Қазақ "алгербрасының" қайнар көзі...

3645
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жолданған жас ғалым Әсем Өскеннің материялын назарларыңызға ұсынамыз.

«Ғалым білімді болу керек, білімдінің бәрі ғалым бола бермейді. Ғалым ерінбей үйренеді де ізденеді. Ғалым білім алады да, білімге білім қосады»,- деген екен Қаныш Имантайұлы Сәтбай бір сөзінде. Дәл осындай ғалымға тән қасиеттерді геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Имантайұлынының өз бойынан айнытпай кездестіруге болады. Басқаша болғанда, Қаныш Сәтбайдың есімі қазақ ғылымы тарихында қалар ма еді?!

1918 жылы 19 жастағы Қаныш Имантайұлы Томск технология институтының математика факультетіне оқуға тапсыруға дайындала бастайды. Ол сол кезде Томск университетінің математика факультетін бітірген, Семейде еңбек ететін Ғарифолла Нығметуллин деген мұғалімнен қыс бойы математика пәні бойынша қосымша сабақ алады. Бірақ, 1919 жылы Ғабдулғани Сәтбай (азан шақырып қойған аты Ғабдулғани, анасы Әлимә «Ғанышым» деп атап, кейін «Қаныш» атанып кеткен) қатты ауырып ауруханаға түседі. Ауруханада емдеген дәрігер С.Н.Разумовский науқасқа бұдан былай ауылға барып қымыз ішіп емделу керектігін айтып, оқуы тоқтатылады [2, 23].

Геолог-ғалым ретінде тарихта мәңгілікке есімі қалған Қаныш Имантайұлы Сәтбайдың  математика пәні бағыты бойынша жоғары білімі жоқ болса да қазақтан шыққан ең алғашқы оқымыстылардың бірі болып, 1924 жылы «Алгебра» оқулығын жазғаны белгілі. Ендеше, бүгінгі айтарымыз, Қ.Сәтбайдың «Алгебра» оқулығы жайында болмақ. Яғни, «Алгебра» оқулығының жазылу, шығу тарихы. «Алгебра» оқулығын Қ.Сәтбай кімдерге арнап жазды, қалай жазды? Осы оқулық арқылы ол оқушыға, яғни ізденушіге не берді? Бұл оқулық ХХ ғасырдың басындағы қазақ оқушысының  дайындығына сай оқулық болды ма? Оқулықтың жалпы құрылымы қандай?», - деген сұрақтар төңірегінде ой өрбітеміз.

"20-жылдардың басында А.Байтұрсынұлы жетекшілік ететін Халық ағарту комиссариаты сол шақтың оқығандарына ғылымның әр саласынан оқулық жазу мен орыс тіліндегі ғылыми әдебиеттерді аудару жөнінде тапсырыс берді. Нәтижесінде Х. Досмұхамедұлы – математика, зоология,  М. Дулатұлы, С. Қожанұлы, Ә. Ермекұлы, Қ. Сәтбайұлы – математика, алгебра, Т. Шонанұлы – география, тарих, М. Жұмабайұлы – педагогика, Ж. Аймауытұлы – психология, Қ. Кемеңгерұлы – химия, тіл, тарих,  Ж. Күдеріұлы – тіл, әдебиет, мәдениет, Ә. Бөкейханұлы – астрономия, география, М. Әуезұлы – әдебиет, С. Сәдуақасұлы – театртану, А. Байтұрсынұлы, Е. Омарұлы, Т. Шонаұлы, Н. Төреқұлұлы – тіл саласынан еңбектер жазды" [1, 429],- дейді белгілі алаштанушы ғалым Д.Қамзабекұлы. Қ.Сәтбайдың «Алгебра» оқулығын жазуына тек А.Байтұрсынұлының тапсырмасы себеп болды десек, ол біржақты екіұштылау пікір болар еді. Меніңше, Халық ағарту комиссариатының тапсырмасы өз алдына, негізгі себеп: өркениеттен кенже қалып, білім мен ғылымға шөлдеп отырған халқына Қ.Сәтбай «Алгебра» оқулығы арқылы шынайы перзенттік махаббатпен көмек қолын созып, «жыртығына жамау болуды» ойлады.

Қ.Имантайұлы 1918 жылы Семейдегі педагогикалық техникумды тәмамдап, сол жылы Семей қаласындағы қазақ мұғалімдеріне арналған 2 жылдық педагогикалық курстарға жаратылыстану пәнінен сабақ береді. 1919-1920 жылдары Семей губерниясы, Павлодар уезі, Ақ келін болысындағы №4 ауылда мұғалімдік қызмет атқарады.

Жаратылыстану бағытынан сабақ берген Қаныш Имантайұлы қазақ мектептеріндегі оқулық тапшылығын өз көзімен көріп, басынан кешіреді. Өзінің де ойында жүрген, жазып, бастап та қойған  Қ.Сәтбайға Халық ағарту комиссариатының тапсырысы «Алгебра» оқулығын тезірек жазып, бітіруіне себепші болады.

Зерттеулерге қарағанда ғалым бұл кітапты небары 20-ақ жасында жазған. 1919 жылы оқушыларға тәжірибе барысында жазылып басталған 592 беттен тұратын араб графикасымен жазылған (кейін 1400 беттен тұратын кітап болып, латын графикасымен жазылып, қайта жаңартылды)  бұл кітап,  1924 жылы толықтырулар мен жөндеулерден өтіп, қолжазба Халық ағарту комиссариатының ғылыми-әдеби кеңесінде математикалық оқулық ретінде мақұлданып, баспаға ұсынылады. Бірақ, баспада оқулық ішіндегі алгебралық жазбаларды белгілейтін шрифтар мен матрицалардың болмауына байланысты, «Алгебраны» басып шығару мүмкін болмады. Сол себепті де оқулық 1927 жылы Мәскеудегі Центриздатқа жіберіледі. Мұнда да, Центриздат пен Казиздат арасындағы түсініспеушіліктің салдарынан оқулық тағы да шықпай қалды. Осы оқулықтың үнемі кедергіге ұшырап, жарыққа шықпай қалуы жөнінде Халықаралық Қ.И.Сәтбаев қорының президенті Кәкімбек Салықов былай дейді: "Автор ретінде Қ.Сәтбаев бұған қатты алаңдаушылық білдіріп, бұл баспаларға бірнеше мәрте хат жолдағанымен, ешқандай нәтиже шыға қоймайды. Мұнан кейін 1929 жылы латын алфавитіне ауысуға байланысты Қ.И.Сәтбаев оқулықтағы формулаларды бастан-аяқ латын әріптерімен түзеп шығып, 03.03.1929 жылы латынша көшіруге тапсырады. Сөйтіп, қолжазба қайта латыншаға көшіріліп, қайтадан баспаға өткізіледі. Бірақ, 30-жылдардан бастап Қазақстанда біртіндеп кеңестер одағына бірыңғай, ортақ оқу бағдарламалары мен аударма оқулықтарға көшу басталып кетеді де, Қ.И.Сәтбаевтің «Алгебра» оқулығын басып шығару ісі аяқсыз қалады" [1,4],- дейді.

Оқулықтың қаншалықты керек екенін сезіне отырып жазған жас мұғалім Қаныштың «Алгебра» оқулығының баспадан шықпай қалуының себебі, оқулық сапасы жағынан төмен болды-ау, - деген жаңсақ пікір қалыптаспауы тиіс. Оқулықтың дер кезінде баспадан жарық көрмеуінің негізгі себебін жоғарыда айтып өттік.

Қ.Сәтбайдың «Алгебрасын» талдамас бұрын, оқулықтың мазмұнына назар аударсақ, біріншіден: оқулық ХІ бөлімнен және әр бөлім баптардан (тақырыптардан) және әрбір тақырыптың соңын түйіндеп (теорема жасап) отырады.

І БӨЛІМ (оқулықта «І-інші бөлім» деп береді). БАСТАУЫШ ҰҒЫМДАР. І бап: Алгебраның ауданы және белгілері. Бұл бөлімде жалпы алгебра туралы түсінік беріп өтеді (Алгебра дегеніміз не? Өрнектер; Арифметиканың 4 амалы, т.б.).

ІІ БӨЛІМ. БАҒЫТТЫ ШАМАЛАР, ДҰРЫС ЖӘНЕ ТЕРІС САНДАР(Сызық әдісі; Қосу, алу, өсіру, бөлу амалдары, т.б.).

ІІІ БӨЛІМ. ӘЛПЕТТЕРДІҢ ТҮРЛІ ӨЗГЕРТУ ЖОЛДАРЫ. АЛГЕБРАНЫҢ БАСТАУЫШ ТӨРТ АМАЛДАРЫНЫҢ ЖОСПАРЫ.V І баптан тұрады (Бүтін және бөлшек әлпеттер(қазіргіше: өрнек); Бір мүшелі және көпмүшелі әлпеттер; Алгебраның бірінші үш амалдары, бөлу амалы; ЕҮОБ (Ең үлкен ортақ бөлгіш), ЕКОБ (Ең кіші ортақ бөлгіш); Ара (қатынас) және тең аралардың (арифметикалық орта) жүйелері).

ІV БӨЛІМ. ШАМА БАЙЛАНЫСТАРЫН ПІШІН ТҮРІНДЕ СУРЕТТЕР. ІІІ баптан тұрады (Диаграм мен график деген не нәрсе? Шама байланыстары және функция (берне). 

V БӨЛІМ  VІІ баптан тұрады ( Бірінші дәрежелі теңдеулер; Бірінші дәрежелі бір белгісізді теңдеулерді шығару (сызықтық теңдеу); Бірінші дәрежелі екі белгісізді теңдеулерді шығару (жазықтықтың теңдеуі); 3 яки онан да көбірек белгісіздерге ие болған бірінші дәрежелі жүйелі үш, яки онан көп теңдеулердің шешімі (кеңістіктің теңдеуі).

VІ БӨЛІМ. ДӘРЕЖЕЛЕР МЕН ТҮБІРЛЕР. VІІІ баптан тұрады (Дәрежеге сатылау; Түбір (  ); Екінші дәрежелі есептің түбірлерді табу; Есептік текше түбір шығару жолдары (  ); Радикалдардың өлшемсіз мәндері; Жалған яки күмәнді сандар (теңдеуді қанағаттандырмайтын шешім).

VІІ БӨЛІМ. ЖОҒАРЫ ДӘРЕЖЕНІҢ ТЕҢДЕУЛЕРІ. VІ баптан тұрады (Шаршылық теңдеулер(квадратное уравнение).

VІІІ БӨЛІМ. ТЕҢДЕУЛЕР ЖӘНЕ КӨМЕСКІ ТЕҢДЕУЛЕР. ІІ баптан тұрады (Теңсіздіктер; Көмескі теңдеулер).

ІХ БӨЛІМ. ДӘУІРЛЕУЛЕР (прогрессия). ІІ баптан тұрады (Есеп дәуірлеуі (прогрессия).

Х БӨЛІМ. ҚҰРАМАЛАР. НЬЮТОН ҚОС МҮШЕЛІГІ ЖӘНЕ ҮЗДІКСІЗ БӨЛШЕКТЕР. ІІІ баптан тұрады.

ХІ БӨЛІМ. ЛОГАРИФМДЕР. ІV баптан тұрады.

ХХ ғасырдаң басында әлі ғылым жетіле қоймаған қазақ қоғамында,  Қ.Сәтбайдың «Алгебра» оқулығын жазып шығуы оңай шаруа емес еді. Қалыптасқан жағдайды терең түсінген А.Байтұрсынұлы жетекшілік еткен Халық ағарту комиссариатының негізгі тапсырысы «орыс тіліндегі ғылыми еңбектерді сапалы аудару» керек дейді.

Меніңше, Қ.И.Сәтбай бұл оқулығында орыс математигі А.П.Киселевтің «Алгебрасын» тиісінше аударып, оны өзіне негізгі көрсеткіш, бағыттаушы құрал ретінде пайдаланған. Себебі, А.П.Киселевтің «Алгебрасы» мен Қ.И.Сәтбайдың «Алгебрасы» арасында, әсіресе мазмұнында (мазмұнын жоғарыда көрсетіп өткендей) ұқсастықтар өте көп. Бұған қарап, Қ.Сәтбай өз «Алгебрасын» еш өзгеріссіз сол күйінде А.П.Киселевтен аударыпты деп айту қате пікір болған болар еді.

Қ.Сәтбай өз еңбегінде қазақтың ұғымына түсініксіз сөздерді, терминдердің қазақша баламасын тауып, жай есептерге, әсіресе «мәселе» есептерге «шекпен жауып» қарапайым ұғыммен құлпырта аударып, қазақшалаған. Мәселен, V бөлімінің, «Бірінші дәрежелі бір белгісізді теңдеулерді шығару» деп аталатын ІІ бабында мына төмендегі «мәселе» есептерді құрастыра отырып, теңдеу құру арқылы шығару керектігін айтады:

"Үш тұяқ күмістің салмағын бір қоссақ, 33 қадақ болады. 1-ші тұяқ қалғандарынан үш қадақ ауыр. Тұяқтардың әрқайсысының салмағы неше қадақтан болғаны?

Екі ауылдың қойларының жалпы саны – 220, егер де 1-ші ауыл 2-ші ауылға – он төрт қой берсе, екі ауылдың қойы теңесер еді, әр ауылда неше қойдан болған еді?

Саудагер бар пұлын 2760 теңгеге  сатқанда, барлық 15% пайда табады. Пайдасы қанша болғаны?" [1, 177] (Оқулықта рим және араб цифрларынан кейін «–ыншы», «–інші» қосымшалары жалғанған. Ә.Ө.),- деген сияқты мәселе есептер көптеп кездеседі.

Бірінші есепте «тұяқ» сөзі мен «қадақ» сөзін қолданады. Қазақтың түсінігінде  –  «тай тұяқ», «қой тұяқ» деген ұғым бар. Ал, бұл жерде, «үш тұяқ күмістің салмағы» деп отырғаны «қой тұяқ». Көлемі (формасы) қойдың үш тұяғындай күмісті салыстырмалы түрде айтып отырғаны. Ал, екі жүз грамға тең салмақ өлшемін қазақтар «қадақ» деп атаған.

Қ.Сәтбай ХІХ-ХХ ғасырлардағы, тіпті әлі күнге дейін кездестін «қарыс (19-20см)», «үш торсық су (2,5 литр)», «сүйем (17-18см)», «елі (2см)», «қадақ (200гр)» сияқты өлшем атауларын қолдана отырып, мәселе есептерді қазақтың психологиясына, салт-дәстүріне сай ете отырып құрастырған. Автор екінші есепте, есептің басты нысанасын «қой» деп алады. Ол «қойды» мысалға ала отырып мәселе есеп ұсынады. Бұл «мәселе» есептен қазақтың санасында «төрт-түлік» малдың қаншалықты маңызды рөл атқаратынын біле аламыз. Үшінші есепте, «саудагер» деген ұғымды береді. «Саудагер» сөзі қазақтың түсінігінде ХІХ ғасырдың өзінде-ақ ерекше орын алғандығын көрсетеді.

Автордың мына бір, яғни «теріс сандар» деп аталытын тақырыпты түсіндіруіне назар аударайықшы: "Егер екі адамның бірінде мүлік те, борыш та жоқ болса, 2-шінің мүлкі жоқ, бірақ, 30 сом борышы бар болса, мүлікті дұрыс, борышты – теріс шама деп есептесек, әуелгі адамның шаруа қалпын «0» сандық деп, екінші адамның шаруа қалпын – 30 сомдық деп санауға болады" [1, 24],-  дейді автор. «Оң сан» мен «теріс санды» түсіндіргенде оң санды – «мүлік» деп, теріс санды – «борыш» (қарыз) деп алуы оқушының ұғымына өте түсінікті жайт. Сонымен қатар, тағы бір «Көпмүшелікті көп мүшелікке бөлу» деген бөлімінде [1, 72] теңдеуді автор жоғары оқу орнының бағдарламасы бойынша шешкен. Бірақ, бұлай шешу – теңдеуді шешудің ең оңай жолы болып қарастырылады. Ал, қазіргі мектеп бағдарламасында мұндай күрделі теңдеуді қиын жолмен шешеді де, жоғарыдағы шешу жолын жоғары оқу орнына барғанда ғана біліп жатады. Менің ойымша, осы, Қ.Сәтбайдың нұсқасын мектеп бағдарламасына енгізгеніміз дұрыс болған болар еді.

Яғни, қиын есептерді оңай жолмен шешу әдісін көре отырып, Қ.Сәтбайдың оқулықтағы есептерді оқушының ұғымына  соншалықты жеңіл, соншалықты түсінікті етіп бергендігіне ризашылық сезіммен еріксіз таң қаламыз.

Демек, Қ.Сәтбай өзінің «Алгебра» оқулығындағы көптеген есептерді қазақтың психологиясына, мәдениетіне, менталитетіне сай ете отырып,  оңайдан жеңілге қарай есептерді неғұрлым оңай жолмен беруді алдына мақсат етіп қойғаны көзге айқын білінеді.

Тек «мәселе» есептерде ғана емес, сонымен қатар, кесте, график, диаграмма сызуда да қазақша ай, күн, жыл аттары мен қала, ауыл аттарын қатар беріп отырған:

"Қазақстанның төменгі жерлерінің жылдық орта жылылығы ай басына жіктегенде мына түрде болады екен:

Ай аты Семей Ақмола Қырғыз Теке
Қаңтар -17,9˚ -18,7˚ -16,8˚ -14,5˚
Ақпан -17,7˚ -18,1˚ -15,3˚ -13,9˚
Наурыз -8,5˚ -9,7˚ -6,7˚ -3,9˚
Көкек +2,7˚ +1,3˚ +7,0˚ +4,7˚
Мамыр +13,8˚ +12,7˚ +17,5˚ +16,0˚
Маусым +20,0˚ +17,6˚ +22,2˚ +22,3˚
Шілде +22,5˚ 20,6˚ +24,7˚ +22,3˚
Тамыз +19,3˚ +17,8˚ +23,0˚ +20,8˚
Қыркүйек +13,2˚ +11,6˚ +15,6˚ +14,0˚
Қазан +4,3˚ +2,0˚ +5,5˚ +6,9˚
Қараша -8,8˚ -8,5˚ -4,9˚ -3,9˚
Желтоқсан -13,6˚ -14,9˚ -12,5˚ -9,0˚

Осы есепті қолданып, көрсетілген төрт окрүктік жылдық ауа жылылығының айлық өзгерістерінің графиктерін жасау керек" [1,126],- деп көрсетеді. Осындай есептерді көре отырып, біз, Қ.Имантайұлының «Алгебрасын»  А.П.Киселев  «Алгебрасының» аудармасы деген тұжырым жасасақ,- ол ойымыз түп тамырымен  қате пікір болған болар еді.

Қ.Сәтбай алгебраны өмірмен тығыз байланыстырғаны өз алдына, ол алгебраны басқа ғылым салаларынан бөліп-жармай, үнемі байланыстырып отырады. Оны автор тікелей айтпаса да белгілі бір тақырыпты түсіндіргенде оқушының түсінуіне оңай болуы үшін басқадай пәндермен (ғылым) байланыстыра отырып түсіндіреді. Мысалы,

"Адам өміріндегі барлық өзгерістер, табиғаттағы түрлі көріністердің бәрін байқасақ, үнемі біріне бірі байлаулы тетікті болып отырмақшы. Өмірдегі күштің бірін өзгертсек, басқалары да белгілі ретпен өзгеріп отырмақ. Табиғат өзгерістерінің тәртібін, адам өміріндегі, айналадағы болып жататын түрлі көріністердің, шама байланыстарын тауып, өзгерістердің тетігін ашып, "теңдеу" түріне, не функция ретінде тәртіпке әкеліп зерттеп отыру, қай ғалымның болсын негізгі мақсатының бірі. Соңғы уақыттағы өнердің дәуірлеуі: алдымен табиғаттағы осындай шама көзімен қараудан туып отырғандығы мәлім" [1, 168],- деген сөзінен-ақ, Қ.Сәтбайдың барлық ғылымдар саласы бір-бірімен тығыз байланыста екенін айтқанын білеміз. Қарапайым сөзбен түсіндірсек, жер шары біреу, аспан әлемі біреу, табиғат та біреу және табиғи факторлар бір-бірімен тығыз байланыста. Сондықтан да ғылым түрлері де бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүреді. Барынша қарапайым және ғылыми негізі өте терең тұжырым.

Меніңше, Қ.Сәтбайдың «Алгебрасы» ең бірінші мұғалімдер үшін жазылған көмекші оқу құралы. Себебі бұл оқулықта «алгебра дегеніміз не?» дегеннен бастап, алгебраның бүкіл тақырыптарын, оның ережелерін түсіндіре отырып, бірнеше мысалдар келтірген. Тақырыпты тереңдете түсіндіру үшін оқулық авторы оқушының өзі шығаруына қосымша есептер бермеген. Сондықтан да, Қ.Сәтбайдың «Алгебра» оқулығын белгілі дәрежеде дайындығы бар мұғалімдерге, мүмкін кейбір ізденушілерге арналған қосымша оқу құралы деп ойлаймыз.

Математика ғылымы арифметика, алгебра, геометрия секілді салаларға бөлінетіні белгілі. Бұл оқулықтың «Алгебра» аталуының өзі оқулықтың толықтай мазмұнын ашып тұр. Қ.Имантайұлы оқулықтың басында: "Густов Ньютон дейтін ғалым алгебраны «сандардың жалпы жүйесі» (всеобщая арифметика) деп анықтаған. Бұл арадан алгебраның көздейтін мақсаты:

  • сандардың жалпы құрылу ережелерін көрсету;
  • әртүрлі ұқсас есеп мәселелерінің жалпы шешу тәсілдерін қарастыру" [1,9],- деп, бастамасында Ньютонның сөзін береді. Ал, 10 томдық "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясында: "Алгебра ( араб. әл-джәбр) – математиканың теңдеулерді шешу жөніндегі есептерге байланысты дамыған негізгі бөлімдерінің бірі" [3, 257],- делінеді.

  Ал, Қ.Сәтбай өз оқулығында алгебраның негізі, яғни сандармен жұмыс істеу арқылы және теңдеу арқылы есепті шешу жолдарын қарастырады.

Қазіргі таңдағы мектеп бағдарламасындағы «алгебра» оқулығы 7-сыныптан бастау алады. 7-сыныпқа дейін жалпы математиканы оқып, 7-сынып пен 11-сынып аралығында «алгебра», «геометрия» деп бөліп оқып қарастырады. Ал, Қ.И.Сәтбайдың «Алгебра» оқулығында қазіргі 5-сыныптың бардарламасынан бастау алған. Мысалы, «Дұрыс және теріс сандар», «Сандар орнына әріп енгізудің себебі – түйіндес есептердің жалпы шығару тәсілдерін көрсет», «алгебраның амал белгілері» сияқты тақырыптардан тұратын І бөлімі қазіргі 5-сынып математикасы бардарламасы десек, «Дұрыс және теріс сандар», «жол формуласы: S=VT», «Бөлшек есептер», «Процентпен берілген есептер» 6-сынып математикасының бағдарламасында бар тақырыптар. Қ.Сәтбайдың бұлай алгебраға жалпы математиканың тақырыптарын беруі, ол оның білмегендігі емес. Керісінше, жоғарыда   математика ғылымы іштей салаларға бөлінетінін Қ.Сәтбаев терең білген. Сол себепті де ол, жаратылыстану ғылымы әлі жетілмеген қазақ қоғамына «Алгебра» оқулығын осылай, қазақтың ұғымына сай етіп жазып, жеткізу өте қажет деп есептеген. Бұл оқулықтың ең басты ерекшелігі «оңайдан қиынға» қарай жүріп отыруында. Оқулық өте түсінікті, жатық, термин сөздердің қазақшаланған нұсқасымен жазылған. Бұл – сол кезеңде оқулықтардың барлығына, әсіресе, жаратылыстану пәндері оқулығына тән негізгі белгі еді. Жоғарыда айтып өткендей, Қ.Сәтбай аталмыш оқулығын жазуда А.П. Кеселевтің «Алгебра» оқулығын өзіне бағдаршам ретінде пайдаланғанын айтып өттік. Себебі, оқу ағарту ісі енді қолға алынып жатқан сол кездегі қазақ қоғамы үшін, уақыт сынынан өткен, ғылыми негізі жоғары жаратылыстану пәндері оқулықтарын орыс тілінен қазақи ортаға бейімдей аудару – табиғи үрдіс еді. Қ. Сәтбай да өзінің «Алгебра» оқулығын жазуда осы үрдістен аттап кете алмады.

1924 жылы жазылған бұл еңбекте қазақша баламаланған 120 дан аса терминдерді кездестіреміз. Бүгінгі таңда «нақты ғылымдар қазақшаланбайды» деген пікір бар. Ия, ол бүгінгі таңдағы пікір. Ал, ХХ ғасырдың басында Қ.Имантайұлының терминдерді қазақшалауы сол заманның, тіпті сол кездегі қазақ қоғамының талабы болды.

Өз ұлтын, тілі мен салт-дәстүрін жан-тәнімен сүйіп туған тілі – қазақ тілінің ғылым тіліне айналуына барынша мүдделі болған сол кездегі Алаш зиялыларының ғылыми терминді қазақтың ұлттық болмысы мен түсінігіне сай қазақшаға аударуы – табиғи сұраныс және қажеттілік еді.

Бүгінде елімізде «Рухани жаңғыру», «Кирил әліпбиінен латын әліпбиіне көшу» деген сияқты заман талабына сай өзгерістер еніп жатқанда, қазақ ғылымында да өзгерістер болуы керек сияқты. Егер, осы бастан қазақ ғылымындағы термин сөздерді қазақшаға баламаласақ, қазақ тілінің «ғылым тіліне» жетіле түсіп, жылдамдайтын еді. Бұл менің жеке пікірім.

А.Байтұрсынұлының сөз өнеріндегі (әдебиет), лингвистикадағы (тіл білімі) термин сөздерді қазақшалағаны секілді, Қ.И.Сәтбай да арифметикадан (есеп жүйесі) бастап, барлық терминдерді қазақшаға келтірген. Мысалы, бөлшек (дробь), әлпет (выражение), шама (величина), өрнек (формула), дәреже (степень), түбір (корень), қоршау (скобки), тік қоршау (квадратные скобки), сан өсіргіш (коэффициент), ортақ ең үлкен бөлгіш (общий наибольший делитель), түйін (теорема), берне (функция), диағрамм (диаграмма), сызба (график), есеп (задача), қондырма тәсілі (способ подстановки), салыстыру тәсілі (способ сравнения), алу тәсілі (способ вычитания), дәуірлеу (прогрессия), еселі өсімдер (сложные проценты), т.б. көптеген терминдер қазақшаланған.

Қорытындылай келе, Қаныш Имантайұлы Сәтбайдың «Алгебра» оқулығы ХХ ғасырдың басында қазақтың түсінігіне сай, қазақша терминдермен, кез-келген есепті жеңіл жолмен беруімен ерекшеленетін және математиканы жеке ғылым саласы деп бөліп жармай басқа ғылым салаларымен бірге қарастыра отырып жазылған құнды еңбек һәм қазақ ғылыми математиканың бастауы болып табылады, - деп ойымызды тұжырымдаймыз.

Бүгінгі таңдағы біздің мектеп бағдарламасындағы оқып жүрген «Алгебра» оқулығымыздың да бастауы осы Қ.Сәтбайдың «Алгебрасында» жатыр деп айтуымызға да толықтай негіз бар екендігін жоғарыда атап өттік.

1947 жылы Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғылымына Ұлыбританияның экс премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап: «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?», - деп сұрапты. Сонда академик Қ.Сәтбай: «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік»,- деп жауап береді. Бұл сөзінен Қ.Сәтбайдың өз халқын соншалықты сүйгендігін, соншалықты қадірлейтіндігін байқауымызға болады.

Бүгінде, артына өшпестей із қалдырған Қ.Сәтбайдың У.Черчилльге айтқан сөзі шынға айналды десек те болады. Расында да, қазақ ғылыми математикасының негізін салып, оны әлемдік деңгейге көтерген Ә. Ермеков, О. Жәутіков, М. Өтелбаев, Асқар Жұмаділдә секілді қазақтың кәсіби ғалым-математиктерінің қалыптасуына ұлы тұлға геолог-ғалым Қ.И.Сәтбай жазған «Алгебра» оқулығының игі әсері болғандығына сеніміміз кәміл.         Өйткені, қазақ «Алгебрасының» қайнар көзі ХХ ғасыр басында Қ.Сәтбай жазған «Алгебра» оқулығынан бастау алады. Бұл – ақиқат!


Әсем  ӨСКЕН,

 Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,

филология факультеті, қазақ тілі

мен әдебиеті мамандығы,

1 курс магистранты


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Сәтбаев Қ.И. Алгебра. Оқу құралы: 1924 / Жалпы редакциясын басқарған: академик Өтелбаев М.; латын қарпіндегі нұсқасынан даярлағандар: Тұнғатаров Ә.Б., Қашқынбаев О.Қ., Ибатов А.И., Мырзатаева Қ.Р. Жапсарбаева Л.Қ., Алдай М., Абылаева А.М., Әбдіқалықова З.Т.; араб қарпіндегі нұсқасымен салыстырған: Мықтыбек Д. / – Астана: ЕҰУ баспасы, 2009, - 442б.
  2. ҚАНЫШ СӘТБАЕВ. Энциклопедия. / Бас. ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. – 664 бет+40 бет түрлі түсті суретті жапсырма.
  3. "Қазақстан". Ұлттық энциклопедиясы / Бас ред. Ә.Нысанбаев.  – Алматы: "Қазақ энциклопедиясы"Бас редакциясы, 1998. – 720 бет.
  4. Қамзабекұлы Д. Алаш арқауы (зерттеу мақалалар). – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» баспасы, – 2017. – 408 бет.

 

 

 

 

 

Пікірлер