Вакцинаның адамзатқа көмегі: тарих сөйлесін

2705
Adyrna.kz Telegram

Жаһан жаппай күресіп жатқан жауыз дертке қарсы вакцина ойлап табылды. Әр елдің ғалымдары қолынан келгенше қалыспай, жарыса жасап жатыр. Қазақстанда короновирусқа қарсы екпе салдыру ағымдағы жылдың 11 ақпанында басталыпты. Алайда, Қазақстанның белсенділігі өзге елдермен салыстырғанда төмен болып тұр. Ақпарат ағымы тоқтаусыз алмасып отыратын цифрлі технологиялар заманында желідегі алаяқтар халық санасына үрей салып үлгеріп жүр. Әлеуметік желілерде таралып жүрген фейк ақпараттарды күнделікті көзіміз шалып қалады. Қазақстанда жалған ақпарат таратушыларға 20 АЕК көлеміндегі айыппұл төлеуден бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда, заң халық арасыда дүрбелең салушыларға тосқауыл бола алмай отыр.

«Вакцина - чип, вакцина адам ДНК-сын өзгертеді, бедеулік, 2 жылдан соң бәріміз өлеміз, не үшін вакцина тегін?» Расында да солай ма? Вакцина термині жаңадан ойлап табылған жоқ. Медициналық практикада қолданыста жүргеніне жүздеген жылдар өтті. Ең алғаш ағышын дәрігері Э.Дженнер сиыр шешегін адамға егіп көрді. Вакцина термині де соған байланысты латынның vacca – сиыр, vaccіnus – сиырдікі сөздерінен жасалған. Осы шешек атты жұқпалы ауру XX ғасырдың өзінде 300 млн-ға жуық адамның өмірін жалмаған екен. Ал оған дейінгі ғасырларда қанша адамның қауіпті аурудың себебінен ажал құшқанын анықтау мүмкін емес. Шамамен жұқтырғандардың 30%-ы ауыр симпомдар әсерінен қиналып көз жұмған, ал аман қалғандардың денесін өмір бойы кетпейтін таңбалар жапқан. Әрине, бұл вакцина ойлап табылғанға дейінгі жағдай. Ғасырлар бойы түрлі эксперименттер жасалынып, өмірлерді жалмап жатқан ауруға қарсы ем ізделді. Сиыр шешегінің адам үшін қауіпсіз екендігін алғаш қарапайым фермерлер байқайды. Бұл құбылысты зерттеген жоғарыда аталып өткен ғалым Э.Дженнер 1796 жылдың 14 мамырында 8 жасар фермердің ұлы Джеймс Фиппске ең алғашқы вакцинаны салады. Сәтті аяқталған экспериментке Королевствалық ғылыми орталық күмәнмен қарағанымен, британдық әскерлер толық егіліп, ауру сап тиылған сәттен бастап, емдеудің жаңа тәсілі қолдау тапты.

Жүз жыл өткен соң Луи Пастер Дженнердің құрметіне «вакцина» терминін қолданысқа енгізеді. Бірақ, кедей елдерде вакцина салдыру мүмкіндігі болмағандықтан 50 жылға жуық өлім саны азаймай келген еді. Алайда, 1967 жылы ДДСҰ ұйымдастыруымен вакцинциялау бағдарламасы өткеннен кейін, адамзат шешек ауруын толықтай жеңді. Ең соңғы шешекпен ауру 1970 жылдары тіркелген екен, одан кейін бір де бір дерек жоқ. Қазір қауіпті вирус тек зертханада сақтаулы.

Өткен ғасырда полиомиелит ауруы талай баланың өмірін жалмады. Вирус ауыз арқылы организмге түсіп, өкпені және жүйке жүйесін жансыздандырады. Полиомиелит ауруының сыртқы белгілері жоқ болғандықтан, вирус 1905 жылы ғана швед дәрігері Ивар Викманның зерттеу нәтижелері барысында ашылды. 1952 жылы американдық врач Джонас Салк ауруға қарсы вакцина ойлап тапты. Ал 1961 жылы Дж.Салктың әріптесі Альберт Сейбин вакцинаның ішуге болатын түрін жасап шығарды. 1988 жылы ДДСҰ полиомиелитті жою мақсатында бағдарламаның қолға алынғандығын жариялайды. 1994 жылы АҚШ, 2000 жылы Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, 2002 жылы Еуропа, 2014 жылы Оңтүстік-Шығыс Азия өздерінің бұл аурудан азат болғандықтарын жариялады. Эксперттердің сараптама нәтежиелері бойынша полиомиелит ауруына қарсы вакцина арқасында жарты милионға жуық адам тірі қалған, 18 миллион адам жүре алады. Қазірде бұл ауру ошақтары Ауғанстан, Пәкістан, Нигерия елдерінде ғана бар. Жылына шамамен ондаған оқиға ғана кездеседі.
Қызылша ауыруына қарсы вакцинаның ойлап табылғанына 60 жылдан аса уақыт өтсе де, өлім-жітім саны азаймай келеді. Оған себеп, фейк ақпараттар.

Ауру жөтел мен түшкіру кезінде, ауру адаммен қарым-қатынаста болған кезде жұғады. Дене темпераурасының жоғарылауымен басталады да, денеде бөртпелердің пайда болуымен жалғасады. Адам өміріне қауіп төндіретін ауыр түрінде іш өту, пневмония, мидың қабынуы белгілері байқалады. Вакцина ойлап табылғанға дейін осы ауру жылына орташа есеппен 2,6 млн адамның өмірін жалмап отырған. Алайда вакцина ойлап табылған соң да адамзат қызылшаны толықтай жеңген жоқ. Себебі, қызылша өте тез жұғатын ауру болғандықтан, толықтай жеңу үшін бүкіл адамзаттың 95%-ы екпе алуы керек. Соңғы кезде АҚШ пен Еуропада ауру тым өршіп барады. Оған себеп интернет арқылы тез тараған екпеге қарсы топтардың идеялары. Ол идеяға негіз болған британдық дәрігер Эндрю Уэйкфилдтің 1998 жылы жарық көрген даулы мақаласы еді. Мақалада «қызылшаға, паротитке, қызамыққа қарсы екпелер балаларды аутизмге шалдықтырады» деп көрсетілген. Кейіннен бұл факт жоққа шығарылып, Э.Уэкфил лицензиясынан айырылғанымен, жалған ақпарат ұмытыла қоймады.

19 ғасырда туберкулез Европадағы ересектердің төрттен бірін ажал құштырды. 1882 жылы Р.Кох туберкулез тудыратын микробактерианы бөліп алып, туберклин жасап шығарды. Туберкулин жасап шығарылған күн 20 наурыз ДДСҰ шешімімен Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні болып шешілді. Туберкулездің ауыр түрлерін болдырмаудың, алдын алудың шешімі алғаш 20 ғасырдың басында француз ғалымдары Альбер Кальметт пен Камиль Герен сиырдан алынған вирус нәтежиесінде вакцина ойлап тапқан кезде табылды. Адамзат қазір туберкулезді толықтай жеңген жоқ, бірақ ол алдын алуға, емдеуге болатын ауруға айналды, өлім-жітім саны да азайды.

Вакциналардың жасап шығарылу хронологиясы:
• 1796 – Эдвард Дженнер алғашқы вакцинаны жасап шығарды
• 1880 – Луи Пастер тырысқақ ауруына қарсы алғашқы вакцинаны жасап шығарды;
• 1885 – Луи Пастер мен Пьер Ру құтыруға қарсы вакина ойлап тапты;
• 1890 – Эмил фон Беринг жасап шығарған сіреспеге қарсы алғашқы вакцина;
• 1892 – Владимир Хавкин жасап шығарған тырысқаққа қарсы вакцина;
• 1896 – Алмрот Райт, Рихард Пфейффера және Вильгельм Кол жасаған іш сүзегіне қарсы алғашы вакцина;
• 1897 – Владимир Хавкин жасап шығарған обаға қарсы вакцина;
• 1897 – Эрнест Дюшеннен обаға қарсы алғашқы антибиотик;
• 1921 – Альберт Кальметтен туберкулезге қарсы алғашқы вакцина;
• 1923 – Күл ауруына қарсы алғашқы вакцина, жасап шығарған: Гастон Рамон, Эмил фон Беринг, Китасато Сибасабуро;
• 1924 – Джордж Дик пен Глэдис Диктен қызамыққа қарсы алғашқы вакцина;
• 1924 – Гастон Рамон, К. Цоллер и П. Дескомбадан сіреспеге қарсы алғашы өлі вирустан жасалған вакцина;
• 1926 – Лейл Денмарктан көкжөтелге қарсы алғашқы вакцина;
• 1932 – Макс Тейлер мен Жан Легр жасап шығарған сары безгекке қарсы алғашқы вакцина;
• 1937 – Бөртпе сүзекке қарсы Рудольф Вайгл, Людвиг Флек және Ханс Цинссера оайлп тапқан вакцина;
• 1937 – Тұмауға қарсы алғашқы вакцина, Анатолий Смородинцев ойлап шығарған;
• 1941 – Кене энцефалитіне қарсы алғашқы вакцина, Анатолий Смородинцев ойлап тапты;
• 1951 – Бруцелезге қарсы вакцина;
• 1952 – Хилари Копровский ойлап тапқан полиомиелитке қарсы вакцина;
• 1954 – Жапондық энцефалитке қарсы екпе;
• 1954 – Топалаңға қарсы алғақы екпе;
• 1957 – Аденовирусты инфекцияға қарсы алғашқы вакцина;
• 1961 – Алғашқы полиомиелитке қарсы ішке қолдануға арналған вакцина, А.Сейбин вакцина авторы;
• 1963 – Қызылшаға қарс алғашқы вакина;
• 1967 – Паротитке қарсы алғашқы екпе;
• 1970 – Қызамыққа қасы екпе;
• 1977 – Пневмококкқа қарсы алғашқы екпе;
• 1978 – Менингоккоккқа қарсы алғашқы екпе;
• 1981 – В гепатитіне қарсы екпе;
• 1984 – Желшешекке қарсы екпе;
• 1985 – Гемофильді таяқшаларға қарсы алғашқы екпе;
• 1989 – Ку-қызбасына қарсы алғашы вакцина;
• 1991 – А гепатитіне қарсы алғашқы вакцина;
• 1998 – Лайм ауруына қарсы вакцина;
• 1998 – Ротавирусқа қары екпе;
• 2003 – Тұмауға қарсы алғашқы спрей вакцина;
• 2006 – Папиллома вирусына қарсы ағашқы екпе;
• 2012 – Е гепатитіне қарсы алғашқы екпе;
• 2012 – Тұмауға арналған алғашқы төрт валентті вакцина;
• 2015 – Энтеровирус 71-ге қарсы вакцина;
• 2015 – Безгекке қарсы вакцина;
• 2015 – Эбола вирусына қарсы екпе;
• 2015 – Денге қызбасына қарсы вакцина;

Адамзат тарихында эпидемияға ұшырау алғаш рет емес. Әр заманда әр түрлі қауіпті вирус адамзатты қойға тиген қасқырдай қырып, үрейде ұстап келген. Қазіргі медицина дамыған заманда Covid-19 сынды вирусты ауыздықтау үшін адамзатқа бұрынғыдай жүздеген жылдардың керегі жоқ. Еске сала кетсек, коронавирус 2019 жылдың желтоқсан айында пайда болды, ал оған қарсы алғашқы вакцина 7 ай өткенде, яғни, 25.06.2020 жылы жасап шығарылды. Бұл вакцина тек әскери қызметкерлерге ғана қолданылған болатын. Ал қарапайым халыққа арналған екпені Ресей ғалымдары 11.08.2020 жылы қолданысқа енгізді. Вакцина емдемейді, вакцина аурудың алдын алады. Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздейік.

Әбләзімова Маржан

Пікірлер