Сөз және «Сөзтүзер»

3105
Adyrna.kz Telegram

(Сипаты бөлек сөздік)

«Сөзтүзер» деп аталатын жаңа сөздік сапқа қосылды. Тұрқы да, тұрпаты да бөлек. Мән-мағынасы да ерекше. Алдымен бұқаралық ақпарат құралдарындағы қате қолданылған сөздер мен тіркестер жинақталған. Содан соң соның бәрі сөздіктің талаптарына бейімделіп, ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, қайта түзілген. Қате қолданыстың себептері сараланып, болдырмау жолдары көрсетіліп, дұрыс нұсқасы ұсынылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы кітапқа жазған алғы сөзінде «Тіл тазалығын сақтау ісінде бұқаралық ақпарат құралдары ерекше рөл атқарады. Жұрттың бәрі маман емес. Журналистер сөзді немесе терминді қалай қолданса, көпшілік солай болуы керек деп қабылдайтыны рас. Сондықтан медиа саласы қызметкерлерінің сөз өнерін жетік меңгеруі аса маңызды» деп атап көрсеткендей, тілдік қорын байытуға тырысқан барша жұрттың БАҚ-қа қарап бой түзейтіні белгілі.

Өкінішке қарай, бұқаралық ақпарат құралдарының сөз қолданыстарында күн сайын қатенің жеті атасы кетіп жатады. Оның себептері көп... Бұл - «Манас» жыры секілді таусылмайтын тақырып. Қазір себеп іздеуге емес, сөзді түзеуге ұмтылатын кезең. Олай болса, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың идеясы бойынша жарық көрген осынау сөздікті күнделікті жұмыс барысында үнемі пайдаланып отырған жөн. Бұл сөздік журналистердің тілін бірер күнде артық-ауыс кемшіліктен арылтып, бірден жаңа арнаға салып жібереді деуден аулақпыз. Бірақ ұсынылып отырған еңбек жүйелі қолданылған жағдайда бірте-бірте қате тіркестерге қарсы белгілі бір иммунитет қалыптастыратынына дау жоқ. Президент айтқан «Сауатты жазып, дұрыс сөйлей білетін халықтың тілі ғұмырлы болады» деген тұжырым бұқаралық ақпарат құралдарының алдына жаңа міндет жүктейді.
Сөзтізер ғалымдар «Сөзтүзер» деп атаған жаңа кітап бар-жоғы төрт-бес айдың ішінде әзірленіп, жарық көрген. Жалпы, академиялық үлгідегі сапалы сөздік әзірлеу үшін бұл мерзім жеткіліксіздеу. Соған қарамастан, бұрын түрен түспеген бұл салада елеулі қадам жасалды.

Сөздіктің ғылыми-практикалық және танымдық-тағылымдық деңгейі күмән тудырмайды. Жауапты редакторы - белгілі ғалым, сөздік жасау саласының майталманы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Байынқол Қалиұлы. Ал жоба жетекшісі, ҚР ҰҒА академигі, профессор Шерубай Құрманбайұлы бастаған шығармашылық топта Жантас Жақыпов, Орынай Жұбаева, Тыныштық Ермекова, Ботагөз Сүйерқұл, Қаламқас Қалыбаева (рецензент) сияқты филология ғылымдарының докторлары, ұлттық иммунитеті жоғары баспагер-редакторлар Назгүл Қожабек пен Арман Әлменбет бар. Пікір берушілер қатарында бірқатар бұқаралық ақпарат құралының көрігінде шыңдалған, тіпті біразының тізгінін ұстаған, жоғары оқу орнында журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеген ұстаз, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Амантай Шәріптің болуы салиқалы сөздіктің салмағын арттыра түскендей.

Ілгеріде БАҚ-тың сөзін хақтың сөзіндей көрген ел-жұртымыз әлі де айналадағы құбылыстарды журналистердің ой-пікірі, тіл-танымы арқылы бағалайды.

Ендеше, кеше ғана сөз әлеміне енген «Сөзтүзердің» орны бөлек екені анық.

 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер