Ата-ананың бала тәрбиесінде жіберетін 5 қателігі

1481

Кез келген ата-ана баласы үшін барын беруге, тіпті айды аспаннан алуға дайын. Олар балаларға ең жақсысын беруге, оларды кез келген қиыншылықтардан қорғауға, олар үшін ауыр жұмыс жасауға да тырысады. Дегенмен кейде балаларға деген шектен тыс махаббат та, бала тәрбиесінде кері әсерін тигізеді.

№1 қате

Балалық шағыңызды еске түсіріңіз. Сіздің балалық шағыңызда мектепке дейін өзіңіз барып, аулада жалғыз ойнап, тіпті достарыңызға да жалғыз баруға рұқсат берілген еді. Ал қазір көп ата-аналар: «ойбай, заман қауіпті, жалғыз жүрме» дейді. Сол себепті бүгінгі таңда бойы анасынан ұзын он екі жасар баланың өзін анасы түскі уақытта спорт секциясынан күтіп алуға алдынан шығады. Балаларға тәуекел етуге жол бермеу, өз-өзіне жауап беруге мұрша бермеу, өзі шешім қабылдауына жағдай жасамау психологтардың сөзінше мүлде дұрыс емес. Ауладағы балалармен төбелесіп көрмеген, ағаштан немесе велосипедтен құлап жарақат алып көрмеген бала, ересек өмірде көптеген фобияларға ерік беріп, жеке бас проблемасын шешуде қиналатын болады. Балалық шағында еркіндікте, өз қалауынша, өз шешімімен жүрмеген, ешқандай тәжірибе сезініп көрмеген баланың есеюі кешеуілдейді дейді психологтар. 

№2 қате

Баланың мектептегі мұғаліммен немесе қатарластарының арасында туындаған мәселелерінің шешімін де біз тауып беруге тырысамыз. Шамадан тыс қамқорлықтың кесірінен балалар қиын жағдайдан шығудың жолын білмейді. Сонда ол өскенде не болады? "Анашым, менің бастығым маған былай деді, не істесем болады", дей ме? Біз өзіміз оларды ересек өмірге бейім етіп үйретудің орнына, олардың өзі шеше алатын мәселесіне де араласып кетеміз. 

№3 қате

Балаларды әрине мадақтау керек, тіпті кейде еркелеткен жөн, бірақ артық мақтауға болмайды. «Ол талантты, ол керемет, ол басқаларға ұқсамайды», деу арқылы көптеген ата-аналар баласының өзін-өзі бағалауын көтеруге тырысады. Егер сіз ұлыңыз бен қызыңызды шектен тыс мақтайтын болсаңыз, уақыт өте келе олар тек анасы мен әкесі ғана оларды «ерекше» санайды деп ойлайды. Өйткені оларға қалған адамдар басқаларға қойылатын талаптарды қояды. Көбіне шектен тыс мадақталған балалар, сыныптастарымен салыстырғанда, бір сәтте өзін-өзі бағалауын жоғалтады. Нәтижесінде бүкіл әлемді өзіне келгенде әділетсіз деп санайтын адам өседі.

№4 қате

Көптеген отбасыларда өткенді айтуға тыйым салынған. Нәтижесінде бала өзінің ата-бабаларының кім екенін, не істегенін, кім болғанын білмейді. Отбасылық қиындықтар ол үшін құпия болып қала береді. Ал ата -анасы өмірінде ешқашан қателеспеген "мінсіз жан" іспетті көрінуге тырысады. Егер сіз онымен кезінде өзіңіз жасаған қателіктермен, теріс қылықтарыңыздың нәтижесімен бөліспесеңіз, келешекте оны өз қателіктерінен сабақ алатын қасиеттен айырасыз.

№5 қате

Ағылшын мақалында: «Балаларды тәрбиелемеңдер, олар бәрібір сендер сияқты болады. Одан да өзіңізді тәрбиелеңіз» делінген. Егер әкесі паравоз сияқты темекі шегетін болса, ал атасы шылымын қолынан тастамаса, онда сіздің балаңыз да темекі татып көретініне таңғалмаңыз. Ал мұндай жағдайда оған тыйым салу пайдасыз.  Бала айтқанды емес, көргенді жасайды. Өз балаңызға үлгі болыңыз!

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы