Әйгілі диссидент Арон Атабектің кітабы жарыққа шықты

4974
Adyrna.kz Telegram

Ақын әрі диссидент Арон Атабектің өлеңдер жинағы кітап болып шықты. 10 қазан күні Алматыда кітаптың презентациясы өтті.

Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, аталмыш кітап ,яғни Арон Атабектің өлең жинақтары "Нағыз Атажұрт" ұйымының қолдаушысы әрі өкілі Тұрарбек Құсайыновтың демеушілігімен 500 дана болып басылған.Кітапты құрастырғандардың бірі – саясаткер Жасарал Қуанышәлі. Оған Арон Атабектің сайтындағы кейбір өлеңдері кірген.
Кітап жеке қаржыға түскен. Сатудан түскен ақша Арон Атабекті қолдау ретінде қарындасының есеп-шотына аударылады деді кітапты таныстырғандар.
2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған Арон Атабек 15 жыл түрме жазасынан кейін 1 қазан күні денсаулық жағдайына байланысты бостандыққа шықты. Ақынның халі нашар екенін осыған дейін құқық қорғаушы Елена Семенова мен Ұлттық алдын алу тетігі хабарлаған. Бірақ Атабектің өзі ауруханаға жатудан бас тартып келген.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары совет диссиденті Арон Атабекті "саяси тұтқын" санайды. Биыл ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы жайлы қабылдаған қарарында
Нұр-Сұлтанды елде түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға үндеген. Еуропарламент депутаттары олардың арасында Арон Атабекті де атаған.
Ақынның өзі берілген мерзімді толық өтеуге бекініп, мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жазудан бас тартқан.
Ақын бостандыққа шыққан соң Азаттыққа сұхбат беріп, 21 қыркүйекте оқыс құлап, басын жарғанын, содан кейін ауруханаға баруға мәжбүр болғанын айтқан. Айтуынша, билік ақынның өзіне білдіртпей сол ауруханадан тікелей әуежайға апарып, Алматыға шығарып салған.
Бостандыққа шыққаннан кейін туыстары Арон Атабектің халі нашарлап ауруханаға жеткізілгенін, бірақ оның ауруханаға жатудан бас тартқанын хабарлаған.

Қазір ол үйде емделіп жатыр. Санаулы күн бұрын серігі Мұрат Есенғазы Арон Атабектің өкпесі 38 пайызға қабынғанын айтты.

 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер