Құлаққаптың пайда болу тарихы

4886
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде өмірімізді құлаққапсыз елестету қиын. Қоршаған ортадан алыстатып, өз әлеміне енуге мүмкіндік беретін бұл құралды бәріміз пайдаланамыз. Ал сіз оның шығу тарихын білесіз бе?

XIX ғасыр – құлаққап тарихының бастауы

Құлаққаптың пайда болуы акустикалық тербелістерді шығаратын алғашқы құрылғының жарыққа шығуымен тығыз байланысты. XIX ғасырдың соңында телефон станциялары жұмысын бастады. Бұл жерлерде қызмет атқаратын операторлар бірнеше сағат бойы салмағы үш килограмға жететін дыбыс таратқыш пен қабылдағышты ұстап тұруға мәжбүр еді. Тығырықтан шығу мақсатында компания көмекшісі Белла Эзра Джиллилэнд телефон гарнитурасының прототипіне айналған арнайы бекіткішті ойлап табады.

Натаниэль Болдуин құлаққаптың атасы

Құрылғының тарихы ерте кезден басталғанымен, оның атасы америкалық  Натаниэль Болдуин. Юта штатының тумасы 1910 жылы ас үйінде құлаққаптың жетілдірілген моделін жасап шығарады. Оның өнертабысы жаппай тұтынушының құралына айналмай тұрып, әскери салада сынақтан өткен. Жүргізілген зерттеу жұмыстары техниканың басқа аналогтардан екі есе сезімтал екенін анықтады. Бірнеше жылдан кейін Болдуин ұсынған модель барлық әскери-теңіз операторының негізгі байланыс құралына айналды.

Радио және құлаққап

Құлақаптар 1920 жылы радио қабылдағыштарды тыңдау үшін қолданыла бастады. Дәл осы уақытта ол ерекше сұранысқа ие болған еді. Америка үкіметі «Әр үйге радио» бағдарламасын жүргізіп, құралдың танылуына септігін тигізді.

Музыкалық құлаққаптар

ХХ ғасырдың бірінші жартысында құлаққаппен музыка тыңдау мүмкін емес еді. Жас швед өнертапқышы Ойген Байер жағдайды өзгертуге тырысып, құлаққап пен микрофон шығаратын фирманы құрды. Ол 1937 жылы құрылғының дыбыс сапасын жақсартып, әннің тек ішкі арна бойынша ойнауына қол жеткізді. Алайда өнім тек 50-ші жылдардың ортасында танымал бола бастады. Музыка әуесқойлары стерео нұсқасы пайда болған кезде ғана құрылғыға мән беріп, назар аударды.

Sennheiser және алғашқы ашық құлаққаптар

1968 жылға дейін қолданыста жабық құлаққаптар ғана болған еді. Ашық құлаққаптарды жасаудағы алғашқы тәжірибе осы технологияны патенттеген Sennheiser компаниясына үлкен пайда әкелді. Құрылғы музыка тыңдау кезінде айналада не болып жатқанын бақылауға мүмкіндік берді. Кейіннен Sennheiser бренді осы салада бірнеше рет инновациялық шешім ұсынды. Атап айтсақ, 1977 жылы компания әлемдегі алғашқы Unipolar 2000 электрлік құлаққаптарын шығарды. Олар жауап беру жылдамдығымен және дыбыстың  нақтылығымен ерекшеленді. 1998 жылы пайдаланушылар стетоскоп түрінде жасалған RS 2400 құлаққаптарының артықшылықтарын ерекше бағалады.

Сымсыз құрылғылар дәуірінің басталуы

90-жылдардың басында құлаққаптардың сымсыз модельдері пайда болды. Koss ұсынған құрылғы дыбыс көзіне немесе күшейткішке инфрақызыл сәулені пайдаланып, жинақталған префикс арқылы жұмыс істеді. Ойнатқышқа қосылу үшін сымдарды қажет етпейтін өнімнің нұсқасын Recoton ұсынды. Бұл құрылғы 900 МГц жиілікте 45 м радиуста қызмет етті.  Уақыт өте келе Ұлыбритания үкіметі өнімді өндіруге рұқсат беруден бас тартты. Сол себепті 1998 жылы Bluetooth технологиясы өмірге келді. Ал 2004 жылы Bluetake I-Phono bt420ex құлаққаптары нарыққа өз таратқышымен шығарылды. Тағы бір жылдан кейін Wi-Fi технологиясы негізінде жұмыс істейтін модельдер қолданысқа енді. Қуаты 5 сағатқа жететін AirPods сымсыз құлаққаптарын Apple корпорациясы ұсынды. Ол 2016 жылдың 7 қыркүйегінде iPhone 7 және Apple Watch Series 2-мен бірге таныстырылды. Телефонға Bluetooth арқылы қосылады. Бұл құрылғы қазіргі таңда ерекше сұранысқа ие.

Тарих мұнымен аяқталған жоқ. Жыл сайын жаңа модельдер жасалып, ескілері жетілдірілу үстінде. Алдағы уақытта өнертапқыштардың бізді әлі талай таңғалдырары сөзсіз.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер