан қайтып келгенде екі адамға бас иді. Бірі – Жұмағали Саин. Екіншісі – өрімдей жап-жас Қирабаев. Екеуі де тергеушінің қинағанына қарамастан Қажекеңді ұстап бермеген, «ондай өлеңді айтқанын білмейміз» деп отырып алған». Қазыналы Қирабаевтың қырық қатпарлы құпиясының бірі осы. Оның да құлпын өзі ашпады. Үзеңгілес досы айтты. Кілтін таппаған қаншама сыр көкірек кенішінде шөгіп жатыр десеңізші. Талай рет тұғырға шықты. Талай рет еңіске түсті. Үміт күтетін үлгілі перзентінен ғайыпта көз жазып қалды. Соның бәрі жанына батпайды ғой дейсіз бе?!

Бұл өмірде төрт құбыласы түгел жан болмайды. Бірақ бәрібір ол – бақытты адам.

Қанағатшылдығымен, турашылдығымен, кішіпейілдігімен, тиянақтылығымен, уәдеге беріктігімен бақытты. Сол үшін кейінгі ұрпақтың алдында қадірі бар екендігімен бақытты. Тұғырлы тоқсанның төртеуіне сәулетті сексен тоғыздың сөресіне таяған жарын жетелеп, аман келгендігімен бақытты!

* * *

Осыдан тоғыз жыл бұрын жазған мақаламызды «Сәулетті сексен бес өзіңізді тұғырлы тоқсанға, жоталы жүзге жеткізсін, аға! Әудем жерде төбесі көрініп тұрған он бес жылды да аман-есен аттап, аттай желіп өткеніңізді көруге жазсын! 15-қазан күні 15-линиядағы 15-үйде шаңырақ көтерген сізге бұл сан жағатын еді ғой...», – деп аяқтап едік. «Сол сөзіміз – сөз!» дегенбіз. Алайда тағдыр оның ғибратты ғұмырын тоқсан төрт жаспен тұйықтапты.

Бүгін Қазақ елі Қирабаевпен қоштасып жатыр...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер