Қазақтың астанасында ана тілін білмейтін "шалақазақтар" дайындалып жатыр ма?

4024
Adyrna.kz Telegram

Нұр-Сұлтан қаласында 36 қазақ мектебі, 53 аралас мектеп, 18 таза орыс тілінде білім беретін мектеп бар. Аралас мектеп деген аты ғана, онда негізінен басымдық орыс тіліне берілетіні айдан анық дүние. Сол аралас мектептер қаланың қақ ортасында, жаңадан салынған, жағдайлары өте жақсы ғимараттарда орналасқан.

Таза қазақ мектептерінің көбі шетпұшпақтаған, қаланың ана шеті, мына шеті, итөлген мекендерде ғана ашылған. Яғни, арзан пәтер жалдаған, базар жағалаған жарлы-жақыбайлар мен әр облыстан көшіп келіп, әлі бұл қалаға сіңісті бола алмағандардың мекені. Аралас мектептер қаланың ең көрікті жерлерінде, бай-бағландардың, басшы, қосшы, шенеуніктердің май кекіріп жатқан сүйікті аумақтарында орналасқан. Олардың балалары аралас не орыс мектептерінде оқиды. Себебі, мемлекет саясатының астарын да, бүгінгі бағыт-бағдарын да көріп, сезіп отырған жаңа қазақтар балаларын орысша оқытады.

Өйткені қазақ тілінің болашағына ата-аналары да сенбейді! Ал біздің мемлекеттің «мәсінің қонышын кесіп кебіс қылған» қожанасыр саясатын қараңыз! Қалалық білім басқармасының бір шаруасына Білім және ғылым министрлігі араласа алмайды! Әкімдік – жарты патшалық! Ол аз десеңіз, қаланың білім басқармасына қарамайтын Назарбаев зияткерлік мектептері, жекеменшік мектептер қазақ тілінің көсегесін көгертіп отыр дей аласыз ба?! Осы жақында ғана Нұр-Сұлтанның қақ ортасында ашылған 89, 91- мектептерді қала әкімі Алтай Көлгінов ашты, олар да аралас!!! 92 – мектепті аралас жасамақ.

Алтай мырза, қазақ мемлекетінің болашағына балта шаппау керек және ол балта "Болашақпен" оқып келген азаматтың қолымен шабылмауы керек.

Дәулеткерей КӘПҰЛЫНЫҢ

фейсбук парақшасынан 

Пікірлер