Желтоқсандықтардың жан-айқайы: "Ішімізде өкпеміз бар, қаншама желтоқсандықтар жындыханада жатыр"

24823
Adyrna.kz Telegram

«АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенінде, музей директоры Самат Тергембаев пен Республикалық «Желтоқсан» ұйымының төрайымы Ақбөпе Балғымбекованың бастамасымен, Желтоқсан қаһармандары 35 түп қарағай мен шырша, қайың ағаш көшетін отырғызып, ерлікпен жанын қиған батырлар рухына құран бағыштап, тағзым етті. Үш сауаптың бірін бірлесе атқарған желтоқсаншылар игі істі ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арнап отыр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталының тілшісі.

Самат Тергембаев, «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің директоры, желтоқсаншы:

- Жалпы ұйымдастырылып жатқан шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арналып ұйымдастырылып отыр. «Болашағын ойлаған ел – тал егеді» - демекші, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы қаласынан келген желтоқсаншыларды жинап жатырмыз. Біздің өмірдің көбі кетіп, азы қалды. Бұл ертеңгі ұрпаққа қалатын дүние. «Біздің әкелеріміз Желтоқсан көтерілісіне қатысқан. Бұл Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары, қазақтың ұлттық намысын қорғап шыққан азаматтар - біздің әке-шешелеріміз, аталарымыз-апаларамыз» - деп бізді еске алатындай, артымыздан бір естелік қалдырып кетсек деген мақсатымыз бар. 100 жылдан кейін де бұл қарағай, қайың, шырша ағаштары өте ұзақ жасайды. Сондықтан ертең ұрпақтарымыз осы жерге келіп, сондай қасіретті жер болғанын ұмытпау керек екенін алға қойып, ондай қасірет-зұлматтардың қайталанбауы үшін осындай дүниелерді есімізде сақтауымыз керек, - дейді.

Сондай-ақ, желтоқсаншы 1986 жылы алаңға шыққан марқұм батырларымызды күрсіне еске алып, әлі күнге дейін Желтоқсанға лайықты саяси баға берілмегенін айтып қынжылды.

- Желтоқсаншылардың көбі оқудан шықты, түрмеге отырды. Бірнеше азаматтарымыз шейіт болып кетті. Сондықтан біз ол қасіретті ұмытпауымыз керек. Әлі Желтоқсан толық өзінің саяси бағасын алған жоқ. Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл болса да, ішімізде өкпеміз бар. Өйткені, біздің сол кездегі алаңға шығып, ұлттың намысын, қазақтың намысын қолдап шыққан қыз-жігіттер, шейіт болып кеткен азаматтар әлі толық ақталған жоқ. Енді ғана қазір міне ақталып жатырмыз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға байланысты былтыр ҚР Президенті Қ.Тоқаев Жарлық қабылдады. Сол бойынша республикалық комиссия құрылды. Бүкіл облыстарда аймақтық комиссия құрылып, қазір архивтердегі құпия құжаттардың бәрін түгел ашып жатыр. Кеңес өкіметі құрылғаннан бергі замандағы соңғы 1986-жылға дейінгі саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша бүкіл тарихшылар, ғалымдар жұмыс істеп жатыр, - дейді желтоқсаншы С. Тергембаев.

Ағаш отырғызу салтанынан кейін жиналған дүйім жұрт марқұмдардың рухына құран бағыштап, кейін музейдің ішін тамашалады. Музейге келгендер өз естеліктерімен қатар құнды ақпараттармен де бөлісті.

 

 

Мұрат Мұхамеджанов, Тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан жауынгерлер одағының төрағасы:

- Кеңес Одағы біздің халқымызға қайғы-қасірет, азап пен өлім әкелді. Қазір менің қасымда Қазақстанның батырлары тұр. Бұл желтоқсаншылар. Олар кезінде біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігін қорғап қалды. Біздің желтоқсаншылар ерекше мәртебеге лайық деп санаймын. Қазақстан біздің желтоқсандықтарды «Халық Қаһарманы»  ретінде тануы тиіс. Сол бір қаһарлы, қиын кезеңде Азаттық үшін алаңға шыққандардың бәрі батыр, - дейді Мұрат Мұхамеджанов.

Одан бөлек Мұрат Мұхамеджанов Желтоқсан көтерілісіне қатысқан барлық батырларымыздың статусын көтеріп, әрқайсысының аты-жөнін Қазақстанның құрмет кітабына тізіп жазуымыз керек екенін атап өтті.

- Біздің батырларымыз Желтоқсан көтерілісінің Кеңес одағын ыдыратуға ұйытқы болғанын бүкіл әлемге көрсете білді. Біз бүгін дәл осы батырларымыздың арқасында Тәуелсіздікке қол жеткізіп отырмыз. Қазақстан қазақ халқының геноцидін мойындауы тиіс. Геноцид 1936 жылдан 1986 жылға дейін болуы керек. Бұл да геноцид. Олар біздің қазақтарды жаншып өлтірді. Бұл жалпы қазақ халқының геноциді. Сондықтан біз шейіт болған батырлардың  есімдерін іздеп, табуымыз керек. Себебі, бұл тарих. Ол жайлы бізге үндемей, барынша айтпауға тырысуда. Бірақ ерте ме, кеш пе мұрағаттық құжаттардың сақтау мерзімі бар, біз бұл құжаттарды құпиядан шығаруға міндеттіміз. Шын мәнінде не болғанын көрсетуіміз тиіс, - дейді Тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан жауынгерлер одағының төрағасы.

Ақбөпе Балғымбекова, Республикалық «Желтоқсан» ұйымының төрайымы, желтоқсаншы:

- Қазір ғана желтоқсаншыларымыз ақталып, сол құжаттармен жұмыс жасап жатырмыз. Желтоқсаншылар осы уақытқа дейін қайда жүрді деген әңгіме болмасын. 2021 жылдың 5 қаңтар күні ҚР Президенті, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланғаннан кейін, 1993 жылдан бастап шыққан Жарлықпен біраз желтоқсандықтар ақталды. Осы күнді күтті, осы уақытты күтті.  Қазіргі уақытта 600 желтоқсандықтар заңды түрде ақталу қағазын прокуратурадан алуға дайын, - дейді Республикалық «Желтоқсан» ұйымының төрайымы.

Осы орайда, желтоқсаншы Мемлекет басшысына желтоқсаншылардың тағдырына бей-жай қарамай, өз бақылауына алуын өтінді.

- Жалпы енді Желтоқсан көтерілісінің батырлары өте көп. Желтоқсандықтар 35 жыл шыдады, күтті. Енді осы кісілердің жағдайын мемлекеттік деңгейде заңдастырып, дұрыстап қараса жөн болар еді. Кейбір кісілер өздерінің ұйымдарымен жеке-жеке ақталуға архивке барса,  біраз нәрсе жоқ. Енді мен 20 жыл бұрын алған архивтен қазіргі алған архивтерді құжаттар тобына салғанымда, ол кісілер өз фамилияларын, тегтерін тауып қуанып жатыр. «Бізге осындай жылы осындай архивтен сізді анықтайтын құжат жоқ деген. Ал, ана жерде шығып жатыр» - деп алғыстарын білдіруде. Сол архивтердің қызметін біздің Президентіміз қолға алып, мекеме қызметкерлері осы сынды жұмыстарды сәйкесінше дұрыс орындап, бізге дұрыс құжат беруін өтінеміз, - дейді желтоқсаншы Ақбөпе Балғымбекова.

 

Одан бөлек Ақбөпе Балғымбекова желтоқсаншыларға қатысты еш жерде айтылмаған шындықтарымен бөлісіп, тіпті кейбіреуінің саяси қамап та, жындыханаларда отырғандығын айтты.

- Қаншама желтоқсандықтар сотталып, қаншама желтоқсандықтар зардап көрді. Жындыханаға жатқызды. Осы күнге шейін Алматы жындыханасында жатқан Оспанов Қайрат деген ағамыз бар. Сол кісінің бар жағдайы түзу. Зейнет жасқа шыққанда бірақ шығарамыз деп айтқан екен. Енді қаншама уақыт өтті ғой. Ол кісіні сонша ұзақ ұстау деген мемлекетімізге, басқаға да, заңымызға да сыймайды. Соған бір дұрыс көзбен қарасаңыздар. Бізді басқарып отқан Мемлекет басшысынан бастап, жоғары лауазымды прокуратура, соттар осыған дұрыс қараса деген өтініш айтамыз,- дейді желтоқсаншы.

Ақайдар Ысымұлы, «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, желтоқсаншы:

- Желтоқсанның мән-мағынасын кемітіп, көбінесе оқиға деп айтып келе жатыр. Бірақ, бұл оқиға емес. Бұл көтеріліс. 2016 жылы өткен Халықаралық конференцияда түрлі елдерден келген іргелі ғалымдар мән-жайға қаныға отырып, оған көтеріліс деген баға берген. Енді біз биліктен соны талап етіп жатырмыз. Көтеріліс деген баға берілуі керек. Осы көтеріліске қатысушылардың мәртебесін беру керек деген әңгімелер айтылып жатыр. Ақтау жұмысы жүріп жатыр. Бірақ, жалпы алғанда сылбыр деп айтуымыз керек. Өзі мемлекет тұрғысында акт қабылдануы керек. Акт деп отқанымыз – арнайы заң қабылдануы керек. 1993 жылы осы саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау туралы заң шықты. Оның алдында Президенттің жарлығы да бар. Сол жарлықты орындауға байланысты Үкіміттен қаулысы да бар. Бірақ, ол жеткіліксіз, - дейді Ақайдар Ысымұлы.

Кездесу қорытындысында еркіндіқ мен бостандық жолында бастарын бәйгеге тіккен қанды Желтоқсан көтерілісіне қатысқан батырларымызға арнайы естелік кітаптар табысталды.

Бұл кездесу мәңгілік елдің босағасын бекітер бүгінгі жас буын аға ұрпақтың өткенінен тағылым алып, жастар өз тағдырларына өздері иелік ететін азаматтар болуы үшін, өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалардың ортасында болған батырлардың әңгімесін, өнегесін тыңдап, тарих беттеріндегі қалған парақтарды еске алу мақсатында ұйымдастырылды. Желтоқсан қаһармандарының сол қаһарлы күндердегі қайсар ерліктері бүгінгі жастар мен келешек ұрпаққа таптырмас үлгі, өлшеусіз өнеге...

Зарина ӘШІРБЕК,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер