"Қажымұқандай қазақтың рухын танытқан тұлғаның еңбегін лайықты бағаласақ, Джеки Чан тағы бірдеңе-сірдеңе деп жүрмейді жастар"...

15091
Adyrna.kz Telegram

Қазақ халқының тарихындағы даңқты кәсіпқой балуан, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы – Қажымұқан Мұңайтпасовқа елорда төрінен ескерткіш ашылды. Сонымен қатар Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай ескерткіш орнатылған «Жас Батыр» спорт кешеніне де «Қажымұқан» атауы берілді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталының тілшісі.

Салтанатты іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов, грек-рим күресінен екі дүркін Олимпиада жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, әнші-композитор Жеңіс Сейдоллаұлы және т.б. бірқатар зиялы қауым өкілдері мен ұрпақтары қатысты.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне алыс-жақыннан келген  қонақтардың жүзінен балуан рухына деген шексіз құрметті бірден байқауға болады. Adyrna.kz тілшісі бірқатар қоғам қайраткерлерімен тілдесіп, Қажымұқан Мұнайтпасұлы бабамызға қатысты тың пікірлерін біліп қайтты.

 

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

«ДАҢҚТЫ БАЛУАНЫМЫЗДЫҢ АТЫ ДА, ЕҢБЕГІ ДЕ, АТАҒЫ ДА БІЗДІ МӘҢГІ ЖЕТЕЛЕЙДІ»

- Тәуелсіз мемлекетіміздің 30 жылдығына орай керемет оқиға болып жатыр. Жыл басынан Қажымұқан атамыздың 150 жылдығына арнайы Жалпыреспубликалық іс-шаралар жоспары аясында халықаралық, республикалық деңгейде бірқатар шаралар өткізіліп жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде марафондар, дөңгелек үстелдер, бірнеше конференциялар, турнирлер, әр түрлі күш жұлдыздарының, күрес жұлдыздарының сайыстары болып жатыр. Бұл қатарда арнайы «Қажымұқан» көркем фильмінің түсірілгенін және бүгінгі күнде осындай керемет ескерткіш орнатылғанын айтуға болады - дейді министр.

Сонымен қатар министр Қажымұқан Мұнайтпасұлының күрес әлеміндегі толағай табыстары қазіргі жастарға мәңгі үлгі болып қала беретінін атап өтті.

- Әрине еліміздің әр түрлі жерлерінде, әр түрлі керемет спорт кешендерінде, талантты спортшылар дайындалып, күресіп келе жатқан спорт оқу орындарында Қажымұқан атамыздың аты мәңгілік болады. Өйткені, қазақтың атын бүкіл дүниежүзіне паш еткен, күрестің бірнеше түрінен қазақтан шыққан тұңғыш дүниежүзінің жүлдегері болған біздің Қажымұқан атамыздың Тәуелсіз елімізге, жалпы қазақ халқына деген еңбегі зор. Қажымұқан атамыздың есімі біздің спортшыларға, біздің жастарға әрқашан да демеу беріп, біздің салауатты өмір салтын насихаттауда даңқты балуанымыздың аты да, еңбегі де, атағы да бізді мәңгі жетелейді ,- дейді Ақтоты Райымқұлова.

 

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы, республикалық «Әмбебап жекпе-жек федерациясының» президенті:

«ҚАЖЫМҰҚАН – ҰЛТТЫҢ РУХЫ»

- Бүгін мынау Тәуелсіздіктің 30-жылдық қарсаныңда Алаш жұртының рухын биікке самғатып отырған Қажымұқан бабамыздың ескерткішінің ашылуының маңызы ұрпақ үшін өте зор. Бүгінгі таңда Қажымұқан кім? Қажымұқан - ұлттың рухы. Сондықтан әрқашан да елдікке, бірлікке, достыққа, шымырлыққа, тастай қатты қайсарлыққа, барлығына да үлгі боларлық бүкіл ғұмыры - тұнған шежіре, тұнған тарих. Халықтар достығы дейтін болсақ та, сол кездің өзінде мынау мұхит асып, бүкіл әлемді бірнеше рет спорттың, күрестің әр түрлі түрінен мойындатқан. Мойындатып қана қоймай, өзінің шәкірттерін де тәрбиелей білген осы біздің Қажымұқан Мұнайтпасұлы болатын, - дейді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.

Қажымұқан күреске түсіп жүргенде, Франциядағы медициналық карточкасында оның бойының -  186 сантиметр, салмағы 130 келі болса, Поддубный 184 см, салмағы 118 келінің айналасында болғандығын және біздің даңқты балуанның оған жеңісті қалай сыйлап жібергені, қалай жығылғаны барлығы да айғақталатынын атап өтті.

 

«ҚАЖЫМҰҚАНДАЙ МҰХИТ АСЫП, ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫН ТАНЫТҚАН, ДОСТЫҚТЫ ШЫҢДАҒАН БІРДЕ БІР ТҰЛҒА БОЛҒАН ЕМЕС»

- Ешқандай да аңыз әңгіме емес. Бүкіл деректерімен қамтылған Қажымұқанның табысты өмірі тек қана өзінің сол шетелдерден алған жетістіктері мен алтындарының қорымен ғана емес, сондай-ақ өзінің сол циркте тырнақтап жинаған ақшасының барлығын қапасыз қайғы халықтың басына төнген кезде ұшақ жасатып, соны майданға табыстағанымен еңбегі біз үшін бағалы. Сондықтан да, бүгінгі таңдағы біздің спортшыларға бұл кісінің өнегелі өмірі ерекше сабақ! Жалпы бүкіл Түркі жұртында қаншама аңыз айтылсын, түйе көтерсін, піл көтерсін бірақ дәл сол заманда тап осы Қажымұқандай мұхит асып, қазақтың рухын танытқан, достықты шыңдаған бірде бір тұлға болған емес, - дейді Бақытбек Смағұл.

Сөз соңында халық қалаулысы ұлттық намысымызды айқындайтын Қажымұқан бабамызға арналған ескерткіш тек қана колледжде, мектепте ғана емес, сондай-ақ осы Нұр-Сұлтан қаласының белгілі спорт кешендерінің алдында тұлғасы таудай  15-20 метр болып орнатылуы тиіс екеніне тоқталды.

 

«ҰЛЫЛЫҒЫМЫЗДЫ ЕМЕС ҰЛТЫМЫЗДЫ, РУЫМЫЗДЫ ЕМЕС РУХЫМЫЗДЫ ОЙЛАЙМЫЗ ДЕСЕК – ҚАЖЫМҰҚАН НАҒЫЗ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҰЛЫ РУХЫ»

- Бүкіл әлем ұлық тұтқан, бүкіл әлем өнеге тұтқан азаматымызды ешқашан да ұмыт қалдыруға болмайды! Ұлықталуы керек! Бабамызды насихаттап, көрсете білуіміз керек. Ұсақтықтан гөрі тұтастыққа, ұлт болып ұйысамын деп бауырымызға аталас емес баталасты басатын кезде, ұлылығымызды емес ұлтымызды, руымызды емес рухымызды ойлаймыз десек - Қажымұқан нағыз қазақтың қайсар ұлы рухы! Біз сонымен шыңдалуымыз керек, - деп сөзін аяқтады Мәжіліс депутаты.

 

Ақайдар Ысымұлы, журналист-заңгер, «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

 

«ЕШКІМГЕ ЖЕҢІЛМЕГЕН, ЖАУЫРЫНЫ ЖЕРГЕ ТИМЕГЕН КІСІ»

- Қажымұқан қазақты күллі әлемге таныстырған алғашқы кісі. Қажымұқанға дейін әлем қазақ деген халықтың бар екенін білген жоқ.  Әлемдік аренаға шығып жүрген кезінде ол кісіге: «Сен түрік бол, мұсылмансың ғой!» – деген де ұсыныс білдірген. Кейін Кеңес заманында «Сен өзбек бола сал, сенің жағдайыңды жасаймыз», «Сен орыс бола сал», дегенде де, ол ешуақытта өзінің ұлттық намысын бермеген. Өте намысқой кісі болған. Өзінің заманында әлемдік чемпионаттарға қатысып, 48 алтын-күміс медальдарын алған. Ешкімге жеңілмеген, жауырыны жерге тимеген кісі. Күллі қазақтың перзенті, ар-ұяты, намысы. Сондықтан да, Қажекең біздің ұлттық мақтанышымыз. Біздің ұлттық намысымыздың ақ туы десек те, артық емес, - дейді Ақайдар Ысымұлы.

Одан әрі Қажымұқан бабамызға әлі күнге дейін лайықты бағасын ала алмай келе жатқанына қынжылып, жастар арасында даңқты балуанымызды дәріптеу, насихаттау жағы ақсандап тұрғанына тоқталды.

 

«ОЛ КІСІНІҢ ЕСКЕРТКІШІ ТЕК СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ АЛДЫНДА ҒАНА ЕМЕС, ЕЛОРДАДАҒЫ СПОРТ АРЕНАНЫҢ АЛДЫНДА ТҰРУЫ ТИІС»

- Әр уақытта бұл кісінің атына турнирлер өткізіледі, бірақ дегенмен бәрібір жеткіліксіз деп ойлаймыз. Кеңес заманында Алматыдағы стадионға сол кісінің атын берейік деген ұсыныс берілді, болмаса Алматыдағы спорт институтына сол кісінің атын берейік дедік. Бірақ олай болмады, тек осы Целиноград қаласында облыстық стадионға ғана сол кісінің аты берілді. Қазір енді астана болған кезде ол кішкентай алаңға айналып қалды. Бүгінгі күні ол кісінің атындағы ескерткіш өзінің туған ауылында бар, ол да өзі мына демеушілердің, меценаттардың қолдауымен құйылып, сол халықтың қаражатына тұрғызылды. Енді мына ескерткішті билік өзі тұрғызып жатқан көрінеді. Дегенмен ол кісінің ескерткіші тек спорт мектебінің алдында ғана емес, елордадағы спорт аренаның алдында тұрса да, артық болмас еді деп ойлаймыз. Себебі, елдің көп баратын жері, түрлі халықаралық жастардың өтетін жері, бұл кім деген кезде осындай кісі деп таныстыратын лайықты орны сол еді деп ойлаймыз,- дейді заңгер-журналист.

 

«ЕҢБЕГІН ЛАЙЫҚТЫ БАҒАЛАСАҚ, ДЖЕКИ ЧАН ТАҒЫ БІРДЕҢЕ-СІРДЕҢЕ ДЕП ЖҮРМЕЙДІ ЖАСТАР»

Сонымен қатар бұл кісінің туған жері Ақмола облысының Целиноград ауданы Қажымұқан ауылы болғаннан кейін ауданның атын Целиноград демей-ақ, Қажымұқан ауданы деп қойса да, әбден лайық болар еді.

- Еңбегін лайықты бағалау керек. Қажекең біздің жастарымыз үшін де, жалпы келешек ұрпағымыз үшін де біздің мақтанышымыз! Бізді намысқойлыққа тәрбиелейтін біздің ұлы тұлғамыз! Сондықтан да Қажекеңе қандай қошемет жасасақ та, ол ешуақытта артық емес. Қажымұқан атындағы спорт кешендерін, спорт залдарын көбейткенде ол кісінің аты таныла береді. Джеки чан тағы бірдеңе-сірдеңе деп жүрмейді жастар. Ооо, біздің өзіміздің атамыз бар! Өзіміздің ұлттық намысымыз бар! Өзіміздің батырымыз бар, біз ешкімнен кем емеспіз! Біздің әлем чемпионы болған өзіміздің тұлғамыз бар деп мақтанатын болады. Барлығы насихатқа байланысты, - деп толықтырды сөзін Ақайдар Ысымұлы.

 

Жеңіс Сейдоллаұлы, әнші, композитор, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры:

 

«БАЛА КЕЗІМІЗДЕН ҚАЖЫМҰҚАН БАБАМЫЗДЫ БАЛУАН, БАТЫР РЕТІНДЕ ТАНЫП, КӘДІМГІДЕЙ ЕРТЕГІ ТЫҢДАП ОТЫРҒАНДАЙ БОЛАТЫН ТҰҒЫНБЫЗ»

- Біз бала кезімізден Қажымұқан бабамызды балуан ретінде, батыр ретінде білетін тұғынбыз. Мен сонау 1980 жылдары музыкалық училищиге түскен кезде, ең бірінші кітаптың авторы Амантай Байтанаевтың Қажымұқан туралы кітабын сол кезде оқыған едім. Бізге сол Амантай Байтанаевтың Клара деген қызы қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ берді. Сол кезде ол кісі өзінің Қажымұқанның алдында отырғанын, сондай қызық ірі адам екенін, құлағының жартысы жоқ екенін, мұрны жыртылғанын, бәрін-бәрін сол кезде қызықтырып айтып отыратын, біз кәдімгідей ертегі тыңдап отырғандай болатын тұғынбыз. Сондықтан бүгінгі күні сол Қажымұқан бабамыздай ізбасарлары көп болсын, өсіп-өнсін деп тілеймін! Бүгін бабамыздың мынау ескерткішін ашайын деп жатырмыз. Осыған қарап, балалар өздерінің бойын түзеп, мықты-мықты, үлкен-үлкен биіктерден көріне берсін, - деп жылы лебізін білдірді Жеңіс Сейдоллаұлы.

 

Ерқожа Әлқожаұлы Тілепберді – ақын-заңгер, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Мәдениет және спорт министрлігі – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі:

 

«РУХЫМЫЗДЫ ОЯТЫП, ЖАСТАРДЫҢ ТАЗА, АДАЛ ӨМІР СҮРІП, АДАЛ ЖҰМЫС ІСТЕУІ ҮШІН ОСЫ КІСІЛЕРДІ ҮЛГІ ТҰТУЫМЫЗ КЕРЕК»

- Нағыз рухымызды оятатын осы Қажымұқан атамызға арнап, осындай ескерткіш қойылып жатқанына өте қуаныштымыз. Қажымұқан ата Ұлы Отан соғысы кезінде өзінің жағдайына қарамай, бірде тоқ, бірде аш жүрсе де, өнер көрсетіп жүріп ақша жинап, самолет сатып алып берген. Ал ол самолетпен біз қанша жауды жеңдік. Соның арқасында қанша халық аман қалды. Міне, біз осындай адамдарды қолдауымыз керек, құрметтеуіміз керек! Ардақтауымыз керек! Рухымызды оятумыз керек! Рухымызды оятып, жастардың таза, адал өмір сүріп, адал жұмыс істеуі үшін осы кісілерді үлгі тұтуымыз керек. Бүгінгі ашылып жатқан ескерткіш біздің халқымыздың жүрегінде үлкен бір рух оятып, қоғамдық ой-санада үлкен бір сілкініс тудырды, - дейді Ерқожа Тілепберді.

 

Қалиева Ардақ Қастайқызы, Қ.Мұнайтпасов мектебінің тәрбие жұмысы директорының орынбасары:

 

«МЕКТЕБІМІЗДІҢ ҮНЕМДЕЛГЕН ҚАРЖЫСЫНАН ҚАЖЫМҰҚАН БАБАМЫЗҒА МӘҢГІЛІК ЕСКЕРТКІШ ОРНАТТЫҚ»

- Бүгін үлкен мереке. Қажымұқан бабамыздың 150-жылдық мерейтой қарсаныңда ол кісіге арналған ескерткіш ашайын деп отырмыз және «Жас батыр» спорт кешенінің атын Қажымұқан бабамыздың атына бермекшіміз. Мектебіміздегі оқушылар кеңесі, педогикалық кеңестің қаулысы бойынша осы Қажымұқан атаның атына береміз деп ұйғарым жасадық. Сондықтан бүгін мектебіміздің үнемделген қаржысынан осы Қажымұқан бабамызға мәңгілік ескерткіш болсын, балаларға, келешек ел тізгінің ұстайтын ұрпаққа патриоттық, елжандылық тәрбие беру мақсатында, біз балаларымызға осындай керемет мерекелік іс-шара өткізбекші ойдамыз, - дейді Ардақ Қастайқызы.

 

Бақытжан Қажымұқанов, әнші-композитор, туған немересі:

 

«БҮГІНГІ АШЫЛЫП ОТЫРҒАН ЕСКЕРТКІШ ХАЛЫҚТЫҢ АТАМА ДЕГЕН СЫЙ-ҚҰРМЕТІ ДЕП БІЛЕМІН» 

- Бүгін бәріміз Қажымұқан атамның бүкіл бойымен соғылған Астанадағы ең бірінші ашылып жатқан ескерткішінің куәгері болып отырмыз. Мен сол Қажымұқан атамның туған немересі ретінде өте қатты қуаныштымын. Жүрегім елжіреп тұр. Бүгінгі ашылып отырған ескерткіш халықтың атама деген сый-құрметі деп білемін. Осындай керемет шара өткізген барлықтарыңа үлкен алғысым бар, барлықтарыңа үлкен рақметім бар!, – деп туған немересі ізгі лезібін білдіріп, өз өнерін ортаға паш етті.

Айта кетейік, ескерткіш қоладан соғылған, жалпы биіктігі 5,7 метр (тұғыры – 2,2 метр, мүсін 3,5 метр). Авторлары – Жалын Бауырқан, Болатбек Салаев.

Зарина ӘШІРБЕК,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер