Облыс әкімінің атаулы стипендиясы табысталды

2194
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында облыс әкімінің атаулы стипендиясы табысталды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, басқарма басшылары, жоғары және арнаулы оқу оқу орындарының ректорлары, стипендия иегерлері қатысты.

Кездесу барысында О.Оразалин елімізде қазіргі таңда жастарға жасалып жатқан жан-жақты қолдауларға тоқталып, оқу орындарының 10 өкіліне атаулы стипендиясын табыс етті.

"Мемлекет басшысы атап өткендей, жас ұрпақты қолдау өте маңызды. Өйткені, мемлекеттің дамуы мен болашағы тікелей осыған байланысты. Бүгін өңіріміздегі жоғары және арнаулы орта оқу орындарының үздік және белсенді студенттерімен кездесіп, атаулы стипендияны табыстадым. Жалпы атаулы стипендия ынталандыру мақсатында соңғы үш жылдан бері оқу үлгерімі жоғары және облыстың қоғамдық жұмыстарына етене араласып жүрген 2-3 курс студенттеріне тағайындалып келеді. Жауапты сала басшыларына бұл игі істі жүйелі түрде жүргізіп отыруды тапсырдым", - деп атап өтті облыс әкімі.

Атап өтейік, облыс әкімінің стипендиясы 2017 жылдан бері беріліп келе жатыр. Осы жылдар аралығында жоғары оқу орындарының 1074, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының 300 студентіне атаулы стипендия тағайындалды. Биылғы жылы стипендия оқу үлгерімінде оң көрсеткіші бар, қоғамдық өмірге белсене қатысатын талантты және дарынды, соның ішінде әлеуметтік осал топтағы 175 адамға тағайындалды. Жоғары оқу орындарының 145 студентіне 160,0 мың теңге көлемінде және кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінің 30 студентіне 80,0 мың теңге көлемінде беріледі.

Шара соңында белсенді жастар өздеріне қолдау көрсетіп келе жатқан аймақ басшысына өз алғыстарын білдіріп, облыс әкімімен бірге естелік суретке түсті.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер