Оңдасын Оразалин: "Біздің негізгі міндетіміз – сайлауалды уәделерді орындау және сайлаушылардың сенімін ақтау"

1890
Adyrna.kz Telegram

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының жүзеге асырылу барысы облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен партияның аймақтық филиалының Саяси кеңес Бюросы отырысында талқыланды. Жиында жыл басынан бері 33 нысан ашылып, елдің әлеуетін көтеруге мүмкіндік жасалғаны айтылды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Отырысқа Саяси кеңес Бюросының және өңірлік қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық департамент, басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов пен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның баяндамасы тыңдалды.

Жалпы Ақтөбе облысында Жол картасы аясында жыл басынан бері 488,1 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 26 427 жаңа жұмыс орны құрылған. Бағдарламаға сәйкес, өңірде 33 нысан ашылды. Оның ішінде 3 мектеп, 4 балабақша 3 спорт нысаны, медициналық пункт пен амбулатория, ауылдық клуб бар. Сондай-ақ құрылыс материалдарын өндіру зауыты, сүт өндіру фермасы және сүт өнімдерін өндіру цехы, мал бордақылау алаңдары, көкөніс сақтау қоймасы мен жылыжай іске қосылды. Тек Қандыағаш қаласының өзінде бірнеше нысан - гемодиализ орталығы, жиһаз цехы, сұйық сабын өндіру цехы, құрылыс дүкені, дәріхана салынып, пайдалануға берілді. Бүгінге күнге дейін Жол карталарының 443 көрсеткіші жүзеге асқан.

— Жол карталарының орындалуына Сайлауалды бағдарламаларды жүзеге асыру аясында құрылған Қоғамдық кеңестер өз септігін тигізуде. Кеңес мүшелерінің барлығы Жол картасын іске асыруды ұйымдастыруға тартылып, жұмыстарын сапалы атқарып келеді. Қазіргі таңда өңірлік кеңестердің 37 отырысы және аумақтық кеңестердің 288 отырысы өтіп, мемлекеттік мекемелерге 526 ұсыныс берілді. Фракция және кеңес мүшелері аудандарға шығып, "Жол картасы" аясындағы нысандарға мониторинг жүргізуде. Халыққа берген уәдемізді сапалы іске асыру қатаң партиялық бақылауда, - деді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов.

Сайлауалды бағдарламадағы жұмыстар өте ауқымды болғандықтан қиындықтар мен мәселелер де кездесуде. Жиында бұл туралы ашық айтылды. Партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда кемшіліктерге жол берген Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Айбек Қайырға, Ақтөбе облысының ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сарсембайға, Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаровқа партиялық сөгіс жарияланды.

Облыс әкімі енді осындай қателіктерге жол берген мемлекеттік қызметшілерге қатаң тәртіптік жаза қолданылатынын ескертті.

— Партияның бас жоспары халыққа қажетті нақты жобалардан құралған. Сондықтан да біз индикаторларды уақытында сапалы орындау арқылы елдің әлеуетін көтеруге, әрбір тұрғынның өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының жақсаруына жұмыстануымыз қажет. Біздің негізгі міндетіміз – сайлауалды уәделерді орындау және сайлаушылардың сенімін ақтау, –деді Оңдасын Оразалин.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі барлық аудан, қала әкімдері мен басшыларға бұл іске жауапкершілікпен қарауды қатаң тапсырды.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер