Массажшы Болған   

450

Ақтөбе облысы Шалқар ауданының тұрғыны Болған Ешмағанбетова тұрғындарға массаж, хиджама, сүлік салу сияқты емдік қызметтер көрсетеді. Алғаш рет «Zhas Project» жобасы аясында 1 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, массажшы мамандығын меңгерген ол бүгінде өз ісін ашып, еңбек етуде.

Болған қазір Шалқар қаласында жергілікті кәсіпкер Айбану Қожабаеваның «Tuz-em» тұзды ем орталығынан кабинет жалға алып, тұрғындарға емдік қызметтер көрсетуде.

Күніне кем дегенде 5-6 адамды қабылдайды. Олардың арасында ересектер де, балалар да бар. Бір күндік массаждың (хиджама, сүлік салу) құны — 4 мың теңге.

Менің массажшы мамандығын меңгеруге деген қызығушылығым «Zhas Project» жобасынан басталды. Осы жобаға қатысушы жастардың қолдауымен, аудандық жастар ресурстық орталығы мамандарының ақыл-кеңесімен осы бағыт бойынша өз кәсібімді ашуға бел байладым. Содан жобаға қатысып, грант ұтып, Ақтөбе қаласындағы «Бала-Массаж» орталығында екі ай бойы оқу курсынан өттім. Содан сертификат алып, аудан орталығына келіп, кабинет аштым. Былтыр желтоқсан айында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының арнайы грантын жеңіп алдым. Оған кабинетіме қажетті жабдықтар сатып алдым. Қазір аудан тұрғындарына массаж, хиджама жасап, сүлік саламын. Биылғы жылы келушілердің саны артуда. Ересектер де, балалар да риза. Шағым айтып келгендер болған жоқ. Өз ісімді ерекше жақсы көремін, — дейді Болған.

Оның айтуынша, карантин кезінде тұрғындар арасында массаж, хиджама жасатуға келушілердің қатары көбейген. Себебі массаж остеохандроз, скалиоз, протрузия, омыртқааралық жарық, қан қысымының көтерілуі не төмендеуі, бас ауруы сияқты аурулардың алдын алады. Бұл дерттің барлығы да иммунитеттің төмендеуінен болады. Сондықтан медицинада ересек адамдар үш айда бір курс (10 күн) массаж алып, денсаулығына қарауы керек. Сондай-ақ массаждың балалар денсаулығына пайдасы мол.

Қазіргі таңда адам ағзасы дәрі-дәрмектердегі химиялық заттарға тәуелді. Ағзаны тазарту үшін артық қанды алдыру керек. Хиджама процедурасы қан айналымын жақсартып, артық қаннан арылтады. Хиджама – ежелгі дәстүрлі медицинаның бір түрі. Бұл емнің мақсаты – адам ағзасындағы ет пен терінің арасындағы арам қанды шығару. Аталған процедура аурудың түрі мен диагнозына байланысты жасалады. Оны жасағанда адам денесіндегі арнайы нүктелерді дәл тауып, жасау керек. Сонда ғана дұрыс ем болады. Соңғы жылдары хиджама әдісі жоғары сұранысқа ие. Оған адамның аурушаң, иммунитетінің төмен болуы, тамақтануы мен экологияның да әсері бар. Қазір әлемде жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұматындар көбейген. Ғалымдар қан алып емдеудің инфаркт болу қаупін төмендететінін дәлелдеп отыр. Ал сүліктің пайдасына келсек, ол қан ұюдың алдын алады, ісіктерді қайтарады, лимфалық және күретамырлық ағымды жақсартады. Әрбір адам 2-3 жыл сайын сүлік салдырып тұруы керек. Мұның да адам ағзасына пайдасы бар, — дейді ол.

Болған алдағы уақытта массажшы мамандығы бойынша жоғары білім алып, қазір үлкен сұранысқа ие тай массажын үйренгісі келеді. Сондай-ақ емдеу орталығын ашуды  армандайды.

— Қазір біздің аудандағы «Tuz-em» орталығын жұрттың көбі біледі. Бұл жерге келіп, ем алушылар көп. Осы тұрғыда маған көмек көрсетіп, қолдау білдірген Айбану Қожабаеваға, Шалқар аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденоваға алғысым шексіз. Сондай-ақ маған үнемі қолдау көрсетіп отыратын отбасыма, жолдасымның ата-анасына ерекше ризашылығымды айтамын.

Мен ата-анамнан ерте айырылдым. Отбасымызда алты қызбыз. Кенжесі — мен. Қазір барлығының өз отбасылары бар. Өмірдің көп қиындығын көрсек те, бүгінде әр салада абыройлы еңбек етіп жүрміз. Қазіргі қол жеткізген жетістігім үшін маған жанашырлық танытқан барлық жандарға ризамын, — дейді ол.

Ауылдастарының алғысына бөленіп жүрген Болған Ешмағанбетованың алға қойған мақсаты айқын, жоспары көп. Жас та болса өз еңбегімен зор жетістікке жетіп жүрген массажшы қызға біз де толағай табыстар тілейміз.

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна»  ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы