Қызылордада 21 адамды алдап соққан алаяқтар бес жылға сотталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Қызылорда қалалық Полиция басқармасына қала тұрғындары “Befree” атты қаржы пирамидасының құрбаны болғандары жөнінде арызданған. Келеңсіз оқиға 2019 жылдың қазан айынан бастау алған. Белгісіз біреулер WhatsApp желісі арқылы “Befree” тобын ашып, қаржылық (инвестициялық) пирамида құрып, оларға екі апта ішінде 50 пайыздық үстемелік пайда табу мүмкіндігін жеткізген. Салдарынан 296 адам салымшы ретінде тіркеліп, жалпы 21 жәбірленушіге материалдық шығын 22 миллионнан астам теңге құрады»,— делінген хабарламада.
Қылмыстық іс бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету, аса ірі мөлшерде ақшаны немесе өзге мүлікті тарта отырып жасалған) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді.
Қазіргі таңда Қызылорда қалалық сотының шешімімен айыпталушылардың әрқайсысына 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шықты.
«Адырна» ұлттық порталы