Атырауда алдағы жылдары 10 ірі инвестициялық жоба іске аспақ

2261
Adyrna.kz Telegram

Бұл туралы Атырау облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясы отырысында белгілі болды.
Алдымен филиал төрағасы, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов Сайлауалды бағдарламаның орындалысының маңыздылығын атап өтті.


«Еліміздің Тұңғыш Президенті, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі «Жол картасын» әзірлеп, жария түрде қарауды тапсырған болатын.

Елбасы: «Мәжілістегі партия Фракциясымен кездесуде біздің негізгі міндетіміз - барлық сайлауалды уәделерімізді орындау және сайлаушылардың сенімін ақтау», - деп нақтылап айтқан болатын»,- деді облыс әкімі.
Ал, «Жол картасының» биылғы бірінші жартыжылдық бойынша орындалысын баяндаған филиал төрағасының бірінші орынбасары Мейірім Қалауи, алдағы жылдың жоспарларына да тоқталды.

«Аймақ тұрғындарының табысын арттыру мақсатында облыс көлемінде алдағы бесжылдықта 10 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың ішінде өнеркәсіп саласында 4 жоба, ауыл шаруашылығы саласында 2 жоба бар. Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша Атырау облысында 3,5 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріп, 7 мың отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда»,- деді М.Қалауи.

Сондай-ақ, 10 медициналық нысан және 11 мектеп пен 56 балабақшаның, 22 спорт кешенінің құрылысын салу арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру көзделгенін де жеткізді.


Оған қоса, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында кемінде 1000 жобаны субсидиялау, ауыл бизнесін дамыту мақсатында «Бизнес Аймақ» өңірлік бағдарламасы аясында 300 шағын несиелендіру жоспарлануда екені мәлім етілді.
Мейрім Қалауи жергілікті атқарушы орган басшыларының сайлаушылармен кері байланысын нығайту бойынша жұмысты жандандыру жоспарда тұрғанын да жеткізді.

Кездесу барысында «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы «Білім және ғылымды дамыту жөніндегі» аймақтық қоғамдық кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Саламат Идрисов аталған Жол картасы аясында білім беру бағытындағы кейбір түйінді мәселелер шешімін табатындығын жеткізді.

«Сайлауалды бағдарламада қамтылған маңызды саланың бірі – сапалы және қолжетімді білім беру. Осы орайда өңірімізде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың тікелей тапсырмасымен «2021-2023 жылдарға арналған Атырау облысында білім беруді дамыту жол картасы» әзірленді. Осы құжатқа сәйкес бүгінде облыстық білім беру басқармасы “Назарбаев зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымдарымен бірлесіп, облыс аумағындағы 50 мектепті зерделеді. Кешенді зерттеу нәтижелері бойынша атыраулық мектептердегі білім беру проблемалары анықталды. Мамандар осы мәселелер Жол картасы аясында шешіледі деп болжап отыр»,-деді ол.

Кездесу соңында филиал төрағасы, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атырау қаласы, аудандар әкімдері партияның Сайлауалды бағдарламасының орындалысын бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, әр тоқсан сайын «Жол картасының» орындалуы бойынша жергілікті атқарушы органдардың есептері тыңдалып, барлық әлеуметтік топтармен тығыз байланыс орнатып, халықпен тұрақты түрде кездесулер өткізуді жүктеді.

Айта кетейік, бүгінгі күні жүйелі мониторингті ұйымдастыру үшін облыс бойынша 9 жол картасы бекітіліп, сайлауалды бағдарламаның нақты бағыттарының іске асырылуын бақылау мақсатында 78 аймақтық және аумақтық қоғамдық кеңестер құрылған.

Пікірлер