2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы 550 мың теңгеден асады - денсаумин

3226
Adyrna.kz Telegram

2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 550 мың теңгеден асып, Қазақстандағы орташа жалақыдан 2,5 есеге жоғары болады. Бұл туралы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттерімен кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп жазады "Адырна".

«Денсаулық сақтау жүйесінің болашағы: алғашқы медициналық-санитарлық көмектің беделі, мотивация, құзырет» атты кездесуде, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық директоры Ханс Енри П.Клюге, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі Кэролайн Кларинвал, ДДҰ Еуропалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының басшысы Мелитта Якаб, Өзбекстан Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Амрилло Иноятов сөз сөйледі.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, бүгінде сегіз жоғары оқу орны республиканың білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген 60-тан астам медициналық мамандықтарды оқытады.

«Жыл сайын мамандықтың беделі артып, медицинаға ынталы жастар өсіп келеді. Жыл сайын медициналық жоғары оқу орындары тоғыз мыңнан астам маман шығарады. 2021 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі грант құнын өсірді, бұл медициналық жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға айтарлықтай әсер етеді. Медицина қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын, жүйелі түрде арттыруға көбірек көңіл бөлінуде, 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы орташа есеппен 561 мың теңгеге дейін және Қазақстандағы орташа жалақыдан 2,5 есе жоғары болады», - деді министр.

Сонымен қатар, ол алғашқы медициналық-санитарлық көмектің үнемі жетілдіріліп жатқанын атап өтті.

«Бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерінің әлеуетін арттыру денсаулықты жақсартудың негізі болып табылады», - деді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақтық директоры, доктор Ханс Клюге студенттерге дәріс оқыды. Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті ілгерілету және өзгерту үшін жас мамандардың әлеуеті зор, деді ол.

«Сіздер көшбасшы боласыздар деп үміттенеміз. Денсаулықтың болашағы жастарға байланысты. Сіздердің ынталарыңыз бен өзгерістерге деген құлшыныстарыңыз – біздің тірегіміз», – деді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер