Қалың қалай, қазақ подкасы?

1170
Adyrna.kz Telegram

30 қыркүйек – халықаралық подкаст күні. Қазір елімізде ақпаратпен бөлісу, пікір алысудың бұл тәсілі кеңінен қолданылады. Десек те, отандық медиақауым подкаст технологиясын дұрыс қолданып жүр ме? Бұл сұрақтарға 5 жылдан астам зерттеп, зерделеп жүрген маман Елдар Құдайбергенов жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«30 қыркүйек – жай ғана дата, бірнеше подкастер өзара ойласып осы күнді таңдаған. Менің ойым, подкаст немесе подкастинг күні 11 қаңтар болуы керек. Себебі, 2001 жылы 11 қаңтарда Дэйв Уайнер алғаш рет «enclosure» деген тэгі бар RSS арнаны интернетке жариялаған, ол RSS арна арқылы «Grateful Dead» деген топтың әні таралған. Бұл музыкалық топ өз әндерін авторлық құқықсыз, тегін тыңдап тарату үшін интернетке жариялаған. Қазір подкаст – жаңашылдық емес, ол 2001 жылы пайда болған контентті таратуға арналған технология, ал Қазақстанда тарап жатқаны мүлде бөлек нәрсе», - деді Елдар Құдайбергенов.

Ол соңғы 5 жыл бойы подкастпен айналысқан, бұл тақырыпқа арналған жеке тегін курсы да бар, ал қазір кітап жазып жатыр. Айтуынша, кітабы да тегін таралады. 

«Қазақстанда подкастке ешқандай критерийсіз, оңай қарайтын сияқты. Өйткені, біздің медианарықтағы подкаст туралы түсінік әлемдегі көзқарастан мүлде бөлек, бізде подкасты жанр, формат деп түсінеді, яғни журналистиканың бір саласы деп ойлайды. Меніңше, бұл - түбегейлі қате түсінік. Подкаст немесе подкастингтің ешқандай жанрға қатысы жоқ, ол - аудио немесе видео жинағын интернетте тарату құралы. Подкаст Bluetooth сияқты, оның көмегімен кез келген файлды жібере аласыз. Файлдарды тарату жолы десек те болады», - дейді ол.

Маманның айтуынша, елімізде подкаст немесе подкастинг ұғымы заңмен бекітіліп, реттелмеген.

«Кез келген адам YouTube-тегі видео сұхбатты, пікірталасты немесе WhatsApp-тағы аудиожазбаны подкаст деуі мүмкін, бұл - өз еркі. Ал менің бұл дүниелердің подкаст емес екеніне нақты дәлелім бар. Аудио, видео жинақты RSS арқылы тарату - подкаст екенін дәлелдей аламын. Оны дәлелдейтін фактілер, жазбалар менің сайттарымда, блогымда және подкастарымда бар. Қазақстанда подкастың алғашқы толқыны 2008-2010 жылдары пайда болды. 2017-2018 жылдары одан әрі дами бастады, ал соңғы жылдары подкаст ұғымы қалыптасты. Өкінішке қарай, еліміздегі медиа мамандар мен тыңдармандардың көпшілігі подкаст ұғымын дұрыс түсініп жүрген жоқ. Әрине, подкасты тек осылай түсіну керек деген қатып қалған қағида жоқ. Кім қалай қолданғысы келеді, солай қолданады. Бірақ бір нәрсені айтқанда арғы жағында титтей болсын дәлел болса болар еді», - дейді маман.

Сондай-ақ спикер 1 секундтық подкасттың да барын айтты, яғни кез келген аудиожазбаны, тіпті лифтінің қозғалыс даусы да подкаст саналады.

«Подкаст жанрға, форматқа бөлініп шектелмейді. Мен подкастерлерге сіздікі дұрыс немесе бұрыс деп баға бере алмаймын, бірақ меніңше подкаст деген соң оның RSS арнасы болуы керек. Әлем бойынша алып қарасақ, подкастинг керемет дамып жатыр және болашағы зор. Қазақстанда подкастинг бағытын дамыту үшін алдымен оның не екенін түсініп алған жөн, сондай-ақ тыңдармандарды тарта білу де қажет. Мен подкаст жасау жолының дайын үлгілерін біраз БАҚ-қа ұсындым, бірақ қолдау таппады», - дейді Е. Құдайбергенов.

Сондай-ақ ақпарат таратудың, пікір алмасудың және жалпыға ортақ мәселелерді талқылаудың құралына айналған подкаст технологиясына қатысты Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұстанымын сұраған едік.

«Қазір интернет, технология дамыған заманда онлайн платформалар мен әлеуметтік медиа дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен белсенді бәсекелеседі. Қазақстан Республикасының дәстүрлі БАҚ қызметі қолданыстағы «Масс-медиа туралы» заңмен реттеледі. Өз кезегінде, подкаст, тағы сол сияқты онлайн платформалардың қызметі «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заңмен реттелген. Бүгінде бәсекеге қабілетті БАҚ ақпаратты таратудың кросс-платформалық бағытын белсенді ілгерілетіп жатыр. Осылайша, ірі бұқаралық ақпарат құралдарының өз подкасты бар», - деп түсіндірді ведомстводан.

Пікірлер