Бүгін Ақтөбеде ақын Төлеген Айбергенов пен композитор Шәмші Қалдаяқовқа арналған ескерткіштердің ашылу салтанаты өтті.
Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Шәмші Қалдаяқовтың апасы - Райхан Домбаева, ақын Төлеген Айбергеновтің қызы - Махаббат Айбергенова, ақын-жазушылар, т.б. қатысты.
"Қадірлі ел ағалары, бауырлар! Біз бүгінгі күні «Алтын бесік - Ақтөбенің» төрінде орын алған тарихи сәттің куәгері болып отырмыз. Күні кешегіміз бүгін тарихққа айналса, бүгінгіміз ертеңгі тарих болмақ. Қазақ даласы дарынды тұлғалалардан кенде емес. Қай-қайсысының да тарих төрінен ойып алар өзіндік орны бар. Бөліп –жаратын ештеме жоқ. Дегенмен сол таланттар шоғырының ішінде Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовтың орындары ерекше",- деді Оңдасын Оразалин құттықтау сөзінде.
Ескерткіштер қала орталығында – ағайынды Жұбановтар көшесі бойындағы Ғашықтар аллеясында орналасқан. Төлеген Айбергенов ескерткішінің биіктігі - 3,2 метр. Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші композитордың қолына музыкалық аспапты алған күйі отырғышта отырғанын бейнелеген.
"Адырна" ұлттық порталы.