Балаларымыздың бақыты әлеуметтік желі қызығынан артық емес

1001
Adyrna.kz Telegram
Фото: blog.karpachoff.com
Фото: blog.karpachoff.com

Ең алдымен, соңғы күндері  балаларынан айрылып қалған ата-аналарға көңіл айтамын. Ешкімнің басына салмасын мұндай қайғыны. «Екіншіден, бұл жаман індеттің артында не тұр?» деген сұраққа сіздермен бірге жауап іздегеніміз дұрыс шығар деп ойлаймын. Біздің қоғам барлық болып жатқан мәселеге кінәліні сырттан іздейді: мектеп, достары, интернет, т.б. 

Иә, келісемін, олардың да әсері бар. Бүгін әлеуметтік желі барлық сұраққа жауап бере алатын кеңесшіге айналды. Бірақ оның ішінде арнайы арандатушы, өтірік ақпарат таратушы, теріс нәрсені насихаттаушылар да отыр. Басқаны қойғанда бүгін өзін коуч деп атап, біздің ұлттық құндылықтарымызға қайшы ақпарат таратып отырған өз азаматтарымыз да аз емес. Солардың біршамасы – білімсіз, тіпті мамандығы жоқ адамдар. Ал, біздің қоғам солардың «оң қолыңызға қызыл жіп байлаңыз, оны менен сатып алыңыз, сонда барлық мәселеңіз шешіледі» дегеніне сенеді. Онда неге балалар сенбеуі керек? Олар сіздерден көргенін істейді ғой. Олар да сол әлеуметтік желілердегі жалған «досқа», ақпаратқа, жарнамаға сенеді. Отбасындағы ауызбіршілік, баламен достық қарым-қатынас, өзара сенім ғана бала мен ата-ананың арасында түсіністікті қалыптастырады. Бала өз өмірінде болып жатқан қуанышпен де, қиыншылықпен де, ең алдымен, өз отбасымен, өз отбасының мүшесімен бөлісе алу керек қой. 

Бүгінде балалар психикалық тұрғыдан нәзік екенін мойындауымыз керек. Ақпараттың тым көптігінен, оларға айналадағы көп ақпараттың ақ-қарасын ажырата алу қиын. Сол кезде балалар жанына жақын адам іздейді.

Ал біз баламызға жақынбыз ба?! Бұл сұраққа әркім өз-өзіне жауап беріп көрсе дұрыс болар еді. Материалдық қамтамасыз ету ғана баланы бақытты ете ала ма?! Неге біздің балаларымыз бір-біріне зорлық (буллинг) көрсетеді?! Қоя берсек сұрақ көп. 

«Осы мәселелердің туындауында менің рөлім қандай?» деген де сұраққа жауап іздеп көрейік. Кінә әлеуметтік желіде болса, билік басындағылар кейбір әлеуметтік желілерді жауып тастасын. Бұл басқа мемлекеттерде бар тәжірибе. Егер ата-ананың балаларға уақыт бөлуіне байланысты болса, жұмыс берушілер Конституцияға сәйкес жұмыс уақытын 8 сағаттан асырмайтын тәртіпті қатаң ұстансын. Содан кейінгі уақытты отбасына арнау туралы (мысалы, Норвегияда жұмыстан кейін денсаулығыңды нығайтуға жауаптысың) қағиданы қоғамда тұрақты орнату керек. 

Аналар кеңесінің «Кешкі шәй» деген жобасы бар. Әр отбасы кешкі асын өз отбасында, бала-шағасымен ішу керек. Ата-анадан бастап отбасының әр мүшесі бір күнде басынан өткенімен шынайы бөлісуді дәстүрге айналдыру керек. Сонда балаңыздың досы кім, арманы қандай, қандай ойын қызықтырады және т.б біліп отыруға болады. 

Ал кездесулер, тойлар, басқа да бас қосулар сіздің балаларыңыздың өмірінен, сіздің отбасыңыздың бақытынан артық емес. 

Ойланайық, ағайын!

 

Назипа Ыдырысқызы Шанаи 

ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы

Пікірлер