Президент Жолдауы Маңғыстауда жаңа кен орындарының ашылуына жол ашады

548

Бүгін маңғыстаулықтар Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру бағыттарын белгіледі. Облыс әкімі Серікбай Трұмов өңірде атқарылатын міндеттерді нақтылап, оларды жергілікті деңгейде іске асыру үшін жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мемлекет басшысы белгілеген бірінші міндет – пандемиядан кейінгі ел экономикасын дамыту. Бұл бағытта өңір экономикасын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыс жасалуда. Негізінен өңдеу өнеркәсібі, туризм, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен көлік және логистика салаларын дамытуға басымдық берілуде.

— Біз 2025 жылға қарай облыстағы өңдеу өнеркәсібінің  көлемін 254,3 млрд теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз, —  деген облыс әкімі көзделген межеге қол жеткізу үшін өңір экономикасына тікелей инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Облысқа инвестор қаржысын тартуда Ақтау арнайы экономикалық аймағының үлесі зор. Арнайы экономикалық аймағы ашылғалы 200 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Бүгінде бұл аймақта 19 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр. Онда 1800-ге тарта адам еңбек етуде. Алдағы уақытта шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен тағы 14 жоба жүзеге асырылмақ. Оның 5-і биыл іске қосылады.

Президент Жолдауы Маңғыстауда жаңа кен орындарының ашылуына да тың серпін беретін болды. Мемлекет басшысы геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеуді тапсырды.

Облыс әкімінің айтуынша, бұл бағытта Өзен, Жетібай, Қаламқас және тағы да басқа кен орындарында геологиялық барлау жұмыстары жүргізілмек. Аталған бастама бүгінде облыста әзірленіп жатқан әлеуметтік-экономикалық даму кешенді жоспарына енді.

— Бұл аймақтағы мұнай қорын анықтауға, мұнай мен газ өндіру көлемін ұлғайтуға және мұнай компанияларына қызмет көрсететін мекемелердің жұмыс көлемін арттыруға мүмкіндік береді,-деді С.Трұмов.

Елімізде 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Аталған мәселенің алдын алу үшін Президент жаңа Жолдауында атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Мемлекет басшысы "Астрахан-Маңғыстау" магистралды су құбырының жаңғыртылатынын және Кендірліде су тұщыту зауытын салу қажеттігін айтты.

Облыс әкімі С.Трұмовтың айтуынша, қазір бұл зауыттың жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Құны 87 млрд.теңге болатын жоба тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытады деп жоспарланып отыр. Кәсіпорын іске қосылғанда Жаңаөзен қаласы тұрғындарын таза ауыз сумен қамтып, қаланың тіршілік нәріне деген сұранысын толық өтемек.

— Көптен күткен мәселенің шешілуіне жол ашқан Мемлекет басшысына Маңғыстау жұртшылығының атынан алғыс айтамын,-деді өңір басшысы.

Өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен жаз айларында туындайтын су тапшылығын болдырмас үшін 5 жылдық жоспар қабылданды. Ақтау қаласы және оған іргелес орналасқан Мұнайлы, Қарақия аудандарының ауылдарын ауыз сумен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету мақсатында "Каспий" су тұщыту зауытының қуатын екі есе яғни 40 мың текше метрге дейін ұлғайту көзделген еді. Қазір жұмыс қарқынды жүргізілуде. Жобаны 2022 жылдың басында аяқтау жоспарланған.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы "Қаражанбас" кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщытатын зауыт салып жатыр. Бұл зауыт биыл жыл соңына іске қосылады деп күтілуде. Өндірістен ауысқан су тұрғындардың қажетіне алынатын болады.

"МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС-на қарасты тәулігіне 24 мың текше метр су тұщытатын қондырғысын салу жоспарланған. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Құжат толық рәсімделіп біткеннен кейін, жобаны келер жылы бастау көзделуде.

Форт-Шевченко қаласында қуаты тәулігіне 5 мың текше метрді құрайтын су тұщыту қондырғысын NKOK компаниясының облыс үшін әлеуметтік қолдау аясында іске асыру жоспарланып отыр. Дәл осындай жоба Ақшұқыр және Сайын Шапағатов елді мекендерінде де салынады.

— Құйылыс - Мұнайлы – Ақтау бағытында жаңа су құбыры тартылады. Өңірдегі су көздерін іздестіру-зерттеу жұмыстары қолға алынды. Бұл алдағы жылдары облыс жұртшылығын сумен қамту үшін нақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді деген сенімдеміз,-деді облыс әкімі С.Трұмов.

Жолдауда Мемлекет басшысы халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналатын 5 негізгі бастаманы белгіледі. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейетін болды. Еңбекақының өсуі 19365 маңғыстаулық тұрғынға оң әсерін тигізбек.

Сонымен қатар Маңғыстау облысы бойынша 52 мыңнан астам азаматтық қызметшілердің (мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің) еңбекақысы 2022 жылдан 2025 жылға дейін 20 пайызға өсетін болды.

Сөзінің соңында С.Трұмов маңғыстаулықтарды жаңа Жолдауды жұдырықтай жұмыла жүзеге асыруға шақырды.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы