Білім және ғылым вице-министрі: "Ел аймақтарында мектеп құрылысы жоспарының орындалмау қаупі бар"

2527
Adyrna.kz Telegram

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылова фейсбуктегі парақшасында пост жариялап, елімізде бюджет қаражатына мектеп салу мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, ел өңірлерінде мектеп құрылысы жоспарын орындау бойынша жағдай мәз емес деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Ал енді бюджет қаражаты есебінен мектеп салу туралы! Өкінішке қарай, жағдай мәз емес және алаңдаушылық тудырып отыр. Мектеп құрылысының бекітілген әдістемесі,  тетіктері бар, қаржылық қамтамасыз ету бар, алайда 1 қазандағы жағдай бойынша қаражатты игеру бар болғаны 56,3 млрд теңгені немесе жоспардағы 96,6 млрд теңгенің 58%-ін құрады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша игеру – 86%, Жамбыл облысы бойынша – 78% және Алматы қаласы бойынша – 75%.  Алайда қаржыны игеруде республикалық орташа көрсеткіштен едәуір төмен көрсеткіштер Ақтөбе облысы бойынша – 31%, Маңғыстау облысы бойынша – 39%, ал Атырау облысы бойынша қаржы мүлдем игерілмеген», —  деп Б. Асылова бюджет қаражаты есебінен мектеп салу мәселесіне нақты сандармен талдау жасады.

Сонымен қатар, осы саладағы біткен істі де атап өтті.

"1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік бюджет есебінен 20,6 мың оқушы орнына арналған 52 мектеп пайдалануға берілді, 3 апатты мектеп мәселесі шешілді, 12 мектепте үш ауысымды оқыту жойылды, 25 мектепте оқушы орындарының тапшылығы жойылды", — деді вице-министр.

Бұдан басқа жыл соңына дейін "жыр" болатын мәселе де бар екенін жасырмады.

"Биылғы жылдың соңына дейін 18 нысанның, Ақмола облысында – 3, Алматы облысында – 5, Қызылорда облысында – 1, Түркістан облысында – 1 және Алматы қаласында 8 нысан бойынша уақытылы пайдалануға бермеу қаупі бар", - делінген постта.

 

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер