Жамбылдағы жарылыс: тұрғындар эвакуацияға атсалысқандарға алғыс айтып жатыр

397

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы төтенше оқиға кезінде қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың кейбірі дер кезінде көрсетілген көмек үшін алғыс айтып жатыр , деп хабарлайды «Адырна тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Осы жүрген балалардың, қыздардың бәріне рахметімді айтамын. Елді осы жерге әкеп, көпшілікті жинап, аман-есен шығарып салып жатқандары үшін көп рахмет. Еңбектеріңнің жемісін көріңдер. Қиындықта барлық көмек көрсетті, ауқаты дайын. Кешкі сағат ондарда алып келді. Таңға дейін жедел жәрдем қызметі де қан қысымымызды тексеріп жатыр. Осылай көмек бергендеріне өте ризамын», - дейді Байзақ ауылының тұрғыны Зухра Бердиева.

Тағы бір тұрғын Ботамойнақ ауылдық округінде эвакуацияланған халықтың үй-мүлкін күзеткен патруль қызметіне алғыс білдірді.

«Мен Ботамойнақ ауылдық округінің тұрғынымын. Түндегі жағдайға балйанысты құқық қорғау саласы, патрульдік қызмет өкілдерінің арқасында ауылдың халқы эвакуацияланып, сыртқа шықты. Ауылдан ешқандай шығын болған жоқ. Ондайға жол берілген жоқ. Мына жігіттер түнімен патрулі бар, ішкі істер қызметкерлері бар, ауыл-ауылды аралап, бәрін сабырға шақырып, міндеттерін атқарып жатты. Ауыл қылмыстан аман-есен. Морадерлік сияқты жайттар болған жоқ», - дейді округ тұрғыны.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ресми мәлімет бойынша, оқиға ошағы саналатын Королевка кентіндегі әскери қоймаға ең жақын орналасқан 3 елді мекенде 1 мыңнан астам адам тұрады. Олардың 710-ы облыс орталығына эвакуацияланған. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев эвакуацияланған ауыл тұрғындары бүгін үйіне қайтарылатынын айтқан еді.

Айта кетейік, 26 тамыз күні сағат 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жарылыс болды.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы